Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Қорықшыларға қос катер тарту етілді

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғатты қаскөйлерден қорғау – маңызды шаруа. Оңай олжаға көз тігіп, қол салатындар табиғат байлықтарына ғана емес, оны қорғаушы қорықшылардың өміріне қауіп төндіріп жүргені белгілі. Осы орайда қорықшыларды қажетті құралдармен жан-жақты қамтамасыз етіп, жұмыс барысында ұтқырлығын ұштай түсудің маңызы зор.

Қорықшыларға  қос катер тарту етілді

 

Мұнайлы өлкедегі Қызыл­сай мемлекеттік өңірлік таби­ғи паркі Маңғыстау облысы­ның табиғи ресурстар және та­би­ғат пайдалануды реттеу бас­қар­ма­сына қарайды. «Қызыл­сай» мекемесінің қызметі – тиісті ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тардағы жануарлар дүниесі мен өсімдік түрлерін қорғап, қор­ша­ған ортаның бүлінбеуі мен браконьерлерге қарсы жұмыстар жүр­гізу. Мекеменің құрамында бір өңірлік парк және жергілікті маңыздағы алты қаумал бар. Солардың бірі – Каспий теңізі­мен шектесетін «Адамтас» қау­малы. Шектеу аумағы – 38 ша­қырым. Теңізге енген арал 0.4 аумағы бойында орналасқан. Аумаққа Кендірлі мүйісінің сол­­­­түстігіндегі ұсақ аралдар кі­ре­ді. Аталған аралда және те­ңіз аумағында республикалық дәрежедегі Кендірлі демалыс ор­ны орналасқан. Бұл аумақтар Қызыл кітапқа енген итбалықтың шоғырланған аумағы және балықтар мен ерекше кездесетін суасты өсімдіктері бар. Құстар үшін көктемгі және күзгі мез­гілдерде ұшып келу және ұшып кету мекені. Алайда, қазіргі таң­да қаскөйлердің теңіз арқы­лы арнайы қайықтармен келіп, балықтарды заңсыз аулау фак­тілері көрініс тауып отыр. Өкі­ніштісі, бұл тек бүгіннің емес, бертінге дейін жалғасын тауып келе жатқан қылмыс. Инс­пекторлардың қарсы тұруына ар­найы техникалардың болмауы қолбайлау болып келді. Яғни, аталған аралда табиғат бай­лық­тарын қорғау су көліктерін көптен бері қажет етіп келген болатын. Жаңалыққа «Теңізшевройл» ЖШС-мен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде қол жетті. Атал­ған компания «Қызылсай» мем­лекет­тік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік меке­месіне теңізде тез жүргіш екі ка­терді сыйға тартты. Басқару тақтасы алюминийден жасалған Kazboat маркалы кемелердің әрқайсысының сыйымдылығы 500 килоға дейін жүк көтере алады. Енді табиғат қорғаушыларға күннің ыстығы мен суығына қарамай өз қызметтерін алаңсыз атқаруға жағдай жасалды. Ком­­панияның бұл табиғат қорғау­шыларға алғашқы көмегі емес екен. Маңғыстау об­лы­сы­ның таби­ғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС ара­сындағы жемісін берген келіс­сөздер алғаш рет 2019 жылдың 22 тамызында бастау алған. Ол кезде «Теңізшевройл» ЖШС «Қызылсай» мекемесіне 7 вагон-үй, 22 фототұзақ пен 2 дрон сыйға тартыпты.

Бұл жолы катерлерді табыс­таған шара Ақтау қаласы «Бриз» яхта клубының аумағында өтті. Облыс әкімдігінің, аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы, экология департаменті, «Қызылсай» мекемесі, Батыс айма­ғы Каспий теңізіндегі мем­лекеттік шекара қызметі 22/01 А әскери бөлімі, табиғат пайдаланушылар, балық шаруашылығы қауымдастығының өкілдері қатысқан шарада Маң­ғыстау об­­лысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков қорықшыларға қол ұшын берген және әлеуметтік тұрғыда өңірдің тұрмыс жағдайы мен табыс көзіне аса мән беріп, біршама қызмет атқарып жүр­ген «Теңізшевройл» компаниясына алғысын білдірсе, «Теңіз­шевройл» ЖШС Үкімет және жұрт­шылықпен байланыс бөлі­мінің бас менеджері Ризабек Арты­­ғалиев екіжақты келісім мен таби­­ғатты қорғаудың маңызын сөз етті.

– Былтыр құны 45 млн теңгені құрайтын құрал-жабдықтарды сыйға тарттық. Біз өзіміз сыйла­ған жабдықтардың пайдасы туралы естіп, қуанып қаламыз. Өңір­дегі экожүйені сақтауға атсалысу біз үшін де маңызды, – деді Р.Артығалиев.

Заңды белінен басып, табиғат­қа арам қолын араластыратын қаскөйлерге қорықшылар енді қос катермен қарсы шықпақ. Бұл – өңірде экожүйені сақтаудың сапасын арттыра түсетін болады.

 

Маңғыстау облысы