Қазақстан • 27 Ақпан, 2020

Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға елге қайту жөнінде кеңес берілді

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға әуе рейстері қысқармай тұрып елге келуді ұсынды. Бұл туралы брифингте Қазақстан Республикасының СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға елге қайту жөнінде кеңес берілді

«Кеше жариялағанымыздай, әуе рейстері 1 наурыздан бастап қысқарады. Қазақстан азаматтары шектеу қойылғанға дейін үйіне жетіп алғаны жөн. Шектеу қойылғаннан бастап рейстер қысқарады. Сол кезде келгісі келетіндерге рейстер қызмет көрсете алмайды. Оларға үшінші мемлекет арқылы, билетті басқа бағада сатып алуға тура келеді», - дейді Айбек Смадияров. ҚР СІМ азаматтарға коронавирус жағдайы туралы хабарлады. «Біздің елшілік азаматтарға Оңтүстік Кореядағы коронавирус туралы хабардар ету бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Жедел штаб құрылды, мессенджерде тәулік бойы байланыс телефоны жұмыс істейді және күн сайын азаматтарды консулдық есепке тіркеу жүргізіліп жатыр. Ауру жұқтырғандар мен көз жұмғандар саны өсуде, сол себепті барынша абай болу керек. Корея әзірге жабылмайды, эвакуация туралы айтуға әлі ерте. Жағдайды бақылауда ұстаймыз», - дейді ол.

Біз бұған дейін Оңтүстік Кореяда 35 мың қазақстандық бар екенін жазған болатынбыз.