Шараға Польшадан профессор Дорота Подгорска-Яхник, Ресей Федерациясынан Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті ғалымдары және Алматы қаласынан педагогика ғылымдарының докторы Жаннат Сардарова онлайн режимде қатысты.
Семинар мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтендіру, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселелері мен келешек жоспарларды талқылау мақсатын көздейді. Бұл Қазақстан және Ресей педагогтары мен дефектологтарына арнайы және инклюзивті білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешуде күш-жігер біріктіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Пікірталас шеңберінде Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Ю.А.Королева «Білім – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтендіру факторы» тақырыбы аясында сөз қозғады. Ал Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті педагогикалық факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ш.Ғабдрахманова «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді дамытудың өзекті мәселелері», Зерде бұзылысы бар балаларға арналған Батыс Қазақстан облыстық арнайы мектеп-интернат педагог-психологі Ж. Мұрат «Арнайы (түзету) мектепте зияты бұзылған балаларды әлеуметтендіру» тақырыптары аясында тәжірибелерімен бөлісті.
-Халықаралық семинарды ұйымастырушылардың бірі Ш.Ғабдрахманова инклюзивті ортаны жоғары оқу орындарында қалыптастырудың жолдарын атап өтті. Инклюзивті мәдениет, кедергісіз орта қалыптастыру бағытында Польша, Ресей, Белоруссия елдері ғалымдарымен бірлескен жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларға оқу бағдарламаларын бейімдеудің тиімді жүйесін құру туралы ұсыныс айтылды. Семинар қорытындысында инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылып, нақты ұсыныстар енгізілді, - дейді университеттің баспасөз қызметі жетекшісі Рита Сұлтанғалиева.
Бұл ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жоғарыдағы тиісті орындарға жеткізілетін болады.
Батыс Қазақстан