Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновпен кездескендегі мақсатымыз отандық медицинаның жаңа бір белесі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізу барысы туралы біліп, оқырмандарды осы жайдан хабардар ету еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновпен кездескендегі мақсатымыз отандық медицинаның жаңа бір белесі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізу барысы туралы біліп, оқырмандарды осы жайдан хабардар ету еді.
– Серікбол Рахымқанұлы, соңғы кезде Денсаулық сақтау саласына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін енгізу туралы жиі айтылып жүр. Бұл тетіктердің енгізілуі саланың дамуына қалай әсер етеді?
– Әлемдік және отандық тәжірибелерді талдау, оның ішінде Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі шеңберіндегі жұмыс тәжірибесі жекеменшік ұйымдар басшыларының менеджмент дәрежесінің жоғарырақ екеніне көз жеткізіп отыр. Мемлекеттік тапсырысты жекеменшік ұйымдарда орналастырған кезде, олардың бюджеттік қаражатты ұтымды және орынды жұмсайтындары байқалады. Бұл қадам медициналық ұйымдарды сенімді басқаруға, менеджмент дәрежесін арттыруға, бәсекелестік ортаны ары қарай қалыптастыруға жол ашады деп ойлаймын.
– Әр жаңа нәрсеге қоғамның күдікпен қарайтыны, сенімсіздік білдіретіні белгілі. Осы тұрғыда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жайлы да алып-қашпа әңгімелер бар. Бұған не дейсіз?
– Өзіңіз білесіз, соңғы кезде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асырылып, оның нәтижесінде жеке сектордың үлес салмағы 17 пайызға дейін ұлғайды. Ал, мемлекеттік медициналық ұйымдар ұйымдастыру – құқықтық формаларын өзгертіп, эволюциялық кезеңдерден өтуде. Яғни, мемлекеттік мекемелер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдарға айналуда. Бұл өз кезегінде жауапкершіліктің, әділдіктің, нақтылықтың, қызметіне қарай бағалаудың салтанат құруына жол ашты деп сенеміз.
Кезінде бұл жүйе де сыналған болатын. Бірақ уақыт өте келе жүйенің тиімділігі байқалуда. Сол сияқты, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік – жекеменшік серіктестік тетіктерін енгізу де денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейге көтереді деп сенеміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері арқылы жүзеге асырылатын нысандар тізімі (өңірлер бойынша) анықталуда. Бұл тізім министрлік сайтында жарияланатын болады.
– МЖС тетігін құрудағы негізгі мақсат қандай?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі мемлекет экономикасына жеке инвестицияларды тартуда үлкен әлеует екенін атап көрсетті. Жалпы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) экономикалық өсімді ынталандыру және жекеменшік сектордың экономикаға қатысуын кеңейту әдісі болып саналады. Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартудың жолы ретінде қарастырудамыз.
Денсаулық сақтау министрлігі көптеген халықаралық тәжірибелерді зерттеп көрді. Мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке бизнес өкілдерінің қызығушылық танытатынын байқадық. Айталық, Германияда келісілген инвестиция сомасы қамтамасыз етіліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда, мемлекеттік емдеу-профилактикалық мекемелерді инвесторларға аз сом аға сату тәжірибесі кеңінен тараған. Соның нәтижесінде жекеменшік емдеу мекемелерінің үлесі соңғы 10 жылдың ішінде 4 пайыздан 22 пайызға дейін артқан. Швецияда жеке инвесторлармен арада мемлекеттік госпитальдарды басқару, жедел көмек көрсету, зертханалық және өзге де медициналық қызметтерді көрсету жөнінде келісімшарттар жасалады. МЖС тәжірибесі енгізілгелі бері рентгендік қызметтер құны 50 пайыз, диагностика және емдеуді күту уақыты 30 пайыз, жедел жәрдем құны 10 пайыз, зертханалық қызметтер құны 30 пайыз төмендеген.
Австралияда 50 госпиталь жекешелендіріліп, жаңа ауруханалардың дизайны, құрылысы және оларды басқаруға жеке операторларды іріктеу тәжірибесі қолданылады. Келісім 15 жыл басқару, белгіленген бағалар бойынша барлық азаматтарға қызмет көрсету және медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау сияқты ерекше шарттарды қамтиды. МЖС институтын енгізу нәтижесінде жаңа емдеу-диагностикалық мекемелердің құрылысына кететін шығын 20 пайыз, қызмет көрсетілетін науқастар саны 30 пайыз, емдеуді күту ұзақтығы 30 пайыз азайған.
– МЖС-ні саладағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту жолы ретінде санайтындарыңызды айтып қалдыңыз. Бұл күнде осы жобаларға қызығып отырған нақты инвесторлар бар ма? Оның ішінде шетелдік инвесторлар туралы білгіміз келеді.
– Ағымдағы жылы 26 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы денсаулық сақтау жүйесіне инвестициялар тарту» тақырыбында семинар-кеңес өткен болатын. Ол семинар – кеңеске 100-ден астам ірі қазақстандық және шетелдік инвесторлар, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының, Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының өкілдері, ірі халықаралық құрылыс компаниялары қатысты. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке қызығушылық танытуда. Нақты жобалар нормативтік-құқықтық актілер бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін қарастырылады.
– Қоғамымыздың басқа салаларында МЖС бойынша тәжірибе бар ма? Ол өз-өзін қаншалықты ақтады?
– 2005 жылдан бастап Қазақстан көлік және электр энергетикасы салаларында МЖС жобаларын іске асыру бойынша бірқатар тәжірибе жинақталды. Нәтижесінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін жетілдіру бойынша қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігі байқалды. Осыған орай ағымдағы жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы МЖС-нің жаңа түрлерін енгізуге, оларды қолдану салаларын кеңейтуге бағытталған «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Заңда енгізілген өзгерістер сапаға қатысты тиісті талаптарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде денсаулық сақтау нысандарын салуға инвесторларды ынталандыруға мүмкіндік береді. Әрі қарай инвестициялық қана емес, концессионердің пайдалану шығындарын және басқаруға кететін сыйақы төлемдерінің орнын толықтыру арқылы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге болады. Сонымен қатар, сақтандыру, концессионерлерге қойылатын біліктілік талаптары жеңілдетіледі. Байқау екі кезеңде өткізіліп, мемлекеттік мүлікті сенімді басқаруға берудің бірегей тәртібі бекітіледі.
– Ол заңда МЖС үрдісіне қатысатын тараптардың мүддесі қаншалықты ескерілген?
– Тұтынушылар мен тұрғындар МЖС-нің негізгі бенефициарлары ретінде қарастырылып, «баға – сапа» оңтайлы ара қатынасында табыс таба алады. Сондай-ақ, МЖС жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттің серпінді дамуы үшін өте маңызды.
Жеке сектор үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жасалып, тиісінше табыс табудың жаңа жолдары пайда болады. Олар тәуекелді мемлекетпен бірге бөлісіп, ірі жобаларды басқаруда тәжірибе жинақтап, жеке кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Инвестор үшін заңнамада қарастырылған шараларды іске асыру ұзақ мерзімдік инвестициялар үшін тартымды шарттарға жол ашады. Инвесторлар тұрғызылған нысан концессия келісімшарты мен пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттің иелігіне берілетін «BOT» (Built-Operate-Transfer, «Құрылыс-пайдалану-беру») үлгісімен ғана емес, нысанды мемлекетке өткізуді қарастырмайтын және концессионерге өзі тұрғызған объектіні шектеусіз пайдалануға мүмкіндік беретін «BOO» (Built-Own-Operate, «Құрылыс-иелену-пайдалану») үлгісіндегі жобаларын іске асыра алады.
Сонымен қатар, әлеуетті инвесторлар үшін қызықты тұстардың бірі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларына жеке немесе заңды тұлғалар бірлестігі, яғни консорциумдардың қатыса алатыны. Бұл өте маңызды, өйткені, МЖС жобалары көбінесе жеке инвесторлар тарапынан үлкен қаржылай салымдар салуды талап етеді. Консорциумдар құру мүмкіндігі инвесторларға күш-жігерлерін, тәжірибелерін, білімдері мен біліктіліктерін біріктіруге, сөйтіп, табысты жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Құрылатын консорциум ішінде инвесторлар өз өкілеттіліктерін бөлісе алады, мысалы құрылыс саласында мол тәжірибесі бар ірі құрылыс компаниясы озық медициналық клиникамен, ұжымдармен немесе сақтандыру институтымен бірігеді.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
Астана.