Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған кездесуде «Protecting Business and Investments» жобасының кураторы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, сондай-ақ облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Атамекен» ӨКП және «Kazakh Invest « ҰК АҚ өңірлік өкілдігінің басшылығы қатысты.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдан бастап елімізде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Protecting Business and Investments» жобасы жұмыс істеуде. Осы уақыт ішінде инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі ондаған келісімге қол қойылды.
Ресей, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Германия, Беларусь, Нидерланд, Швейцария, Словакия секілді мемлекеттерден келген инвесторлар, сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сенім білдірді.
Жобаның тиімділігін заңсыз қосымша салық есептеу, жер қатынастары мен мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік кедергілерді қамтитын мәселелердің шешілуі растап отыр.
Өткізілген кеңес шеңберінде нейрохирургия және травматология саласында жоғары технологиялық имплант бұйымдарды өндіруді жүзеге асыратын Беларусь Республикасының инвесторы «Қазмедбиотех» ЖШС, сондай-ақ газ толтыру стансаларын салумен айналысатын «Port Impex» ЖШС жергілікті инвесторымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қол қойылды.
М.Мұхамбетовтің айтуынша, алдағы уақытта да инвесторлардың қызметіне кедергі келтірудің әрбір фактісіне жедел және принципті түрде әрекет ету көзделіп отыр. Алдын алу шараларына назар аудара отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет инвестициялық жобаларға өзінің қатысуын бірден белгілейтін болады, бұл шенеуніктер үшін тежеуші фактор болуы тиіс.
АҚТӨБЕ