Парламент • 27 Ақпан, 2020

Сот ісін жүргізу цифрландырылады

236 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараны жүзеге асыру қажет екенін айтты. Осы мақсатта Парламент Мәжілісінде сот жүйесін жаңғыртуға, артық сот рәсімдерін қысқартуға, озық электронды сервистерді енгізуге бағытталған заң жобасы қаралды.

Сот ісін жүргізу цифрландырылады

Сот рөлін жандандыру азаматтарды қорғауды күшейтеді

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған құжаттың жай-жапсарымен Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов таныстырды. Ол заң жобасы үш бағыттан тұратынын, біріншісі – соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру, екіншісі – азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншісі сот ісін жүргізуді цифрландыру екенін атап өтті.

– Бұл түзетулер біздің азаматтарға не береді? Соттарға «судья істі қарағанда ақ-қарасына терең үңілмейді», «неге тек ұсынылған дәлелдерді қанағаттандырып, шешім шығарады» деген сыңайда сын айтылады. Осыған себеп – қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің талабы. Кодекс бойынша судья ешбір жағдайда талап-арыз шеңберінен шықпауы тиіс, оны міндеттеп қойған. Тараптар нені талап етсе, тек сол мәселені қарап, тек сол мәселе бойынша ғана шешім қабылдауы керек. Өз бетінше басқа мән-жайларды анықтауға, өзге дәлелдерді сұратуға судьялардың еш құқығы жоқ. Азаматтық процестік кодексте судьяның қолы байлаулы. Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар. Ол – судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту. Әділ шешім қабылдау үшін дауды жан-жақты, бүге-шүгесіне дейін түсініп, анықтауы қажет. Судья процестік жағынан еркін болуы керек. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы қажет. Бұл – біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе. Аталған заң жобасын қабылдасаңыздар, сот жүйесін жандандыруға негіз болады, – деді Мейрамбек Таймерденов.

Баяндамашының айтуынша, заң жобасының тағы бір маңызды бағыты – сот төрелігін цифрландыру. Бұл салада біраз шаруа атқарылуда. Қазіргі таңда соттарға бүгінгі түсіп жатқан барлық талап-арыз бен шағымның 70%-ы электронды жүйеде қабылдануда. Ұсыныстарда бұйрық тәртібімен және оңайтылған тәртіпте қаралған істер бо­йынша тараптарды сот отырысына шақырмай-ақ, электронды форматта қарау ескерілген. Ал тараптардан шағым түскен кезде, мұндай мәселелер тікелей өздерін қатыстыруымен қаралады. Заң жобасында сотқа қатысушылар үшін жағдай жасайтын басқа да нормалар бар. Бүгінде электронды хаттаманы енгізу, сот процестерін қашықтықта, яғни әлемнің кез келген жерінде интернет арқылы қарау мәселесі қарастырылып отыр. Осы орайда 2019 жылы қанатқақты режімде 6 мыңнан астам азаматтық іс қаралған.

Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселеге назар аударды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот шешімдерінің сапасын жақсарту жөніндегі тиісті тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті.

– Бүгінгі заң жобасына сот істерін сапалы және ашық жүргізудің жаңа форматы енгізілді. Бұл формат сот жұмысын азаматтық процесті жеңілдетіп және жылдам қарауға серпін береді. Аталған заң жобасының ерекшелігі, судьяның азаматтық процестегі рөлінің парадигмасын түбегейлі өзгертеді. Егер осы уақытқа дейін судьялар істерді қарау кезінде бейтараптық принципін басшылыққа алса, қазір соттың іс жүргізу қызметі күшейе түседі. Бұл тәсіл азаматтық іс жүргізудегі халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді, – деді Нұрлан Нығматулин.

Істі толық және уақтылы қарау үшін судьяға тараптар дәлелдерінің негіздігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша шаралар қабылдау, тараптармен істің мән-жайын талқылау, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге ықпал ету, соттық тапсырмалар беру, заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етумен байланысты шығыстарды өтеуден босату, істердің жекелеген санаттары бойынша ресми өкіл-адвокатты тағайындау құқығы беріледі. Осы ретте Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин судьялардың өзін де, азаматтарды да осы жаңашылдыққа дайындаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Жоғарғы сот, өзге де мемлекеттік органдар аталған заң жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет. Өйткені халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі – кез келген қоғам дамуының маңызды аспектілерінің бірі.

 Қазақ-қырғыз қарым-қатынасын нығайтуға септеседі

Жалпы отырыстың күн тәртібінде депутат­тардың құптауымен бірқатар заң жобалары ратификацияланды. Алдымен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына қатысты ратификациялық заң жобасы қолдау тапты. Бұл құжатты көпшіліктің назарына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ұсынды.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттама 2018 жылғы 14 мамырда Сочиде жасалған.

Аталған хаттамада Қырғыз Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында өздерінің өткізу пункттерін жайластыру және материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша мерзімді Хаттама күшіне енген күн­нен бастап 48 айға дейін ұзарту ұсынылады. Қол­даныстағы редакцияда бұл мерзім 24 айды құ­райды.

Сонымен қатар бұл жиында депутаттар Қазақ­стан мен Қырғызстан арасындағы екі ел аума­ғында азаматтардың болу тәртібі туралы рати­фикациялық заң жобасын мақұлдады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақ­стан Республикасы азаматтарының Қырғыз Респуб­ликасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Хаттамада қос ел арасындағы ынтымақ­тас­­тық­тың құқықтық негіздерін құру, екі мемлекет аза­маттарына қолайлы жағдай жасауды көз­дейді. Сондай-ақ көші-қон саласындағы ұлт­тық заңнамаларды үйлестіру және жол жүру құ­жат-
тарын біріздендіру мақсатында тараптардың Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге арналған құжаттар тізбесінен 16 жасқа толмаған балалар үшін тараптардың азаматтығына жататындығын көрсете отырып, анықтама-жапсырмасы (суреті) бар туу туралы куәлікті алып тастау көзделіп отыр.

Бұған қоса алқалы отырыста Мәжілістің салалық комитеттері қылмыстық заңнаманы жетілдіру және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелеріне қатысты заң жобаларын жұмысқа алды.

 «Егеменнің» мақаласы депутат сауалына арқау болды

Жиын соңында мәжілісмендер әдеттегідей құзырлы органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Соның бірі депутат Марат Бопазов Балқаш көлінің экологиялық проблемасын көтерді. Ол бұл сауалына биыл 23 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Балқаш: бақ пен сор» атты мақаланың арқау болғанын айтты.

– Балқаш Арал теңізіне ұқсап экологиялық апат аймағына айналып барады. Соңғы 14 жылда бассейнге зерттеу жүргізілмей келеді. Көлдің деңгейі таулы мұздықтардың жылдам еруі мен трансшекаралық өзендердің, оның ішінде негізгілердің бірі – Іле өзені есебінен қоректенеді. Шекара маңының жағындағы Іле өзенінің бассейнінде 130-ға жуық гидроқұрылыс пен 13 су қоймасы салынды. Оның барлығы ұлғайып отырған егістік алқаптарына ғана емес, сондай-ақ салынып жатқан өнеркәсіптік объектілерге де бағытталған. Соның салдарынан Іле өзенінен су алатын Балқаш та қатты саяздана бастады. Балқаш көліне құятын өзендерден Іле өзенінің үлесіне шамамен 80% ағыны келеді. Сарапшылардың пікірінше, Тянь-Шаньдағы мұз ағынының ұлғаюына, Іле өзенінің су алу нормалары тіпті 10%-ға жоғарылауына қарамастан, Балқашты екі су қоймасына бөлу түріндегі апат орын алып, соның салдарынан шығыс бөлігінің кеуіп кетуі мүмкін. Балқаштың саяздануы көл түбіндегі тұздардың барлық аумаққа, соның ішінде Тянь-Шань мұздықтарына тарауына әкеп соғып, содан кейін олардың еруіне ықпал етеді. Нәтижесінде, тау өзендеріне аз су түседі, – деді Марат Бопазов.

Осы ретте депутат Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарына экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірқатар шара қабылдау қажет екенін айтты. Олар – елдер тәуелсіздік қағидаттарына негізделген ұлттық су стратегияларын іске асыратын Орталық Азия өңірінің трансшекаралық өзендері бойынша мемлекетаралық келісімдердің орындалуын талдау; зиянды шығындар мен төгінділерді азайту жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру жұмыстарын жандандыру; су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі мақсатты көрсеткіштерді орталық және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына енгізу.

Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар өңірлерді аралау барысында көз жеткізген жергілікті мәселелерді сауал ретінде Үкіметке жолдады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экономикалық және әлеуметтік салаларға қатысты мәселелер қозғалды.