Маңызды шараның мақсаты жайлы таныстырған «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, қор құрылған сәттен бастап, шеттегі қандастарымыздың рухани және құқықтық қажеттілігін өтеу жолында іргелі істер атқарып, біршама жетістікке жеткенін жеткізді. Яғни, қордың мұрындық болуымен 2500 данадан астам көркем әдеби, танымдық кітаптар шекарадан тыс жерде орналасқан қазақ мәдени орталықтарына жолданса, бүгінгі ашылып отырған «Отандастар» оқу залы сыртта жүрген қазақ диаспорасының шығармашылық қуатын танытатын құнды туындылардың басын қосып отыр екен.
Аталған залдың төрінде түркиялық қаламгер Халифа Алтайдың кітаптарынан бастап, шыңжаңдық танымал жазушылар Жақсылық Сәмитұлы, Серік Қапшықбай, Нығмет Мыңжани, Шәміс Құмар, сонымен қатар моңғолиялық сөз зергерлері Шынай Рахметұлы, Кәп Құмарұлы, Егеухан Мұхамәдиқызы қатарлы қалам иелерінің қарымды дүниелері тұрғанын аңғардық. Тіпті мұндай баянды тірлікке тілектестік танытып, Түркияда тұратын Хасен Өралтай ағамыздың балалары әкесінің әр тілде, әр жылдары жарық көрген толық шығармасын жіберіпті. Сондай-ақ, Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» шыққан Шыңжаң қазақтары жайлы тұрмыстық-этнографиялық басылымдар да сөреден орын алыпты.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл бастамасы ғана, алдағы күндері кітап қатары көбейе түспек. Сол сияқты осында орналасқан әдебиеттер ұлттық электронды кітапхана жобасы аясында техникалық платформа бойынша толық цифрланғанын айта кеткен артық болмас.
Ал тұсауы кесілген тың туынды «Қазақ әлемі» жайлы айтар болсақ, бұл электронды кітапқа әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп, қызмет атқарып жүрген 50 қазақ азаматына қатысты жазба топтастырылыпты. Көбі олардың іс тәжірибесі мен ойлы пайымдарынан құрылған сұхбат-эсселер көрінеді. Бұлардың дені ғылым-білім, бизнес саласында, қалғаны өнер иелері мен спортшылар екен.
«Әлемдік экономика, халықаралық қаржы, жаһандық бизнес, ғылым-білім, мәдениет пен өнер саласында өзіндік өрнегімен ортасынан озып, елге танылып, қазақтың атын шығарып жүрген отандастармыздың тәжірибесі көпке өнеге, болашаққа үлгі болуы тиіс. Сонымен қатар сырттағы қандастарымыз арасынан шыққан дарын иелерін біз тарихи отанына тарту арқылы ел еңсесін тіктеуге септігіміз тисе, мақсатымыздың орындалағаны» деді Мағауия Қанапияұлы.
Жиын барысында, келелі іске ризашылық танытып, пікір білдірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өзінің тың туындылары «Ұлы дала әдебиеті» һәм «Қорқыт ата кітабы» бастатқан бір топ мұрасын «Отандастар» залына сыйға тартса, танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты Әлібек Асқар, Ұлттық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева қатарлы зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды.
Мәртебелі басқосудың сәнін келтірген тағы бір оқиға – атажұртына оралған қылқалам шеберлерінің көрмесі. Атап айтқанда, Аманжол Мусалинов, Серікжан Ысқақбекұлы, Бақытбек Зерде, Толқын Табысбек, Жалын Бауырхан, Қайрат Жайырбекұлы қатарлы суретшілердің қолынан шыққан түрлі стилдегі жұмыстар көз қуантып, көңіл сергітті.