Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Ақтауда «Адал көмек» акциясы басталды

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халық арасында «ANTIKOR ORTALYǴY» қызметін кеңінен насихаттау мақсатында, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағанын ескере отырып, қызмет көрсету орталықтарының базасында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін заңгерлік кеңестер беру мақсатында республикалық «Adal kómek» акциясы өз жұмысын бастады. Бұл туралы Маңғыстау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда «Адал көмек» акциясы басталды

Маңғыстауда «ANTIKOR ORTALYǴY» 20 ақпанда ашылған болатын. Қоғам өкілдеріне қызмет ететін осы орталық араға екі күн салып, өзінің тұңғыш келушілерін қабылдады, яғни «Adal kómek» акциясы осы алаңда бастау алды. Екі күннен соң азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізілді.

Еріктілердің қатарында Маңғыстау облысының адвокаттар алқасының төрағасы Сәулебаев Рашид Серікбайұлы және адвокат Ахметова Әлия Бақытжанқызы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы Қолдасов Берік Серікұлы және осы университеттің бір топ студенттері болды. Ал «ANTIKOR ORTALYǴY» тарапынан Департамент басшысының бірінші орынбасары Қаныбеков Серік Маханбетәліұлы қатысты.

Маңғыстау облысы көлеміне белгілі аса тәжірибелі адвокаттардың тәлімді әңгімесін, қызықты оқиғаларын, кәсіби ақыл-кеңесін тыңдаған болашақ заңгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын ортаға салып, толымды жауаптар алды.  

Азаматтық қоғам мен жастар арасында еріктілікті дамыту үшін ұйымдастырылған «Adal kómek» акциясы бұдан былай аптаның әр сенбісінде өткізіліп тұратын болады.

Маңғыстау облысы