Қазақстан • 27 Ақпан, 2020

2019 жылы Қазақстанның өндірістік нысандарында 28 оқиға тіркелді

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылы республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 28 оқыс оқиға тіркеліп, онда 24 адам зардап шекті, оның ішінде 11 адам қаза тапса, 7 адам ауыр жарақат алды және 6 адам жеңіл дәрежеде жарақат алды. Барлық апаттар егжей-тегжейлі тергеліп, тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылы Қазақстанның өндірістік нысандарында 28 оқиға тіркелді

Салалар бойынша айтсақ, оқыс оқиғалар көмір, тау-кен, металлургия, мұнай-химия, мұнай-газ өндіру, жарылыс жұмыстарын жүргізетін объектілерде, қазандық және газ шаруашылықтарында, көтергіш құрылыстарда орын алған. 

Тексеру актілеріне сәйкес жазатайым оқиғалардың негізгі себебі -  ескірген, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған, қызметтің нормативтік мерзімін өтеген жабдықтарды пайдалану.

Осы мәселені шешу үшін ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша кәсіпорындармен бірлесіп жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленді. Оның шеңберінде қазіргі уақытта 1424 техникалық құрылғы мен 66 технологиялық желі ауыстырылды.

Мамандардың мәліметінше, тіркелген оқыс оқиғалардың келесі себебі - өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен ережелерін бұзу. Үшіншіден, өндірістік бақылаудың төмен болуы, я болмаса тіпті жүргізілмеуі және қызметкерлердің төмен біліктілігі.

Осыған байланысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылға арналған заң жобалау қызметі шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң жобасы әзірленді және ҚР Парламентінің Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге және мемлекеттік қадағалауды іске асыру тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, Комитет қызметкерлері мұнай және газ салаларының қауіпті өндірістік объектілері үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерін қайта қарады. Сондай-ақ қазіргі заманғы нормаларға және халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес аталған нормативтік құқықтық актілерді жан-жақты қарау және оларға өзгерістер енгізу жоспарланған.

ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 221 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтитын 9 мыңға жуық кәсіпорынға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады. Негізінен бұл - кеніштер мен көмір шахталары, карьерлер, металлургиялық, химиялық және мұнай өңдеу зауыттары, магистральдық құбырлардың атом өнеркәсібі объектілері және басқалар.

Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің басты мақсаты - адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін түрлі оқыс оқиғаларды болдырмау немесе барынша азайту.

2019 жылы өндіріс ошақтарында 1447 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 50193 заң бұзушылық анықталды. 168 млн. теңгеден астам қаржыға 1885 айыппұл салынды, оның ішінде 1422 заңды және 463 жеке тұлғаға.