Өнер • 26 Ақпан, 2020

«Гамбург есебімен» бағаланған балет

180 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үздік қойылымдары мен тың премьераларын паш еткен «Астана Балет» театрының Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында жоспарланған гастролі Алматыда төрт күн бойы табысты жүріп өтті. Төрт күн бойы да Абай атындағы опера және балет театрының кассасы алдында билет таба алмай сеңдей соғылысып жүрген классикалық өнердің табынушыларына қосымша сатылым ұйымдастырылып, театр іші лық толып отырса, қойылымнан кейін де ғажайып өнердің әсерінен айыға алмаған көрермен көпке дейін тапжылмай тұрып қол соғып, тарағысы келмей, әр қойылыммен қимай қоштасты.

«Гамбург есебімен» бағаланған балет

 

Ұжымның негізгі бағыты – нео­классика мен заманауи хореография­ны бір актілі балетке тоғыстырған «Astana Ballet presents» бағдарламасы алғашқы күні-ақ алматылықтардың таңдайын қақтырды. Бір бағдарламаға біріктірілген үш балеттің екеуін Гер­мания мен Американың хореограф­тары «Астана балет» үшін арнайы қойған. Раймонд Ребектің «Өткенге саяхат» және Николе Фонтенің «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары», сондай-ақ Джордж Баланчиннің И.Бахтың музыкасына қойған «Кончерто Барокко» қойылымы заманауи балеттің барлық мүмкіндігін жан-жақты ашып көрсеткен жаңашылдығымен көрерменді бірден баурады. Шығармашылығында «музыканы көріп, биді есту» тұжырымын ұстанған Баланчиннің туындысы музыка мен бидің ғажайып үйлесімін көрсетті. «Кончерто Барокко» қойы­лымында Баланчин балериналарды алғаш рет сахнаға жеңіл, ықшам көй­лекпен шығарды. Балериналардың көзге үйреншікті костюмінің бірін­ші рет ер адамның жейдесімен ал­мас­тырылуының өзі би өнерінде қа­лыптасқан стандартты батылдықпен бұзып-жара алатынының белгісі еді. Сахнада ғажайып геометриялық өр­нектер сызған бишілердің өнерін санада қорытып үлгерудің өзі оңайға соққан жоқ. Бірақ «тіл атаулының ішін­дегі ең түсініктісі – өнер тілі», күр­делі техникаға құрылғанына қа­рамастан, қауырсындай жеңіл би қи­мылдары жүрек пен жүйкенің ең ке­ректі талшығын тауып алып, бойдағы сезімнің бәрін жанап өтіп жатыр. Бірде төбең көкке жеткендей, бірде құз­дан құлағандай, оттан алып суға, судан алып мұзға салғандай, толқу, тебірену, тітіркену сияқты алай-дүлей алмағайып сезімдер адамды бір сәт құрсауынан босатпайды. Сол себепті болса керек, әдепкі дәстүрлі бағыттың барлық өлшемін бырт-бырт үзген неоклассикалық бұл бағдарламаны балет сыншылары, хореографтар, бас­тысы, қарапайып көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. «Бұл ғажап өнер жарнамаға зәру емес, өйткені бұл – Баланчин. Осы жылдар аралығында труппаның қалай өзгергенін әртістердің, театрдың көркемдік жетекшілігі мен педагогтардың жанкешті еңбегінен-ақ байқауға болады. «Гамбург есебінің» ең биік көрінісі осындай-ақ болар! Басқаша атау мүмкін емес, Баланчинше билеп, көрерменнің көңілінен шығу оңай емес. Бұл ұжымның қолынан кел­ді», дейді Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Эдуард Мальбеков.

«Сөз жоқ, бұл Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызы зор оқиға. «Астана Балет» кәсіби деңгейдің биік үлгісін көрсетті. Бұл шағын қойылымдарда көрерменге әсер етудің титтей де жасанды тәсілі қолданылған жоқ, бірақ аса бай хореография мен батылдықты көрмеу, сезінбеу мүмкін емес» деп толықтырды әріптесінің ойын Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова.

Ал ертеңінде «Астана Балеттің» жетек­ші солистері Татьяна Тен, Қазбек Ахмедьяров, Айжан Мұқатова, Назерке Аймұхаметова, Сүндет Сұлтанов және Аңсаған Көбентай әлемдегі ең танымал ертегілердің бірі «Күлше қыз» туралы хикаяны баяндап берді. Екі бөлімді балетті қойған хореограф Надежда Калинина, Сергей Прокофьевтің тамылжыған музыкасын орындаған симфониялық оркестрге дирижерлік жасаған Арман Оразғалиев көрерменге аса ауқымды қойылым ұсынды. Қазақстан балет өнерінде мұндай үлкен премьера бұрын-соңды болмаған, оркестр үшін де күрделі партитуралардың бірінен саналады. Сценографиялық өнер саласының ең соңғы жетістігімен безендірілген сахна, сиқырлы хореография, би өнеріндегі биік шеберлік бұл ертегі-балетке өмір­шең тағдыр белгілеп, көрерменнің есінде ұзақ сақталатынын бір кеште дәлелдегендей. Театрдың ең беделді бишісінен бастап Қазақ ұлттық хорео­графия академиясының жасөспірім оқушысына дейін жұмылдырылған қойылым – ұлттық балет өнерінің бағындырған биік бір белесі. «Ал­ма­тыда өнер көрсету  бізге зор жауап­кершілік жүктейді, бір жағы, бұл тал­ғампаз көрерменнің алдындағы есеп беруіміз іспетті. Себебі болашақ кәсі­би мамандар Алматыдағы балет мектебінен түлеп ұшады. Мұнда біз­дің ұстаздарымыз қызмет етеді. Бұл қаланың көрермені де ерекше – зерделі, талғамы биік әрі зиялы», дейді театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

 

АЛМАТЫ