Ведомство басшысының айтуынша, пара беру дерегі мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан бөлек, жекеменшік секторда да кең өріс алған. Мәселен, жекелеген коммерциялық банктерде бизнесті дамыту үшін несиені алудың көлеңкелі амалдары жолға қойылыпты. Бұған қоса табиғи монополиялар саласында да жемқорлық фактісі азаймай тұр. Әсіресе бұл электр желілеріне қосылу, газ, жылу, сондай-ақ сумен жабдықтау мәселесінде өзекті дейді А. Шпекбаев. Агенттік төрағасы өндіріс және кен игеру өнеркәсібінде сыбайлас жемқорлық әдетті құбылысқа айналғанын жеткізді. Тіпті ритейл бағытында жылдар бойы әбден пысықталған заңсыз жүйелер қалыптасқан деді ол.
– Инвесторлардың 600-ден астам қордаланған мәселесі шешілді. Бизнестің мүддесін қорғаудан бөлек, кәсіпкерлердің де әдебін өзгерту бойынша жұмыстар атқарылуда. Кәсіпті жүргізуде әдептілік басты мұрат болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен іске асыру жалғастырылады. Биыл сыбайлас жемқорлық ұғымын жеке секторда түсіндіру жұмыстары күшейтіледі, – деді А.Шпекбаев.
Агенттік басшысы «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясына қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты. Анықталғандай, «ҚазАгроға» қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылығы заңсыз сыйақыға арналған 11 млрд теңгені «Хоум кредит банкінің» депозитіне салған. Әйтсе де бұл ақшаның негізгі мақсаты ауылдағы кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге арналған екен. Дегенмен, спикер тергеу жұмыстары енді басталғанын нақтылады. Бұдан өзге кәсіпкерлер құрылтайында бизнесті цифрландыру, кәсіпкерлік саладағы салық жүйесін автоматтандыруға қатысты өзекті мәселелер қаузалды.