Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда құқық қорғау органдарына «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» ЖШС-не және «Нурали Капитал», «Выгодный займ» микрокредиттік ұйымдарының иелері азаматтардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін, ақшалай қаражаттарын заңсыз иемденіп алу әрекеттеріне қатысты арыздар түсуде.
Аталған ұйымдармен 42 мың келісім-шартқа отырған 6 мыңнан аса азамат жүгінген. Полиция органдары олардың өтініштері негізінде 22 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ломбардтардың 1 менеджері мен 12 филиал директорлары жауапкершілікке тартылуда.
Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін процессуалдық прокурорлар бекітілген.
Алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін түрлі жарнамаларды белсенді түрде қолданғаны, олардың ішінде шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал блогерлерді пайдаланғаны анықталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жарнама жасауды жүзеге асырған және таратқан тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.