Қазақстан • 25 Ақпан, 2020

Денсаулық сақтау министрлігі Токиодан ұшып келген жолаушылардан кешірім сұрады

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі 24 ақпан күні Scat әуе компаниясының ұшағымен Токиодан ұшып келген жолаушылардан кешірім сұрады. Бұл туралы министрліктің Facebook парақшасында жарияланды.

Денсаулық сақтау министрлігі Токиодан ұшып келген жолаушылардан кешірім сұрады

Министрліктің мәліметіне сәйкес, Токиодан ұшып келген жолаушылар 14 күнге карантинге жатқызылған. Мұндай төтенше санитарлық-карантин шарасы коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған-ды.

«Аталған инфекция бүгінде қоғам денсаулығына қатер төндіріп отыр. Айта кету керек, бұл шешім барлық талаптарға сай, қысқа мерзім ішінде қабылданды. Қазіргі таңда барлық жолаушылар тәулік бойы дәрігерлердің бақылауындағы медициналық мекемеде жатыр. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Олардан сынама алынып, Алматыдағы Айқымбаев атындағы қауіпті инфекцияларды зерттейтін Ұлттық ғылыми орталыққа жөнелтілді», деп жазды министрлік.

Еске сала кетейік, кеше жапондық Diamond Princess лайнерінің бортында болған Қазақстанның 4 азаматы Қазақстанға оралды. Олар Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы корпусқа жатқызылған болатын. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелмегенін хабарлады.