Бастан-аяқ оқып шыққаннан кейін үлкен әсерге бөлендім. Бұл – ғажап кітап. Қазақ әдебиетінің соңғы жылдардағы дүниеге келген елеулі шығармаларының қатарына жатқызуға болатын сүйекті туынды. Кітап жазыла бастасымен төрт-бес жыл ішінде оның барлық тараулары «Egemen Qazaqstan» газеті мен республикалық өзге газет-журналдарда түгел дерлік жарық көргені және олар жұртшылықтың қызығушылығын туғызып, ыстық ықыласына бөленгені есімізде. Жазылу мәнері де сәтті, ұтымды. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында-ақ орыстың үлкен жазушысы Александр Бектің өзінің де, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының да есімін әлемге әйгілеп, атақтарын шығарған «Волоколамск тас жолы» романының, сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдарда тағы да сол Баукең туралы «Аңыз бен ақиқат» атты роман жазған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың пайдаланған үлгісімен кейіпкерімен сұхбаттаса отырып, өзі жайлы өзіне айтқызып, өткен ғасырдағы, тәуелсіздік қарсаңындағы, одан кейінгі жылдардағы еліміздің басынан кешірген өмірін, хал-ахуалын, алуан-алуан оқиғаларды шыншылдықпен көз алдыңа елестететіндей етіп баяндаған ілкімді, тартымды туынды.
Романның кейіпкері кім? Ол – барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесін ұлықтауға, ұлтымыздың жоғын жоқтауға, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіруге, тәуелсіздігімізді алар тұста, алғаннан кейін «Елбасы – біреу, қалғанымыз – тіреу» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, Елбасының жанынан табылып, сенімді серіктерінің бірі болған, сол кезде де, одан кейінгі жылдарда да Қазақстан өз тәуелсіздігінің іргетасын бекітіп, әлемге әйгілі, беделді мемлекеттердің бірі болуына, өзінің ұлттық келбетін, тілін, ділін, бабалардан қалған үлгі-өнеге, дәстүрлерді келер ұрпақтарға жеткізіп, аманаттауға бойындағы бар қасиетін, қажыр-қайратын аянбай жұмсаумен келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бүгінгі қалың қазақтың қадірлісі, абыз тұлға, ел ағасы.
Романның авторы Б.Бодаубай екенін жоғарыда айттым. 1959 жылы бота тірсек бозбала кезінде, он тоғыз жасында, университеттің бірінші курсында оқып жүріп сол кездегі қалың жұрт қызығып оқитын «Лениншіл жас» газетінде көркем шығармаларда және баспа бетінде қазақ тілінің тазалығы сақталуға тиіс деген ізгі ниетпен «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақаласын жариялап, ұлт жанашырларын қуантқанымен, сол кездегі «ұлы орысшыл» көзқарасқа көлеңке түсіреді деген айыппен айқай-шу, дүрбелең туғызып, КПСС Орталық Комитетінің органы «Коммунист» журналының бетіне дейін сынға ұшыраған, бірақ Сталин өлгеннен кейінгі жылымық кез болғандықтан оқудан шығарылмай, түрмеге қамалмай аман қалған Болат Бодаубай (ол кезде Бодаубаев, әрине – автор).
Екінші курста оқып жүріп «Лениншіл жас» газетінде құрылған штаттан тыс бөлімді басқарып, елеулі-елеулі материалдар жариялануына ұйтқы болды. Университет бітірмей тұрып қызметке алынды. Жасы отызға жетпей-ақ «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары болып, төрт жыл істеді. Одан кейінгі қызмет сапары «Социалистік Қазақстан» газетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жалғасты. Республикалық «Жалын» баспасын, «Қазақкітап» кітап тарату мекемесін, еларалық «Заман – Қазақстан» газетін, Қазақстан Парламенті Сенаты Аппаратының Редакциялық – баспа бөлімін басқарды.
Осы жылдардың бәрінде қызмет атқара жүріп, көркем шығармалар жазумен айналысты. Әңгіме, эссе, повестерден, романнан тұратын, көпшілік жылы қабылдаған оншақты кітабы жарық көрді. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап жатпай, жұртшылыққа екі бірдей татымды роман ұсынды. Оның «Тұлға» атты, халқымыздың музыка, өнер, мәдениет саласындағы көрнекті қайраткері, Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев туралы романына шыққан бойда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының берілуі де әділетті, заңды еді. Енді міне, еліміздің абыз тұлғасы Мырзатай Жолдасбеков туралы жазылған екі томнан тұратын жаңа романы жарыққа шығып, көпшіліктің көзайымына айналып отыр.
Ең алдымен айтылуы тиіс нәрсе – кітаптың жеңіл, жылдам оқылатыны. Жалықтырмайды. Көркемдік сапасы жоғары. Оқушының қызығушылығы кемімейді, қайта өне бойы артып отырады. Романның мазмұнын бір-ақ сөйлеммен тұжырымдап, жинақтап айтуға болады. Автор еліміздің, қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарындағы бастан кешкен ең маңызды, шиеленісті оқиғаларының, тағдыршешті сәттерінің шынайы көріністерін мөлдіретіп көз алдыңа жайып салады. Осы тұрғыдан алып қарағанда романды көркем бейнеленген замана шежіресі, тәуелсіздігіміздің тұнып тұрған тарихы деуімізге де болады. Сыр-сұхбатқа құрылған роман «Ерте тартып ат жалын ел деп өстім, елім барда бақыттан кенде емеспін, керегесін кең жайып көңілімнің, кешкен күнді қазағым мен де кештім» дейтін кітап кейіпкері Мырзатай ағамыздың тұрмыс тауқыметін еңсере, қиындықтарды көре, кедергілерді жеңе жүріп, елімен бірге есеюінің тартымды, көркем, тұшымды баяны.
Романды оқып отырғанда әр жылдардағы кейіпкер бейнесі көз алдымызға айқын елестейді. Үйленген соң ҚазГУ-де сабақ беріп жүріп, аспиранттар тұратын жатақхананың кіп-кішкентай бөлмесінде отбасымен қысылып-қымтырылып тұрып жатқан Мырзатай. Дүние-мүлік дегеннен бір төсек, бір шифонер ғана бар. Кіреберіске, есікті ашып қалғанда үйдің іші көрінбесін деп, көлденеңінен шифонерді қойып қойған. Түнде, төсекте – енесі, қасында үлкен қызы Ғайни жатады. Еденде кіші қыздары Әлияны ортаға алып Мырзатай мен жеңгеміз Мәрия жатады. Енесімен еріп келген Асқар атты жеткіншек төсектің астына жатады. Басқаша жатуға жағдайлары келмейді, сыймайды. Сол жылдардағы қазақ интеллигенциясы өкілдерінің барлығының басынан өткен ортақ жағдай...
Біздің қазақ әруақтың желеп-жебейтініне қапысыз сенген халық. Қазақ әдебиеті тарихының Білге қаған, Тоныкөк заманынан басталатынын ғылыми тұрғыдан бұлтартпастай етіп дәлелдеген Мырзекеңнің халқына қызмет ету жолында белестен-белеске көтерілуіне бабалар рухы көмектесумен келеді деген ойдамыз. Өйткені ол кісі диссертациясын сәтті қорғап, қазақ әдебиеті тарихында жаңалық ашқаннан кейін көп ұзамай қызмет бабында тасы өрге домалай берді. Және бір сүйсінерлігі, ол кісі қайда жүрсе де ұлтымыздың тарихын, ән-жырын, биін, салт-дәстүрін насихаттауға еңбек етті.
Мәселен, Талдықорған пединститутын басқарған жылдары оқыту сапасын арттырып, студенттерге білім беріп қана қоймай, эстетикалық тәрбиені, ұлтымыздың тарихына, ән-жырына, биіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік сезімдерін бойларына сіңіру үшін сол кезде-ақ елімізге кеңінен танымал болған «Жетісу» ансамблін ұйымдастырды, сөйтіп аз ғана жылдар ішінде институтты еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналдырып, Кеңес Одағы бойынша ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алды.
Тәуелсіздік оңай келген жоқ. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, одан кейінгі Қазақстанды Колбин басқарған қаралы жылдардағы қабілетті студенттерді оқудан, кеудесінде намысы, оты бар ұлт кадрларын қызметтен қуалау, қудалау, Қазақстандағы мемлекеттік тілдің екеу емес, біреу болып жариялануы, заңдастырылуы жолындағы Әбдуәли Қайдаров, Мырзатай Жолдасбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ана тілін, өз ұлтын шексіз сүйетін азаматтардың жанкешті күресі, сол жылдардағы ел ішіндегі аса ауыр жағдайлардың жан ауыртар суреттері еш оқушыны енжар қалдырмасы анық.
Кітапта Мырзекеңнің тәуелсіздік жылдарындағы Иранға елші болып барғанында, туған елге жетіп өлсек арманымыз жоқ деп жүрген мыңдаған қазақтарды елге көшіргені, Германияға әдейілеп барып, Берлиндегі мұсылмандар зиратына қойылған Мұстафа Шоқайдың бейітін тауып, шелектеп құйған жаңбыр астында «халқыңның арысы едің сен, жат елдің топырағын жамылмай, атамекеніңнің төрінде жататын адам едің ғой», деп табиғатпен қосыла жылап тұрғаны, Еуразия университетін қайта түлетуі, Астанадағы Президенттің мәдени орталығын мәдениет пен өнердің, руханияттың нағыз ордасына айналдыруы шешендік пен қазақтың құнарлы тіл байлығын қапысыз меңгерген кейіпкердің желдей есіп, жосыла әңгімелеуімен құлпырып, оқырманның құлақ құрышын қандырып, оқиға барысына қызығушылықты арттырып, еліктіре түседі.
Кітапта әсіресе дербес мемлекет ретінде енді-енді қалыптасып, елдік нышандарын белгілей бастаған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кейіпкердің өзі басы-қасында жүрген тарихи оқиғалар, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел басына түскен ауыртпалыққа, қиыншылықтарға қарамастан, дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын Мырзекеңнің ұйымдастыруымен ел болып, жұрт болып қаншалықты көтеріңкі көңіл-күй мен жоғары рухта өткізгеніміз, еліміздің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қабылдауға бүкіл халық қуанып, қалайша жұмыла атсалысқаны (халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин де өздерінше Ту жобасын дайындап, конкурсқа алып келгені соның бір көрінісіндей), осы сияқты жайлар, еліміздің басынан өткен шынайы оқиғалар романды оқу барысында экрандағыдай көз алдыңнан қайтадан өтіп, есіл-дертіңді баурап алады...
Романда сол жылдарда Мырзекеңмен бірге жүріп қайрат көрсеткен, ұлтымызға көп еңбек сіңірген, тәуелсіздігімізді баянды етуге аянбай үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков, тұңғыш Премьер Ұзақбай Қараманов, адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматов, халқымыздың мақтан тұтар жазушысы Әбіш Кекілбаев, қазақ баспасөзінің көкбөрісі Шерхан Мұртаза, 2002 жылы Түркітілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны атанған Мұхтар Шаханов сияқты көптеген тұлғалар да көрініс береді.
Мақала көлемі кітап мазмұнын толығырақ қамтуға мүмкіндік бермейді әрине. Сондықтан он жеті бөлімнен тұратын қос томдықпен танысқан оқырманның тәуелсіздік қарсаңындағы, одан кейінгі жылдардағы жұртымыз бастан кешкен небір тартысты, қызықты тарихи оқиғалардың куәсі болары сөзсіз.
Мырзекеңнің әдебиет пен мәдениетке, өнерге жақын жүретіні қанына сіңген қасиет. Ол бұл салаларға жақын жүріп қана қоймай, оларды түлетіп, жасартып, жаңғыртып жүреді. Мына туындыда кейіпкердің бұл қыры да жарқырай көрінеді. Елбасының Жарлығымен елордада ашылған Еуразия университетінің атына затын сай етуі, атап айтқанда университеттің ішкі мәдениетінен, адамдардың жүріп-тұруынан бастап, білім ордасының мәртебесіне сай кадрлар жасақтау, оларды үймен қамтамасыз ету, студенттерге арнап жатақхана салу, университетте МГУ-дің филиалын ашу тәрізді жұмыстардың қалай жүргізілгені, мұның бәрін Елбасының қолдап, қуаттап отырғаны, тағы да қайталап айтамыз, автордың қойған сауалдарына Мырзекеңнің төгілтіп қайтарған жауабы үлгісінде көрініс беріп отырады.
Жалпы, аталған туындыда Мырзекеңнің мейлі кітап жазудағы болсын, мейлі ғылым-білімге, мәдениет саласына басшылық жасаудағы болсын, мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі еңбегінің ұшан-теңіз екені әдемі айшықталады. Осы орайда ол кісінің елордадағы аты бар да заты жоқ Президенттің мәдени орталығын мәдениет пен өнердің, руханияттың нағыз қайнаған ордасына айналдыра білгені, Париждегі Помпиду үйі, Вашингтондағы Кеннеди орталығы секілді әлемге әйгілі мәдениет ошақтарының тәжірибесін ой елегінен өткізе келе, Президенттің мәдениет орталығын да солардың үлгісінде қалыптастыру үшін көрме залдарын мейлінше тартымды, мазмұнды, қызықты етіп жасақтауға күш салғаны, «Ұлттық дәстүрлер театрын» ашқаны, онда «Абаймен сырласу», «Абылай аманаты», «Бұлбұл еді, дүлдүл еді Кенекең», «Әсет пен Дәнеш», «Қазақ жырының Хан тәңірі», «Қазақтың қызыл жебесі», «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы», «Фариза және оның сіңлілері» сияқты және басқа да тақырыптарда, сондай-ақ Ш.Уәлиханов, Ә.Тәжібаев, М.Дулатов, Ш.Айтматов,
О.Сүлейменов, Б.Момышұлы, Ғ.Құрманғалиев секілді елімізге әйгілі ғылым, білім, өнер саңлақтарының өміріне, шығармашылығына арналып өтетін әдеби-музыкалық кештерге жұртшылықтың белсене қатысып, қызыға тамашалайтыны шынайы баяндалып, шабыттана айтылады.
Кітапта екі бөлім бар. Біреуі – «Ұлы даланың ұлы жырауы» Жамбыл туралы, екіншісі – «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» дейтін, Кенен туралы. Бұларды кітап ішіндегі кітап деуге де болар еді. Осы тарауларда Жамбыл мен Кенен аталарымыздың туа біткен табиғи тамаша таланттары мен күреске, қиындықтарға толы өмір жолдары, олардың жас кезінде сүйген қыздарына қосыла алмағаны, ол кезде әсіресе қалың мал дейтін кедергі болып, соны өмір бойы армандап өткен жайлары, Жамбыл атаның атақ-даңқының Кеңестер Одағына, бүкіл әлемге қалай жайылғаны, қазақ елін дүние жүзіне танытқаны, осының бәрі егжей-тегжейлі көркем баяндалады...
Өзіміз әңгімелеп отырған еңбек жарыққа шыққаннан кейін оның тұсаукесер рәсімі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы ұлттық кітапханаларда мейлінше табысты өткенін айта кеткеніміз жөн. Оқырманмен болған бұл кездесулерде елімізге белгілі академиктер мен қаламгерлер романға қазақ әдебиетінің кезекті табысы ретінде жоғары баға берді.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі