Миллиондаған адам мал артатын вагондармен Қазақстанға жеткізілді. Мыңдаған жан жолда үсіп, аштықтан, аурудан жан тапсырды. Түрлі себеп-сылтаумен қазақ жеріне жеткізілген жандарға кеңестік билік жағдай жасаған жоқ. Керісінше күнін зорға көріп отырған қазақтардың мойнына қосымша жүк артты.
Қолындағы наны мен қоржын тамын тең бөліскен қазақтар этностарды өз бауырындай көрді. Заман тар болғанымен қарапайым қазақтардың ықылас-пейілі, мейірбандылығы және адами жанашырлығы біздің бейбіт дәуірге жетуімізге сеп болды.
Сөздің ашығы – әуелі Алланың, сосын қазақ халқының демеуінің арқасында біз осы күнге аман-есен жеттік. Сондықтан бізге кезінде пана болған Қазақ еліне әрдайым алғыс айтамыз.
Біз қазақстандықпыз! Иә, біздің түріміз, тіліміз өзгеше болғанымен, еліміз, түбіміз, діліміз бір. Ең бастысы – бір елдің азаматымыз. Өз кезегінде осы елдің нанын жеп, жылуын сезген барлық этнос бүгінгі жеткен жетістігі үшін Қазақ еліне әрдайым қарыздар.
Біз бір екенімізді құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көрсеткеніміз жөн. Дәл қазір қазақтың сөзін сөйлемеген ұлттың өзге жерде өзінің намысын қорғай алады дегенге мен сенбеймін.
Алдыңғы буынның аманаты мен өзіндік ар алдында біз – осы елге, осы жерге әрдайым қарыздармыз!
Ендеше жанымыздағы жақын жандарға алғыс айтудан жалықпайық.
Лайым, бірлік жолында бір сапқа тұрудан жаңылмайық.
Арзу ГУРБАНОВА,
Шымкент қаласы Әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары