Қоғам • 02 Наурыз, 2020

Арулар күні қарсаңында «Астана Балет» ғаламат гала-балет қояды

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында астаналық театр әртістері классика мен қазіргі заманды астастырып, мерекелік гала-балет қояды. Бір кеште көрермен қауым заманауи хореография тілімен ғана емес, фуэте мен па де де өрнектері бар классика жауһарларын да тамашалай алмақ. 

Арулар күні қарсаңында «Астана Балет» ғаламат гала-балет қояды

Наурыздың 6-7 күндерінде жүретін гала-балетке классикалық мұраға жатқызылған спектакль үзінділерімен қатар, неоклассикалық қойылымдар да еніп отыр. Бірінші бөлімде әйгілі «Корсар» балетінен «Жайқалған бақ» сахнасы, «Шерткіш», «Аққу көлі», «Күлше қыз», «Махаббат туралы аңыз» және «Silent Voices» балеттерінен үзінді көрсетіледі. Ғажайып пластика тілінің құдіретімен адам баласының сезімі, арманы мен үміті жайлы оқиғалар баяндалады.

«Мұндай көрсетілімдер біздің солистеріміз үшін өте маңызды әрі пайдалы. Себебі, олар осы арқылы өзінің шығармашылығын паш ете алады. Бір жағынан, бұл олардың өз мүмкіндіктерін тағы бір тексеруіне, жалпы, өсуіне де септігін тигізбек», –­ дейді «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Екінші бөлімде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің«A FuegoLento» («Баяу жалын») бір актілі балеті көрсетілмекші. Заманауи хореография тілімен бразилиялық хореограф махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды билеген үрей, тәніңізді жаулаған қуаныш сезімі мен іште жалындай лаулаған құштарлық сезімін суреттейді. Сезімтал танго биінің ырғағымен әуелеген, ынтық сезімге толы сахналар ешбір көрерменді бей-жай қалдырмас.

Сондай-ақ наурыз айында «Астана Балет» театры Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында Атырау және Семей қалаларында өнер көрсетеді.