Саясат • 28 Ақпан, 2020

Этносаясаттың өзекті тұстары

1048 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстанның жетекші сарапшыларының қатысуымен «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: сараптамалық пікір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Этносаясаттың өзекті тұстары

 

Жиынды ашқан Президент Әкімшілігі Басшысының бі­рін­ші орынбасары Мәулен Әшім­баев этносаралық келісімді же­тіл­дірудің маңызына тоқталды. Бұл тұрғыда сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.

М.Әшімбаевтың айтуынша, елімізде этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Жанжалдардың алдын алуға және этностық топтардың әлеу­мет­тік бірігуіне бағытталған шара­лар бұл жұмыстың негізін құ­рауы тиіс.

«Бұл бағытта кейінгі жылдары көп жұмыс істелді. Алайда таяу­да Қордай ауданында бол­ған қайғылы оқиға бұл салада қор­даланған мәселелердің бар екенін көрсетті. Сондықтан мұн­дай жағдай елімізде қайталанбас үшін қажетті шараларды жүзеге асыруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берді. Мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеп жатыр», деді М. Әшімбаев.

Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының бірінші орын­ба­са­рының сөзіне сүйенсек, бұл ба­­ғыт­тағы жұмысты тиімді жүр­­гізу үшін ең алдымен осы оқи­­ға­­ларға, жалпы этносаясатқа объек­­тивті сараптау жасалуы мін­детті.

«Бұл жағдайға қандай факторлар ықпал етті? Әлеуметтік мәселелердің рөлі қандай? Қыл­мыс­тық топтардың әрекеті ме? Мемлекеттік саясаттың қай жерінде олқылықтар бар? Ал­дын алу жұмыстарында қандай мә­се­леге басымдық беруіміз қажет? Жергілікті және орта­лық мемлекеттік органдар жұ­мы­сының тиімділігін талдаған жөн. Қоғамдық институттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігін, бұдан әрі қарай қалай дамыту қажеттігін түсіну керек», деді ол.

Сондай-ақ М.Әшімбаев елі­міздің этносаясатын жүзеге асы­ру барысында бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Оның айтуынша, этносаралық қарым-қаты­нас саласындағы мемлекет­тік саясаттың тиімділігі дұрыс дискуссия құрып, қажетті шараларды қабылдауға тікелей байланысты. Осыған орай Президент Әкімшілігі мұндай талқылауға дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда азаматтар­ды тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағ­дайына байланысты кемсі­туге жол берілмейтінін айтты.

«Елдегі бейбітшілік пен ке­лісім – мемлекет үшін маңызды басымдық. Мемлекеттік органдар үшін ұлтаралық келісімді, бейбітшілік және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – әрқашан басты міндет саналады, оны іске асыруға мемлекеттің бар­лық ресурсы бағытталады. Елі­мізде көптеген мәселе бар. Бі­рақ бейбітшілік пен келісім ел дамуы мен азаматтардың қауіп­сіздігінің негізгі факторлары.

Қазақстан азаматтарын ті­ліне, дініне немесе әлеу­мет­тік жағ­дайына байланысты кем­сі­туге жол бермеу тұрақ­ты конс­титуциялық норма. Аза­мат­­тарымыздың беделін түсіру­ге, соның ішінде этностық белгі­­лерге сәйкес кемсітуге бағыт­­тал­­ған кез келген әрекетті тиісті ор­гандар қатаң түрде тоқта­тады», деді ол.

М.Әшімбаев Қазақстанда көп эт­ностың мамыражай тірлік ке­шуінің мәнін ашып беріп, елі­міздің татулық пен тұтастықтың үлгісіне айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың уа­қыт өте келе қазақ тілінің елі­міздегі ұлтаралық қатынас тілі­не айналуы қажеттігі туралы тұ­жырымдамалық идеясының келешегі зор. Бұл – өте маңызды тезис.

«Еліміздің көпэтносты болуы – біздің артықшылығымыз және елдің дамуына ықпал ете­тін стратегиялық ресурс. Бұл – біздің әлсіздігіміз емес, әлі күнге дейін барынша қолда­на алмай келе жатқан мүмкін­дігі­­міз. Сондықтан мемлекет, мем­­ле­кеттік органдар және Пре­зидент Әкімшілігі Қазақстанда тұратын барлық этностық топ­тар­дың дамуына, олардың мәсе­ле­лерін шешуге қолдау көрсе­теді.

Этносаралық қатынас сала­сындағы мемлекеттік саясатқа өте маңызды өзгерістер қажет. Осы салада жұмыс істейтін мем­лекеттік органдардың, қо­ғамдық институттардың жұмысын тексеру керек. Талдау мен тексеру нә­тижелері бойынша алдағы ке­зеңде этносаралық қатынас сала­­сында жаңа мемлекеттік сая­­сат құрған абзал», деді М.Әшім­­баев.

Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­ге­рушісі Жансейіт Түймебаев сөз алып, Қордай сапарын қоры­тын­дылап, бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.

Бұған дейін ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің сарапшылар тобы Қордай ауданына барып, мұндағы жағдайға әлеу­меттік-экономикалық зерт­теу жүргізіп қайтқан еді. Өз сө­зін­де Ж.Түймебаев атал­­ған өңір­де әлеуметтік-мәде­ни тұйық­­та­­ну­шылыққа, оқшау­ла­нуға мән берді. Әсіресе жастар­дың қазақ­­стан­­дық әлеумет­тен­діру бағдар­ла­маларына қатыс­пауы, демо­гра­­фиялық өсімнің тұрақ­тылығына қарамастан, қалаға не­месе басқа да облыстарға кө­ші-қонның аздығы бұл проб­ле­маның тереңдей түсуіне ықпал еткен.

Оның үстіне дүнген этносы­ның өз ішінде топ-топқа бөлінуі де байқалады. Бұл топ­тардың адамдары бір-бірінің мешітінде намаз оқымайды, той-сада­қа­ларына бас сұқпайды. Ауыл ішіндегі ме­шіттер де «дүн­ген­дер» мен «қа­зақтардың» мешіті деп бөлінеді.

ҚХА Төрағасының орынбасары мұндай этностық белгісіне қарай әлеуметтік-экономикалық жіктелудің бірнеше деректері мен дәйектерін келтірді. Әсіресе құқық қорғау органдарындағы сыбайластық, контрабанда се­кіл­ді проблемалардың бар екенін де айтып өтті.

Ж.Түймебаевтың келтір­ген деректеріне сай, дүнген­дер­дің көпшілігі балаларын Қыр­ғызстанда, Қытайда оқытуға мүдделі, сондай-ақ қырғыз ұя­­лы байланыс оператор­ларын, спутниктік телеарналарын, қыр­ғыз, қытай, ресейлік спутниктік те­леарналарды қарайды, Қыр­ғыз­станда шығарылатын дүнген тіліндегі баспасөзді ғана оқиды.

«Білім беру, денсаулық сақ­тау, жер пайдалану, әлеуметтік, еңбек қатынастары, ақпараттық кеңістіктегі шешілмеген мәсе­лелер мемлекеттік шека­ра­да жабық этностық қауымдас­тық­тың пайда болуына әкеліп соқ­ты. Сондықтан аймақтағы әлеу­­меттік, тұрмыстық, еңбек, крими­­налды шиеленістер көп жағ­дайда этносаралық сипат алып кетеді. Кез келген кісі өлті­ру, зорлау, төбелес секіл­ді ре­зо­нансты қылмыстар этнос­ара­лық шиеленіске от қоюы мүм­кін», деді жергілікті билік­тің әлеу­меттік салаларды бақы­лау­сыз қалдырғанын сынға алған Ж.Түймебаев.

ҚХА бастамасымен этнос­тар жинақы тұратын жерлерде жұ­мыс жүргізілген еді. Нақты нәти­­желерге қол жеткізілді. Алай­­да қақтығыстардың, мәде­ни-тіл­дік оқшауланудың әлеу­меттік-эко­номикалық алғы­шарттары жойылмаған.

«Бұл мәселелер бойынша бұған дейін де ҚХА-ның бас­та­ма­сымен этностардың жи­нақ­талған аумақтарында жұмыс жүргізіліп келді. Нақты қол жет­кізілген нәтижелер де бар. ҚХА жұмысы арқылы бір­де-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдамады. Ассамблея жалпы алғанда, қазақстандық бір­егейлік пен азаматтық не­гі­зінде этностарды біріктіру жө­ніндегі басты міндетін атқар­ды», деген Ж.Түймебаев әсіре ұлттық-патриотизмнің этнос­тар мен қазақ халқы арасында өшпенділік тудыру қаупі бар екенін айтты.

Осы орайда ҚХА Төраға­сы­ның орынбасары этносаралық саланы басқарудағы жүйелі проб­лемалар туралы әңгімелеп берді. Оның сөзіне сүйенсек, Этнос­аралық қатынастарды рет­тейтін заң жоқ.

«ҚХА туралы» заңда олардың қызметін регламенттейтін шек­темелі нормалар ғана қарас­тырылған. ҚХА Хат­шы­лығы мен «Қоғамдық келісім» РММ мемлекеттік орган емес, сон­дықтан оларға қажетті өкілет­тіктер берілмеген. Ал жергі­лікті жерлерде этносаралық қаты­нас­тар жөніндегі жұмыстар қалдық қағидаты бойынша жүргізіледі. Кейбір аймақ әкімдері, ҚХА төрағалары бола тұра, бұл жұ­мыстан өз беттерінше қол үзіп кеткен», деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ Ж.Түймебаев этнос­аралық қатынастарға қатыс­ты ғылыми-талдамалық, болжам­дық жұмыстарды жаңа са­палы деңгейге көтеру керек­тігін, этносаясат мәселелері жөнін­дегі ғылыми-зерттеу институ­тын құру туралы мәселе күн тәр­тібіне енгізілгенін айтты. ҚХА алдағы уақытта жергілікті жер­лерде мәселені тереңірек зерттеу үшін этностық топтар шоғырланған аудандарға сарапшыларды апарып, зерттеу жұмысын жүргізбек.

Сонымен қатар жиын барысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Айдос Са­рым және Ермек Тұрсынов сөз сөйлеп, этносаралық келісімді нығайтуға қатысты құнды пікір­лерімен бөлісті.

Іс-шараға сондай-ақ Пар­ламент депутаттары, Прези­дент Әкімшілігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің, Қазақстан халқы Ассам­блеясының өкілдері, Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүше­лері, Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеу­лер инс­титутының, Президент жанын­дағы Мемлекеттік бас­қару ака­де­миясының, ҚХА Ғы­лыми-са­раптамалық кеңесінің өкілдері, этностық саладағы жетекші са­рапшылар, ғылыми-зерт­теу инс­титуттарының, әлеу­мет­танушы компаниялардың қыз­меткерлері, жоғары оқу орын­дарының өкілдері қатысты.

Талқылауды Президент жа­­нындағы Қазақстан стра­те­гия­лық зерттеулер институты, «Қо­ғамдық келісім» РММ, Орта­лық коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар әлеуметтік сипаты бар тө­тенше жағдайларға уақтылы ақпа­раттық жауап қатудың, шы­найы ақпаратты беру мен жал­ған ақпараттың таралуына жол бермеудің маңызын ерекше атап көрсетті.

Өзектілігі мен маңызы жо­ға­ры мәселелер қатарында эт­ностық топтардың әлеу­меттік көңіл күйін, үміттерін және қа­зақстандық қоғамның құнды­лық­тарына бейімделу деңгейін анықтау үшін әлеумет­тік зерт­­теулердің әдістеме­лерін жетіл­діру қажеттігі қа­рас­тырыл­ды. Іс-шара қорытындысы бойын­ша тиісті ұсыныстар әзір­ленді. Олар Президент Әкім­шілі­гіне, мемлекеттік орган­дарға, әкім­дік­терге жолданады.