Қоғам • 27 Ақпан, 2020

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмыс жоспары талқыланды

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің 2017-2019 жылдар аралығында атқарылған жұмыстары бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында 2020 жылға бекітілген жұмыс жоспары талқыланды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмыс жоспары талқыланды

2017 жылдың 12 сәуірінде қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды. Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бағдарламалық мақаладағы 6 негізгі бағыт бойынша 13 арнайы жобаны жүзеге асырып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жанында «Рухани жаңғыру» оқу орталығы жұмыс істейді. Жобалық кеңсе 2019 жылы 275-тен астам іс-шаралар жүзеге асырды, 1 253 424 адам бағдарламамен қамтылды. Білім беру орталығының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін қамтитын оқу бағдарламасы дайындалды. Былтыр семинар-тренингпен қаланың 32 колледжі, 87 жалпы білім беру мекемелері, 11 қосымша білім беру және 17 мәдени нысандарының 250 қызметкері қамтылды. Ал елорданың сакралды нысандары бойынша экскурсияға 450 адам қатысты.

Сонымен қатар қаланың орта және білім беру мекемелерінде 51 көшпелі-дәріс ұйымдастырылып, жалпы 4 050 адам қамтылды. Биыл орталық 600 адамға курс ұйымдастырып, көшпелі дәріс арқылы 5 000 адамға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын түсіндіруді көздеп отыр. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін, қала тұрғындарына арналған «Парасат» оқырман клубы мен «Аманат» үйірмесі апта сайын жүргізіледі. Оқырман клубының жұмысы барысында зиялы қауым өкілдерімен кездесу, шеберлік сыныптарын өтеді.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Ақерке Жұманбаева сөз арасында алғыс айту күніне орай 2 наурызда «Алғыс айту күні – ұрпақты достық пен толеранттылыққа тәрбиелеу мерекесі» атты семинар-тренинг өткізілетіндігін мәлімдеді. «Алғыс айту күніне орай өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақ еліне мың алғыс!», «Рахмет саған...» челлендж-ролигі, Қазақстан медицина жастарының «Ардагерлерге мың алғыс!», «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы белсене атсалысқан «Біз біргеміз!» акциясы – бұл шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар деп түсінеміз», - деді ол.

Сондай-ақ кеңсе басшысы «100 жаңа есімге» енген тұлғалардың жетістікке жету жолын насихаттау үшін жастарға арналған кездесулер ұйымдастыртындығын тілге тиек етті. Бекітілген жоспарға сай осы жылы «Тұлғаны дамыту» бағыты бойынша 19 шара, «Ұлттың дамуы» бағыты бойынша 16 шара, «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамуы» бойынша 17 шара жоспарланған.