Іс-шараны ұйымдастырушы тарап бұл басқосуды Алтын Орданың 750, Қасым ханның туғанына 575, Қазақ хандығына 555 жыл толған тарихи даталар құрметіне орайластырып, Жошы ұлысы һәм Ноғайлы – Қазақ мемлекетінің кіндік қаласы болған Сарайшықтың тарихи маңызы, соңғы кездері жүргізілген археологиялық зерттеудің нәтижелері, қазба кезінде табылған жәдігерлерді қалпына келтіру мәселелері, қала тарихына қатысты архивтік дереккөздердің жүйеленуі, сонымен қатар осы қалада орда тіккен Қасым ханның ұлт тарихында алатын орны туралы келелі кеңес өткізуді құп көрген сыңайлы.
Мекеме басшысы, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар мырзаның айтуынша, өткен жылы музей-қорықтың құрылғанына 20 жыл толу құрметіне орай қазан айында «Жошы ұлысы және Сарайшық: Қазақ мемлекеттігінің бастауы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіп, оған Германия, Ресей, Түркия, Қытай елдерінен оқымыстылар келіп қатысыпты. Бүгінгі шара осының жалғасы іспеттес.
«Бүгінгі өткізіліп отырған шараның мақсаты: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде: «Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет» деген тоқтамын жандандыру мақсатында өткізіліп отыр», деді Әбілсейіт Қапизұлы.
Империялық дәуірдің куәгері
Жиын барысында алғашқы сөз тізгінін бастаған тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов: «Сарайшық – Ұлы Даланың мұрасы һәм мұраты, халқымыздың империялық дәуірді басынан кешіп отырған заманда пайда болған қала», дейді. Негізінен алғанда Алтын Орда дәуірі халқымыздың тұтас ұлттық бірегейлікке ұмтылған тұсы. Демек Сарайшық осындай ұлы тарихтың куәсі және түркі тұқымдастарды біріктіруші фактор десе, келесі кезекте пікір айту мүмкіндігі бұйырған танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев: «Сарайшықтың ұлттық мәдениет пен тарихта алатын орны орасан зор. Бұл қала тарихы Жошы ұлысының тағдырымен сабақтас. Хангелді Махмұтұлы айтқандай, Сарайшық біздің империялық рухымызды тірілтетін – семантикамыз. Сол себепті оған ұлы тарихтың, ұлы жолдың бір пұшпағы деп қарауымыз керек. Нысанға 1988 жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргіздім. Ең қиыны, қала орналасқан аумақты су шаюдан сақтау шарасы еді. Бұл дүние өткен жылы шешімін тапты. Қазір зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік туды. Ол үшін ең алдымен кадр-маман мәселесін шешу керек. Бұл істі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті базасында қолға алған жөн. Екіншіден, өткен жылдың соңында қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң аясында, алда атқарылуы тиіс қазба жұмыстары бұрынғыдай ретсіз жүргізілмей, қазылған нысанды консервациялау ісі талап бойынша атқарылу керек», деді.
Расында Сарайшық – жоғарыда ғалым ағаларымыз айтқандай, Алтын Орда дәуірінде коммуникациясы дамыған, керуен жолы басып өтетін ірі орталық болғаны анық. Бұл туралы Әбілғазы баһадүр «Сарайшыққа Бұқарадан көп керуен келетін еді», деп жазғаны бар.
Ислам қанат жайған қала
Сонымен қатар Сарайшықта ислам діні кең қанат жайған. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық басшысы Әбілсейіт Мұқтардың «Түркістан» газетінің 20 ақпан күнгі санында жариялаған мақаласында: «Сарайшық қаласы мұсылман дінін Жошы ұлысының мемлекеттік діні деңгейінде көтерген рухани астанасы болды. Осында Берке хан мен інісі Тоқай Темір 1263 жылы мұсылман дінін қабылдады», депті.
Дәл осы тақырыпты кеңейтіп баяндама жасаған Висконсин-Мадисон университетінің профессоры, Назарбаев Университеті түркітану және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлының сөзіне сүйенсек, араб саяхатшысы Ибн Баттутаның дерегінде айтылатын «Бұл қалада түркіден шыққан құрметті тақуа діндар Ата тұрады», деген пайымды «Бұл кісі Яссауи тарихатының ірі өкілі Сайт Ата болуы мүмкін», деген болжам айтты. Сол сияқты Флоренция көпесі Ф.Пегалотидің дерегіндегі «Сарайшықтан Үргенішке дейін түйелі арбамен 30 күн жүрдік», дегені және жоғарыдағы Ибн Батутаның «Біз Сарай қаласынан ат арбамен 10 күн жүріп, Сарай-жукке келдік. Бұл Ұлысу деп аталатын ағысы қатты өзеннің жағасында гүлденген қала екен. Әлемде Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен», деген деректерін Ю.Шамилоғлының аузынан естідік.
Сарайшық қаласы жайлы зерттеген тағы бір ғалым қарындасымыз Зибагүл Илиясова қалаға қатысты жазылған араб деректерін алға тартты. Оның пайымдауынша, 1250-1517 жылдары Мысыр және Шам жерінде билік құрған мәмлүктермен Алтын Орда арасында діни һәм туыстық тұрғыдан байланыс болған. Яғни, бұл қарым-қатынастар 1261-1438 жылдар аралығында жүргізілген. Бұл жайлы 62 автордың дерек-дәйегі бізге жетіп отыр. Бұлардың арасынан Мәмлүк сұлтанының сарайында қызмет еткен оқымысты әл-Омари, ан-Нуайри, Қалқашандидің еңбегі зор. Ал Батута болса, Сарайшық билеушілерінің салтанаты жайлы: «Әрбір қатын күймелі арбамен жүреді. Күйме шатыры алтын жалатқан сәнді. Аттары жібек жабулы... Олардың әрқайсысының үстінде жібек киім, бастарында шошақ бөрік киген 4-5 қызметші әйел. Күйме соңында түйе, өгіз жегілген 300-ге жуық арба, оларда қатынның қазынасы, дүние-мүлкі, киім-кешегі, ас-суы артылған...» деп суреттепті.
Хандар жерленген – пантеон
Сарайшық қаласының ұлт тарихындағы тағы бір артықшылығы – Жошы ұрпақтарының таққа отыратын саяси астанасы болғаны. Тарихи деректерде сайланған хандар «Алтын таққа» отырғаны жайлы айтылады. Сонымен қатар Сарайшық – Жошы ұлысының даңқты тұлғалары, хан-сұлтандар жерленетін пантеон болған. Бұл жайлы венециялық монах Фра Маураның 1459 жылы жазған еңбегінде анық айтылған. Сондай-ақ қала орнына археологиялық қазба жұмысын жүргізген Н.Арзютов пен Г.Пацевичтер бір ауыздан «Алтын Орда хандары Сарайшықта жерленген» деген пәтуа айтса, қазақ ғалымы Ә.Марғұлан 1524 жылы өмірден өткен атақты Қасым хан осы қалада жерленген деген тоқтам айтыпты.
Керекулік молда Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай, қазақтың аузын аққа тигізген Қасым хан ұлт тарихында орны зор тұлға. Биыл туғанына 575 жыл толып отырған қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деген мәңгілік мұра қалдырған Қасым Жәнібекұлы жайлы тарих ғылымдарының докторы Нұрлан Атығаев баяндама жасады.
Әуелгі сөзін Қасым ханның ұлт тарихындағы рөлі жайлы айтудан бастаған ғалым, Қазақстанның этникалық аумағының қалыптасуына ең үлкен еңбек сіңірген тұлға екенін айтып: «Тұлғаның еңбегі мен мұрасына адал баға беру біздің міндетіміз. Осы уақытқа дейін ханның есімі берілген бірде бір елді мекен, оқу орны, көше аты жоқ, ескеркіш те орнатылмады» деді. Сондай-ақ Қасым ханның дүниеден өткен жылына да әлі талас бар екен. «Тарих-и Рашидидің» 1969 жылғы Н.Мингулов жасаған аудармасында хан хижраның 924 жылы қайтыс болды десе, А.Урунбаев бастаған өзбек оқымыстылары жоғарыдағы еңбектің тағы бір нұсқасына сүйеніп Қасым хан хижра 924 (1518) жылы дүниеден өтті депті. Соңғы нұсқа дұрыс, – дейді Нұрлан Әділбекұлы.
Сарайшықтың 1741 жылғы жоспары табылды
Жиын барысында айтылған қуанышты жаңалықтың бірі ортағасырлық Сарайшық қалашығының 1741 жылғы жоспарының табылуы. Аталған тақырыпта баяндама жасаған Атырау облысы «Тарихи және мәдени мұраны зерттеу» орталығының жетекшісі Мұқамбетқали Кипиевтің айтуынша, жоғарыдағы құнды құжат өткен жылы Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен табылған екен. Жоспардың маштабы 50, бетіндегі мәтіндер ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында қолданған шапшаң жазу үлгісімен берілген.
«Біздің ойымызша жоспар ортағасырлық Сарайшық қалашығының жанынан бекініс салу үшін жасалған. Өйткені, Орынбор комиссиясын басқарған В.Татищевтің Жайық (Орал) қалашығынан төмен аумақты қорғау мақсатында қамалдар мен бекіністер салып, оған әскери полк және дворяндарды тарту жобасы 1739 жылы мақұлданғаны белгілі. Дәл осы жоба аясында бұл жоспар жасалған болуы мүмкін», дейді Мұқамбетқали Кипиев.
Қалай десек те, бұл жоспар көне Сарайшықтың тарихи топографиясын танып білуге таптырмас құнды еңбек екені анық. Мысалы, жоспарда Жайық және Саранчинка өзендері ортасында орналасқаны, сонымен қатар ішкі бекінісі «кремль», сыртқы қорғанды «бело город» деп атауы қала құрылымын анықтауға мүмкіндік тудыруда көрінеді.
* * *
Осылай жарты күнге созылған жиын соңында қатысушылар төмендегі ұсыныстарды қабылдады. Атап айтқанда, Сарайшық музей-қорығы өткен жылы бастаған Жошы ұлысына қатысты ғылыми-зерттеу экспедициясын жалғастыру; Алтын Орданы ұлықтайтын ғылыми-зерттеу бойынша конкурс жариялау; музей-қорық журналын шығару; «Ел билеушілері» аллеясын жасау; қазба жұмыстары барысында табылған сарай кешені, оның қақпасы, мазарын қалпына келтіру тағы басқа.
Осындағы ұсыныстарды қолдай отырып, өз ойын айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев, атқарылуға тиіс іс-шаралар өткен жылы қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң аясында жасалғаны дұрыс дегенді айтып: «Нақтырақ айтқанда, бұдан былай археологиялық қазба жұмыстар бұрынғыдай ретсіз жүргізілмеуі керек. Сондықтан осында айтылған ұсыныстардың атқарылу тетігін анықтап, жұмысты жүйелеген дұрыс», деді Бейбіт Баймағамбетұлы.
Басқосуды қорытындылаған Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Қарсақбайқызы да көпшілік қабылдаған ұсыныстарға қолдау білдіретінін айтып, бүгінгі шараның жоғары деңгейде өткеніне ризашылық білдірді. Сонымен қатар көпшілік қауым іс-шара аясында ұйымдастырылған «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы» атты жылжымалы көрмені тамашалады.