Ұлыбританияның «қарт құрлықпен» қоштасуы Еуропалық одақтың қалтасына түсетін қаржыға кері әсер етті. Жыл сайын Ұлыбритания 12 млрд еуро көлеміндегі қомақты қаражатты шытырлатып санап беретін. Бұл – ЕО бюджетінің 11 пайызын құрайды. Енді алдағы 7 жылда одақ қазынасына түсуі тиіс 75 миллиард еуро дефицитке айналмақ. 2021-2027 жылдарға арналған қаражаттың бөлінісі қалай жүрмек? Бюджеттің көлемі қандай болмақ? Брюссельде осы мәселе қызу талқыланып жатыр.
Еуропалық комиссияның ұсынысы бойынша бюджеттің көлемі Еуропалық одақ елдерінің ұлттық жалпы табысының 1,11 пайызына тең болуы тиіс. Мұны құрлықтың шығысындағы және оңтүстігіндегі елдер қолдап отыр. Алайда Аустрия, Дания, Нидерланд және Швеция шенеуніктері бұл соманың тым көп екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бюджет көлемі ұлттық жалпы табыстың 1 пайызынан аспауы тиіс.
Еуропалық кеңестің президенті Чарльз Майкл Одақ қазынасына түсетін қаражат 1,074 пайызды құраса, «өгіз де өлмейтінін, арба да сынбайтынын» айтады. Оның ұсынысы қабылданса, ЕО елдері алдағы 7 жылда 1,095 триллион доллар қаражат жұмсамақ.
Әйтсе де жаңа бюджеттің бекітілуі Германияға оңай тимейтін түрі бар. Қазіргі таңда ЕО-ға келетін қаржының 19 пайызын Германия төлеп отыр. Ұлыбританияның «қарт құрлықпен» ат құйрығын үзісуі Германияға түсетін жүкті одан сайын арттырмақ. Яғни бюджет ұлттық жалпы табыстың 1 пайызын құрағанның өзінде Одақтың қазынасына бұрынғыдан көп болмаса, аз қаражат құймайды. Еуропалық комиссияның жоспарына сүйенсек, Германияның үлесі 32,8 миллиард еуроға жетпек. Бұл қазіргі кезеңмен салыстырғанда 7,3 миллиардқа көп.
Брюссельде талқыланатын тағы бір мәселе – қазынаға түскен қаражатты бөлу. Жалпы, Еуропалық одақтың бюджеті негізінен үш бағытқа жұмсалады. Олар: ауыл шаруашылығы, өңірлік даму және ЕО шенеуніктері белгілеген басымдықтар. Кейінгілерінің қатарында инновация, қорғаныс, миграция және студент алмасу секілді салалар кіреді.
Қазынаға көп қаржы құйып отырған мемлекеттер бюджеттен бөлінетін ақшаны негізінен жаңа салаларға салуды жөн көреді. Өйткені Германия, Франция секілді бақуатты елдер ЕО қаражатына аса мұқтаж емес. Сондықтан бұған дейін іргесі бекіп, берік орныққан салаларға қосымша қаржы құйғаннан, «қарт құрлықтың» көмегін басқа бағыттарға жұмсау тиімді. Алайда Шығыс блоктың елдері үшін басым бағыттарға берілетін соманың қомақты болғаны қажет.
Жаңа бюджет жоспары бойынша өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражат – 12 пайызға, ауыл шаруашылығына қатысты қарастырылған ақша 14 пайызға дейін азаймақ. Алда-жалда бұл жоба қабылданып кетсе, «қарт құрлықтың» кедей мемлекеттеріне оңайға соқпайды.
Бюджетке қатысты келесі бір мәселе – Одаққа мүше мемлекеттердің алатын үлесінің көлемі. Қазірге дейін Ұлыбритания, Германия, Дания секілді ауқатты мемлекеттердің «қарт құрлықтың» ортақ қазынасына төлегені алғанынан анағұрлым артық. Жалпы, мұндай үрдісті Еуропада «Тэтчер әсері» деп атап кеткен. Өйткені 1984 жылы Ұлыбритания ЕО-ға кіргеннен кейін бюджетке алғанынан көп қаражат құйған еді. Кейінірек бақуатты басқа мемлекеттер Ұлыбританиядан үлгі алды.
Енді «Тұманды Альбион» Еуропалық одақтан шыққан соң төлейтін және алатын қаражаттың көлемін бірдей ету мәселесі айтыла бастады. Әсіресе ЕО қаржысына тәуелсіз Аустрия, Дания және Нидерланд секілді мемлекеттер бұрынғыдай қомақты соманы санап беруге құлықсыз. Онсыз да «Брекситтен» кейін бос қалған бюджет дефицитін толықтыру жүгі осы ауқатты мемлекеттердің мойнына түспек.
Еуропалық одақтың бюджетін бекіту және оны қарастыру – құрлықтағы кенже қалған салаларды дамытуға арналған. Мәселен, бастапқыда Одақтың қаражаты негізінен ауыл шаруашылығына құйылған-тұғын. Кейінірек аталған сала көптеген елде аяққа тұрып кетті. Осылайша, ЕО бюджеті Одаққа мүше мемлекеттердің бірге дамуына жағдай жасап отыр.
Қорыта айтқанда, Еуропалық одақтың бюджетін бекіту Брюссельде қызу талқыға түсіп жатыр. Еуропаның алдағы 7 жылда қалай дамитыны, қандай бағыт ұстанатыны осыған байланысты болмақ.