Қазақстан • 25 Ақпан, 2020

Су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте - Ерлан Тұрғымбаев

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласының басқару штабымен «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіле бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

Су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте - Ерлан Тұрғымбаев

Министрдің айтуынша, су тасқыны қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Бұл өткен 3 жыл ішінде 437 елді мекенде су басу қаупін болдырмауға және 287 елді мекенде су басу қауіп-қатерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Материалдық-техникалық жарақтау бойынша Жол картасы шеңберінде 900 бірлік техника, оның ішінде мотопомпалар, жүзу құралдары, жол талғамайтын құралдар сатып алынды.

«Жалпы, биыл су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су қорғау аймақтары шегінде орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орындалмай жатыр. Бұл өте шығынды іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істелінбесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін», - деді Е. Тұрғымбаев.

Сондай-ақ ол 2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске асырылмай қалғанын айтты.

«2020 жылы 132 іс-шараның іске асырылмау қауіпі бар, солардың 53 іс-шарасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаражат қарастыруды, 2020 жылы Жол картасының барлық іс-шараларын аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды және аумақтарды дамыту жоспарлары шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны қауіп-қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынады», - деді министр.