Әлем • 26 Ақпан, 2020

Еуропалық одақ: Басты мәселе – бюджетті бекіту

500 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Брюссельде Еуропалық одақтың алдағы бюджетін бекіту мәселесі қызу талқыланып жатыр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы пікірталас «қарт құрлық» үшін ерекше болмақ. «Брекситтің» ресми аяқталуы ЕО-ға да оңайға соқпайтын түрі бар.

Еуропалық одақ: Басты мәселе – бюджетті бекіту

 

Ұлыбританияның «қарт құр­лық­пен» қоштасуы Еуропа­лық одақтың қалтасына түсетін қаржыға кері әсер етті. Жыл сайын Ұлыбритания 12 млрд еуро көлеміндегі қомақты қа­ра­жатты шы­тырлатып санап беретін. Бұл – ЕО бюджетінің 11 пайызын құрайды. Енді алдағы 7 жылда одақ қазынасына түсуі тиіс 75 миллиард еуро дефи­цит­ке айналмақ. 2021-2027 жыл­д­арға арналған қаражат­тың бө­лінісі қалай жүрмек? Бюд­жет­тің көлемі қандай болмақ? Брюссельде осы мәселе қызу тал­қыланып жатыр.

Еуропалық комиссияның ұсы­нысы бойынша бюджет­тің көлемі Еуропалық одақ ел­­дері­нің ұлттық жалпы та­бы­сы­ның 1,11 пайызына тең болуы тиіс. Мұны құрлық­тың шы­ғы­сын­­­дағы және оңтүсті­гіндегі ел­­­­дер қолдап отыр. Алайда Ау­с­­­т­рия, Дания, Нидерланд және Шве­ция шенеуніктері бұл со­­­­м­а­­ның тым көп екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бюд­­­­­жет көле­мі ұлттық жалпы та­­­быс­­­тың 1 па­йызынан аспауы тиіс.

Еуропалық кеңестің пре­зиденті Чарльз Майкл Одақ қазынасына түсетін қара­жат 1,074 пайызды құраса, «өгіз де өлмейтінін, арба да сын­байтынын» айтады. Оның ұсы­нысы қабылданса, ЕО ел­дері алдағы 7 жылда 1,095 триллион доллар қаражат жұмсамақ.

Әйтсе де жаңа бюджеттің бекітілуі Германияға оңай ти­мей­тін түрі бар. Қазіргі таңда ЕО-ға келетін қаржының 19 па­йызын Германия төлеп отыр. Ұлыбританияның «қарт құр­лықпен» ат құйрығын үзісуі Германияға түсетін жүкті одан сайын арттырмақ. Яғни бюджет ұлттық жалпы табыстың 1 пайызын құрағанның өзін­де Одақтың қазынасына бұрын­ғыдан көп болмаса, аз қара­жат құймайды. Еуропалық комис­сияның жоспарына сүйенсек, Германияның үлесі 32,8 мил­лиард еуроға жетпек. Бұл қазіргі кезеңмен салыстырғанда 7,3 миллиардқа көп.

Брюссельде талқыланатын тағы бір мәселе – қазынаға түскен қаражатты бөлу. Жалпы, Еуропалық одақтың бюд­жеті негізінен үш бағыт­қа жұм­салады. Олар: ауыл шаруа­шы­лығы, өңірлік даму және ЕО шенеуніктері белгіле­ген ба­сым­дықтар. Кейінгілерінің қа­тарында инновация, қорғаныс, миграция және студент алмасу секілді салалар кіреді.

Қазынаға көп қаржы құйып отырған мемлекеттер бюджеттен бөлінетін ақшаны негізі­нен жаңа салаларға салуды жөн көреді. Өйткені Германия, Франция секілді бақуатты елдер ЕО қаражатына аса мұқтаж емес. Сондықтан бұған дейін іргесі бекіп, берік орныққан са­лаларға қосымша қаржы құй­ғаннан, «қарт құрлықтың» көмегін басқа бағыттарға жұм­сау тиімді. Алайда Шығыс блок­­тың елдері үшін басым ба­­ғыт­­тарға берілетін соманың қо­­мақ­ты болғаны қажет.

Жаңа бюджет жоспары бо­йынша өңірлерді дамытуға бөлі­нетін қаражат – 12 пайызға, ауыл шаруашылығына қатыс­ты қарас­тырылған ақша 14 па­йызға дейін азаймақ. Алда-жал­да бұл жоба қабылданып кет­се, «қарт құрлықтың» кедей мем­лекеттеріне оңайға соқ­пайды.

Бюджетке қатысты келесі бір мәселе – Одаққа мүше мем­­ле­кеттердің алатын үлесі­нің көлемі. Қазірге дейін Ұлы­бри­тания, Германия, Дания секілді ауқатты мемлекеттердің «қарт құрлықтың» ортақ қазы­насына төлегені алғанынан анағұрлым артық. Жалпы, мұн­дай үрдісті Еуропада «Тэтчер әсері» деп атап кеткен. Өйткені 1984 жылы Ұлы­британия ЕО-ға кіргеннен кейін бюджетке алғанынан көп қаражат құйған еді. Кейінірек бақуатты басқа мемлекеттер Ұлыбританиядан үлгі алды.

Енді «Тұманды Альбион» Еуропалық одақтан шыққан соң төлейтін және алатын қа­ра­­жат­тың көлемін бірдей ету мә­­селесі айтыла бастады. Әсі­ресе ЕО қаржысына тәуел­сіз Аустрия, Дания және Ни­дер­ланд секілді мемлекеттер бұрынғыдай қомақты соманы санап беруге құлықсыз. Онсыз да «Брекситтен» кейін бос қал­ған бюджет дефицитін толық­тыру жүгі осы ауқатты мем­­ле­кет­тердің мойнына түспек.

Еуропалық одақтың бюд­жетін бекіту және оны қарас­тыру – құрлықтағы кенже қал­­ған салаларды дамытуға ар­нал­­ған. Мәселен, бастапқыда Одақ­тың қаражаты негі­зінен ауыл шаруашылығына құйыл­­ған-тұғын. Кейінірек аталған сала көптеген елде аяққа тұрып кет­ті. Осылай­ша, ЕО бюджеті Одақ­­қа мүше мемлекет­тердің бір­ге дамуына жағдай жасап отыр.

Қорыта айтқанда, Еуро­палық одақтың бюджетін бекіту Брюссельде қызу талқыға түсіп жатыр. Еуропаның алдағы 7 жылда қалай дамитыны, қандай бағыт ұстанатыны осыған байланысты болмақ.