Парламент • 26 Ақпан, 2020

Қоғамдық кеңестер қызметі жанданады

1173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Nur Otan партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің қоғамдық кеңестер қызметі туралы кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Мәжіліс депутаты, осы палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізді.

Қоғамдық кеңестер қызметі жанданады

Отырыс барысында қоғамдық кеңестер қызметі жөніндегі заң жобасы талқыланды. Іс-шараға қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар мен халық­аралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Н.Әбдіров қоғамдық кеңес­тердің ел дамуындағы маңызына тоқ­тала келе, осы саладағы бірқатар кемші­лікті атап өтті. Депутаттың айтуынша, қоғамдық кеңестер ешқандай мемлекеттік мекеменің құзырына кірмей, дербес жұмыс істеуі тиіс.

«Қоғамдық кеңестер «жанындағы» бол­мауы тиіс. Бүгінда аумақтық барлық қоғам­дық кеңестер дұрыс аталады. Олар – облыс­тың, ауданның, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы­ның қоғамдық кеңестері», деді Н.Әбдіров.

Бұған мысал ретінде депутат Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесін мысалға келтірді.

«Егер қоғамдық кеңес атауында Денсау­лық сақтау министрлігі көрсетілсе, онда бұл – дұрыс емес. Ол министрліктің қоғамдық кеңесі бола алмайды. Аталған заң жобасымен жұмыс істеген бастапқы кезеңде-ақ қоғамдық кеңестердің қандай да бір мемлекеттік органның, әкімдіктің, министрліктің жанын­дағы болмауына мән берген едік. Ұйым аумақтың қоғамдық кеңесі немесе қандай да бір бағыттың қоғамдық кеңесі болуы тиіс. Айталық, Ішкі істер министрлігінде ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес емес, ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес болуы қажет», деп түсіндірді Н.Әбдіров.

Бұдан кейін сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин «Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды.

«Қоғамдық кеңестер консультативтік-ке­ңесші орган саналатындығын және өз қыз­метін тәуелсіз ұстаным негізінде жүзеге асы­ратынын назарға ала отырып, қоғамдық кеңес­тердің құрамын құруды жергілікті өкі­летті атқарушы органдарға, ал қоғамдық ке­ңес­тердің құрамын бекітуді жергілікті орган­дарға беру ұсынылды», деді вице-министр.

Д.Есиннің айтуынша, заң жобасына сәйкес, мәслихат әкімдік ұсынған қаты­су­шы­лар құрамын қабылдауға немесе қабыл­дамауға құқығы бар.

«Заң жобасында кеңестер қызметінің кейбір аспектілерін қаржыландыру туралы шешім де ұсынылады. Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық бастамамен қызмет атқарады. Қоғамдық кеңес қызметіне төлем жасау мәселесі шешілген. Бұған қоса, қазіргі уақытта қолданыстағы лауазымдар тізіліміне қоғамдық кеңес хатшысы лауазымын енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кеңсе тауарларын сатып алуға, жергілікті деңгейде қоғамдық бақылау жүргізу үшін кәсіби сарапшылар қызметіне төлем жасауға және өңір ішіндегі іссапарлар шығындарына қаражат қарастырылған», деді Д.Есин.

Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде түрлі деңгейдегі 234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Соның 18-і – республикалық дең­гейде. Осы кеңестердегі мүшелердің саны 3564 адамға жеткен.