Қоғам • 28 Ақпан, 2020

Оралда коронавирус бар ма?

979 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірде коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша брифинг өткізді.

Оралда коронавирус бар ма?

Бірер күн бұрын желіде «Қарашығанаққа Италиядан чартерлік рейспен келген италияндық жұмысшылар ешқандай карантиндік шараларсыз қазақстандықтармен араласып жүр» деген қауесет тараған еді. Нұрлыбек Мұстаев мұны жоққа шығарды.

- Жақында Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің коронавирусқа қарсы профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес, шет елдерден келіп жатқан азаматтар үш топқа бөліп қарастырылады. Бірінші топқа соңғы 14 күн ішінде Қытай жерінде болған азаматтар міндетті түрде 14 күндік стационарға карантинге жатқызылады. Қосымша тағы 10 күн дәрігер қадағалауында болады. Осы бірінші топқа қауіпті вирус кең тарап отырған Тайван, Ганконг, Макао, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Италия мемлекеттері де кіреді. Бұл елдерден келген азаматтар келген жерінде, түскен орнында 14 күн оқшаулануы, дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Екі апта уақыттан соң тағы он күн бойы телефон арқылы арнайы маман күн сайын хабарласып, жағдайын тексеріп тұрады. Екінші топтағы мемлекеттен келген азаматтар келген жерінде екі апта дәрігер бақылауында болып, тағы 10 күн телефон арқылы тексеріледі. Ал үшінші топқа жататын жолаушылар 24 күн бойы телефон арқылы тексеріледі, - деді еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысын түсіндірген Нұрлыбек Мұстаев.

Дәл бүгін облыс аумағында №1 категория бойынша бақылауда тұрған ешкім жоқ. №2 топта – 1  адам, №2 топ бойынша – №3 топ адам дәрігерлердің жіті бақылауында тұр екен. Ауру таралу қаупі бар жолаушыларды тексеру Орал қалалық әуежайында жүзеге асады. Мұнда халықаралық «Фракнфурт-Орал-Нұр-Сұлтан» әуе рейсінің және «Мәскеу-Орал» бағытының жолаушыларын мамандар арнайы қызу өлшегіш құралмен тексереді. Ал жердегі шекара арқылы келетін адамдар кедендік тексеру кезінде төлқұжатындағы белгілер бойынша вирусқауіпті мемлекетте болған-болмағаны анықталып, тиісті орындарға хабарланады. 

- Ақпан айының басынан бері Қытай Халық Республикасы аумағынан біздің облысымызға 132 адам келді, олар тиісті бақылауға алынып, карантиндік шарттарды сақтады. Олардың ешқайсысынан қауіпті ауру белгісі табылмады, - деді Нұрлыбек Мұстаев. Оның айтуынша, дәл бүгін бақылауда тұрған адамдар арасында Малайзия, Германия, Тайланд, Италия, АҚШ және Ұлыбритания азаматтары бар.

 

Батыс Қазақстан