Қоғам • 25 Ақпан, 2020

Бүкіл әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай айлық шара басталды

1419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орайы келіп тұрғандай айта кеткен жөн, Қазақстанда туберкулез ауруы  бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы байқалады. Соңғы 10 жылда ТБ ауруы 2,3 есеге төмендеді: 2009 жылы  бұл көрсеткіш  100 мың адамға – 105,3 болса, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда – 45,6 болды.

Бүкіл әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай айлық шара басталды

Туберкулездің таралуы (жаңа жағдайлар мен рецидивтер) 2019 жылдың  қорытындысы бойынша 100 мың тұрғынға 65,4-ті  құрады. Өлім-жітім көрсеткіші (2019 жылы 100 мың адамға шаққанда – 2,0 )  6 есеге төмендеді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша белсенді туберкулезбен диспансерлік есепте 13894 адам тұр, бұл 2018 жылға қарағанда 813 адамға  аз (14 702). Қазіргі уақытта туберкулезбен күрес жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бекітілген 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезбен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде іске асырылып отыр.

Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностика жасау және емдеу тегін және мемлекет  тарапынан толығымен қаржыландырылады. Сондай-ақ туберкулезді  ТБ-ға  қарсы ұйымдар деңгейінде ерте анықтау үшін Бастапқы медициналық-санитарлық көмек  (БМСК) желісінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диагностиканың ең заманауи әдістері енгізілген  және олар  2 сағат ішінде көптеген дәріге төзімділігі бар микобактериялар мен туберкулезді  (бұдан әрі-КДТ ТБ) анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан КДТ ТБ-мен ауыратын науқастарды бағдарлы  емдеуге тегін қол жеткізуді қамтамасыз еткен (99,6%) аз ғана елдердің қатарына жатады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты – 85%. 2016 жылдан бастап елімізде дәрілерге тұрақтылығы бар ТБ емдеу үшін ДДҰ ұсынған жаңа препараттар енгізіле бастады. Олардың арасында  қысқа мерзімде туберкулезді емдеуге мүмкіндік беретін емдеудің қысқа мерзімді сызбалары бар.

Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарлама туберкулезбен ауыратын адамдарды стигматизациялауға, кемсітуге және әлеуметтік оқшаулауға қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді біріктіруге ерекше назар аударып отырғанын қаперде ұстаған жөн.

Сонымен 24 ақпанда бүкіл әлем бойынша  Дүниежүзілік туберкулезге қарсы  күрес күніне  орай, 24 наурызға дейін айлық басталды. 2020 жылғы Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінің ұраны – «Туберкулезге қарсы күреске сенің де өз үлесіңді қосатын  уақытың келді!».

Дүниежүзілік   деңгейде  аталып өтетін бұл күннің маңызды мақсат-міндеті – мұның  абстрактілі  мәселе емес екенін, оның  кез келген адамға қатысы болуы мүмкін екенін, сондықтан акцияның табыстылығы әрбір адамның жеке позициясына байланысты болатынын Жер-жаһандағы барлық адамзат баласына түсіндіріп, үндеу жасау.