Қоғам • 28 Ақпан, 2020

Жер телімі неге игерілмей тұр?

449 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан төрт жыл бұрын Қызылорда қаласында тұрғын үй салу үшін инфра­құ­рылымы тартылған 980 гектар аумақ ашылып, 5 мыңнан астам адамға жер телімі берілген еді. Баспана салу үшін өтініш білдіргендер саны жылдам көбейіп келе жатқан облыс орталығы үшін бұл айтарлықтай оқиға болды.

Жер телімі неге игерілмей тұр?

 

Жаңа ауданда үлкен шара ұйым­дас­тырылып, кезегі келгендерге жерді уақыт­ша жалдау құқығын беретін қаулы салта­нат­­ты жағдайда табысталды. Сыр­дың бас қа­ла­сын­дағы бұл бас­тама біраз уақытқа дейін БАҚ-тың басты жаңалығына айналды. 

Жалпы учаске саны 5 мыңнан асқанымен олардың ішінде комиссия шешімімен қаулы алғандар 4003 болып тұр. Заң талаптарына сәйкес олар 3 жыл ішінде баспана салып, жер телімі жекеменшікке өтуі тиіс болатын. Бірақ кесімді уақыт өткенімен жаңа ауданда әзірше 1035 адам ғана үй құрылысын толық салып біткен. Бұл мәселеге жақында өткен есепті кездесуінде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов арнайы тоқталып, қала басшы­лығы­на шаруаны ширатуды тапсыр­ды. Өйткені жер кезегіне тіркел­гендер жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Қазір облыс бойынша 96 882 адам кезекте тұр. Оның 61,7 пайызы облыс орталығынан жер телімін алуға үмітті.

Мәселені зерттеу үшін қала әкімінің орынбасары Ерлан Берді­баевқа жолықтық. Әкім орын­басары жер телімінің игері­луі қазір басты назарда тұрғанын айтады. Осыған байланысты құрылған комиссия жағдайды тұрақты бақылап отыр.

– Жаңа аудан тұрғындарының қатары көбейгені бәріміз үшін керек. Өйткені ол маңға мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсап, инфрақұрылым тартты. Егер есіңізде болса, 2016 жылға дейін жер алғандар баспанасын салып болғаннан кейін жол, электр желісін, кәріз жүйесін, су, газ құбырын тартуды сұрап жүретін. Қызылордадан Жезқазғанға қарай шығатын күре жол бойындағы бұл аумаққа заң талаптарына сәйкес бәрі алдын ала тартылды, – дейді Ерлан Бердібаев.

Оның айтуынша, жақында аумаққа үй толық түспесе де газ бергізіле бастаған. Қараусыз жерге әркім-ақ үйір болады ғой, сол ауданда электр желілері, газ тарату қондырғысының құрылғылары қолды болып жатыр. Үйлер жиі түссе мұндай жағдай болмас еді.

Комиссия шешімімен қазір ондағы 1035 адамның жерге жеке меншік құқығын алғанын айттық. Одан бөлек 489 учаскеде баспана құрылысы жартылай аяқталып тұр. Тағы 503 адам іргетасын ғана құйып қойса, 687 жер телімінің иесі құрылысқа енді кіріскен. Ал 120 жер телімі кейін қайтарылып алынды.

Ерлан Бердібаев комиссия мүшелері мәселеге барын­ша түсіністікпен қарап отырғанын айта­ды. Бастапқыда баспана салуға қаржысы болмай қина­лып жүргендердің мерзімін ұзартып та берген. Бірақ қазір осы себепті сылтауға айналды­рып алғандар кө­бейіп тұр. Сон­дықтан да алдағы уақыт­та бұл мәселені сот шешімі арқы­лы рет­теу ойда бар. Кейбір жер телімі инфра­құ­ры­лым желі­ле­рінің үстіне түсіп қалған жағ­дай­лар да болған. Оларға басқа учаске ұсынылып, мәселе дер кезінде шешімін тапты. 

Қала шетіндегі бұл аудан­ға мар­шрут­ты көлік те қарас­ты­рыл­ма­ға­н. Онда­ғылар баласын мектепке, ба­ла­бақ­шаға қалаға жібереді. Сол үшін шаһар әкім­ді­гі жергілікті авто­бус пар­кі­мен келісіп, күніне 2-3 мәрте шағын сы­йымдылықтағы көлік жібе­ріп тұр. 

– Таңғы сағат 6.00-де автобус­пен барған кезіміз болды. Бай­қа­­ғанымыз, кө­лік келіп тұр-ау деп асыға қой­май­тын­дар көп екен. Жо­лау­шыларды са­ғаттап күтіп, зарықтырып ба­рып зорға жиналғандарды отыр­ғызып, жүріп кеткен автобус­тан кейін шыққандар бар ашу-ызасын әлеуметтік желіге төгіп жатады. Негізі, біздің адам тасымалымен айналысып жүрген мар­шрутты көліктің бағытын бұзып, басқа ауданға жіберуіміздің өзі заңсыз, бұл жеке кәсіпкер бизнесіне кедергі келтіру болып саналады. Бірақ елге болсын деген ниеттегі азамат­тар шы­ғын­ға батқанына қара­мастан біз­дің өтінішімізге түсі­ніс­тік­пен қарап отыр. Бірақ жаңа ауданның тұрғындары осыны түсінбей, өзімізге мін тағады, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Жергілікті әкімдік бұл аудан­­­ға тұр­ғындар өздері қоюы тиіс қоқыс кон­тейнерін де де­­меу­шілер есебінен  орна­тып беріп отыр. Соның өзінде «менің үйімнен алысқа қойдың» деп арызданушылар көп екен. Тұрғындар талабына сай әлеу­мет­тік дүкен, фельдшерлік пункт пен учаскелік полиция бе­к­­еті ашылды.  Балалар үшін ойын алаңы да салынды. Бірақ оған ортақ игілік екен деп жана­шырлықпен қарап жатқан адам аз.

Ерлан Құлахметұлы көп­те­ген адам­да «мен жер кезе­гін неше жыл күттім, енді үй салғанымша мемлекет мені мазаламау керек» деген пікір қалыптасқанын айтады. Бірақ бәріміз бағынуға тиісті заңға мұндай уәж жүрмейді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерлер жекеменшікке өткенше алған адам ешкімге сата алмай­ды, біреудің атына аударып берудің де жолы жоқ. Жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін баспана салынбаса, мемлекет есебіне қайта алынады. Соған қарамастан қазір, кейін заң­дастырып бермекке уәде қыл­ғандар учаскесін саудаға шы­ға­рып жатыр. Сол сөзге сеніп бас­пана салғандар ертең үйден де, жерден де айырылып қалуы әбден мүмкін.

Ерлан Құлахметұлы қазір қала бо­йынша жер кезегінде тұрғандардың 40-50  пайызы ғана баспанаға  шын мұқтаж екенін айтады. Олар тек кезегі келгенін күтіп жүр. Әкімдік алдағы уақытта  жер телімін алатындардың кесімді мерзім ішінде үй салуға мүм­кін­дігі бар-жоғын анықтап, олар­дың кезегін сақтай отырып, бас­па­на тұрғызуға дайындығы бар тұр­ғын­дар­ға жер беруді ойластырып отыр. Ештеңе салмай, уа­қытын өткізіп алып жерден де, кезектен де қағылып қала­тын­дар үшін осы тиімді. Бірақ бұл заңға қайшы келмеуі керек.

Осыдан төрт жыл бұрын берілген төрт мың жер телімінің жыры осындай болып тұр. Одан бері де кезекке тұр­ғандар қатары қалыңдады. Қазір қала бойынша баспана салуға жер сұрап өтініш бергендер саны 59695 адамға жетті.

 

ҚЫЗЫЛОРДА