Аймақтар • 29 Ақпан, 2020

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 50 отбасы өтініш берген

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, биыл 13 ауылдық аумақта 51 есептік кездесу өтіп, барлығы 65 ұсыныс пен ескерту айтылған.  

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 50 отбасы өтініш берген

Бұлар-ауылдарға интернет желісі, байланыс жүйесін тарту, таза ауыз су, жолдарды салу және жөндеу, білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын салу, жөндеу,  көріктендіру, санитарлық және экологиялық жағдай мәселелері.

Былтыр 86 қабылдау өткізіліп, 301 тұрғынауыл мәселелерін айтуға келген. Атаулы әлеуметтік көмек алу, жер мәселесі және жұмысқа орналасу, тұрғын үй секілді мәселелерді арқау еткен 178 сұрақ түсіндірілген. Ал, 123 мәселе оң шешілген.

Аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған 130 отбасында 1-ден 6 жасқа дейінгі 128 бала бар.

Үкімет тарапынан арнайы әлеуметтік пакет беріледі. Ол бойынша азық-түлік жиынтығы айына бір рет, тұрмыстық химия заттары тоқсанына бір рет беріледі. Әлеуметтік пакет әр балаға жеке-жеке ұсынылады.

Аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға көрсетілетін көмектің бір түрі – таза ауыз су құбырын үйге дейін тегін тартып беру.

Майқайың кенті мен Баянауыл ауылында көп балалы 12 отбасыға жалдамалы пәтер берілді. Көп балалы 1 отбасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен аудан орталығында баспанаға ие болды.

Көп балалы аз қамтылған 2 отбасыға Бірлік және Күркелі ауылынан жергілікті бюджет есебінен жалпы 6 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алынды. Мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 7 отбасы баспаналы болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжаттар жинау биыл да жалғаспақ. Ауданда бағдарлама арқылы баспаналы болуға ниетті 50 отбасы өтініш берген екен.

Аудандық әкімдік пен мердігер «КазСтройСервис7» ЖШС мен арадағы келісім бойынша, 59 аз қамтамасыз етілген, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі және ауданның Құрметті азаматтарының үйлеріне су құбырын тегін тарту көзделген. Қазіргі уақытта 10 үйге су құбыры тегін енгізілді.

Аудан бойынша 22 көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларына баспана берілген.

Биылғы оқу жылында балабақшалар мен шағын орталықтарға 132 бала тегін қабылданыпты. Аудандағы 26 мектептегі 2804 оқушы тегін тамақтанады.