2019 жылы ел азаматтары автоХҚО арқылы 3,018 млрд теңгеге 12 658 ерекше тіркеу нөмірін сатып алған. Бұл қаржылай көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда жарты миллиард теңгеге кем. Онда қазақстандықтар 14 909 VIP нөмірі үшін 3,560 млрд теңге жұмсаған. Айта кетейік, ол уақытта мамандандырылған ХҚО-мен қатар ерекше нөмірлерді полицияның тіркеу-емтихан алу бөлімдері де рәсімдейтін.
Бүгінде ерекше сандар мен әріптердің тізбегін көп сатып алатындардың рейтингін Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларының тұрғындары бастап тұр.
Көлік иелері жаңадан сатып алған темір тұлпарына ерекше нөмірлерді мамандандырылған ХҚО немесе egov.kz арқылы онлайн тіркеу барысында таңдай алады. Сондай-ақ егер азаматтың бұрыннан VIP-нөмірі болса, жаңадан алған көлігіне алты ай ішінде сол нөмірді қайта рәсімдеуге құқығы бар.