«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирус инфекциясынан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемдегі жағдай күрделі. Өздеріңіз жақсы білетіндей, қазіргі уақытта вирус елуден астам елде анықталып, өте жылдам таралуда. Қазір Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру керек», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің сөзінше коронавирус әлемдік экономикаға үлкен әсерін тигізіп отыр.
«Осы ретте Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдау керек. Министрліктердің атап өткен ұсыныстарын қолдаймын. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі барлық мемлекеттік шекаралық өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, әзірленген іс-қимыл алгоритмін іске асыруға дайын болуын қамтамасыз етсін. Екіншіден, Сыртқы істер министрлігі бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық шараларды ауыстыру бойынша ұсыныстарды енгізсін. Коронавирус инфекциясы таралған елдер үшін транзитті, электронды, туристік визаларды тоқтату қажет», - деді ол.