«Ұшар басы көз жетпес, кір шалмас заңғар Абай! Ойлап отырсақ, біз қай кезде де Абайды іздеппіз. Жаның жадырап қуанғанда есіңе Абай түседі. Көңіліңіз достан да, дұшпаннан да, тіпті мынау ғажап өмірден де қалып құлазығанда тағы да Абай алдына барамыз. Күйіп-жанып ғашық болсақ, айтарға сөз таппасақ сол сезім Абайдан табылады. Елжіреп, көкірегімізді мейір кернесе оның да сәулесі Абайдан жеткен екен. Ел деп, Отан деп ойлансақ та Абайдан алысқа кете алмаймыз. Ұрпағымызды жарыққа бастар жол іздесек те Абайға қарайлаймыз». Дәл осындай мәтінмен мәйектелген әсерлі қойылым кешке жиналғандарды хакім әлемінің тереңіне үңілуге шақырды.
Сахна төрінде Абай жазған қазақ әдебиетінің алғашқы балладасының әуеніне балет, хореографиялық миниатюра қойылды. Хронология бойынша әзірленген эпизодтар поэзия, музыка және хореографиямен үйлесімді үндесіп, бай мұраның сырын ашты. Абайдың қалыптасуы, даму кезеңдері көрсетіліп, оқиғалар желісі Абай пейзаждарының суреттері арқылы өріліп отырды.
«Әлем есігі» прологынан бастау алған іс-шара жыл мезгілдеріне арналған өлеңдермен көмкеріліп, балалардың биі күйдің сүйемелдеуімен орындалды.
Сондай-ақ сахнада ақындық-музыкалық, хореографиялық қойылымдар, соның ішінде Абайдың махаббат лирикасы, табиғат сұлулығына арналған қойылымдары қойылды. Бұған дейін тек домбырада орындалып келген «Сегіз аяқ» әнін эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали, Тілек Базаров сынды танымал әншілер көпшілікке тамылжыта жеткізді.
Кеш соңында залға жиылған қауым Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін өнер майталмандарымен қосыла шырқады. Кішкентай көрермендер хакім мұрасының биік бағасын көрсетіп, ұлы ақынның отты жырларын алма-кезек жатқа оқыды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған шараны Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.