Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Солтүстік Қазақстан облысында «Көктем 2020» арнайы техникалық жаттығу өтті

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында «Көктем-2020» операциясы аясында Қызылжар, Шал ақын, Мамлют аудандарының ағын суға қарсы дайындық шаралары басқа облыстардан келген лауазымды мамандардың қатысуымен тексерілді.

Солтүстік Қазақстан облысында «Көктем 2020» арнайы техникалық жаттығу өтті

Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник Руслан Сахиев бастаған топ өз жұмыстарын алдымен Шал ақын ауданындағы дайындық шараларын тексеруден бастады. Олар қатардағы және офицерлік құрамның функционалдық міндеттерін, су тасқыны кезеңінде болжамды іс-әрекеттердің қандай болуы керектігіне назар аударды. Сонымен қатар су басу қаупі бар аумақтарда автономды жұмыс істеу мүмкіндігіне көңіл аудара отырып, қызметкерлерді жабдықтау мен «дабыл чемодандарының» жиынтығы ерекше тексерілді.

Осы ауданның аумағында облыс көлеміндегі ең үлкен «Сергеев су қоймасы» бар. Аудан әкімі Нұрлан Есімов тексерушілерге осы гидротехникалық құрылыстың жұмыс істеуі, су тасқыны кезіндегі жағдайы туралы айтып берді. Осы нысанның және аудан орталығы Сергеевка қаласы тұрғындарының құлақтандырылу жүйесі де тексерілді.

Сондай-ақ тексерушілерге жақын арада жолдарда болған қар кептелісі кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуге тартылған эвакуациялық пункт пен оның қалай жұмыс істегендігі туралы да айтылды.

Бұдан әрі тексерушілердің жұмыс тобы, жоспарға сәйкес, Қызылжар ауданындағы Есіл бойындағы Новоникольское селосына барып, су тасығанда мұнда қандай шаралар жасалатындығымен танысты. Ауылдық округтың әкімі Елена Захарова Есіл өзенінде жақында салынған көпірдің су тасқыны кезеңінде жұмыс істеуі туралы айтып, осы елді мекенді су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар туралы есеп берді.

Сонымен қатар тексерушілерге су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу, қауіпті аумақтардан қарды тасымалдау бойынша Қызылжар ауданы Бәйтерек селолық округі және Мамлют ауданы Мамлютка қаласы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Өрт сөндіру бөлімдерінің қару-жарағында тұрған және су тасқыны кезінде пайдалануға арналған су сорғыш техникалар да назардан тыс қалған жоқ. Өзінің сөзінде тексерушілер тобының басшысы Руслан Сахиев дайындық шараларының қанағаттанарлық деңгейде екенін атап өтті. Ол өткен жылдардағы осындағы авариялық-құтқару жұмыстарына қатысу тәжірибесін еске алып, техникалар мен адам ресурстарын оңтайлы пайдалану бойынша өзінің ұсыныстарын да айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы