Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

ҚазҰУ-де «Әр алуандық және білім беру: көзқарастардың тоғысуы» халықаралық семинары өтті

205 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық  ықпалдастық отандық білім саласына заманауи мүмкіндіктер жүктеп отыр. Осы орайда IT саланың артықшылықтарын  игеру, электронды оқулықтарды жетілдіруде шет тілдеріне маманданатын студенттерге қолайлы жағдайлар қарастырылуда.

ҚазҰУ-де «Әр алуандық және білім беру: көзқарастардың тоғысуы»  халықаралық семинары өтті

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен «Әр алуандық және білім беру: көзқарастардың тоғысуы» тақырыбында өткен халықаралық семинар барысында  отандық мамандармен қатар шетел ғалымдары мәдениетаралық коммуникация, аударма ісі, дипломатиялық қарым-қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Ғылыми семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры М.Бүркітбаев жақында университет қабырғасында ашылған «Мәдениетаралық коммуникация және аударма зерттеулері» халықаралық орталығының жұмысына тоқталып,онда білім бағдарламалары нарығында бәсекелестікті арттыра отырып, отандық студенттердің әлем тілдерін игерудегі артықшылықтарына тоқталды. Ал өз кезегінде орталық директоры, Фрибург университетінің  2012-2014 жылдардағы пост-докторнаты, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі Алмаш Сейдікенова халықаралық байланыстарды нығайта отырып, шетелдік әріптестермен мәдени коммуникация, аударма зерттеулерін игерудегі ықпалдастық тұрғысында сөз қозғады. Екі жыл бойы Швейцариядағы студенттердің өмірімен жіті танысқан маман бүгінде отандық студенттер үшін білім мен ізденістің ара жігін ажырататын кез келді, дейді. Алмаш Смайылқызының айтуынша, шетелдік оқу орындарында  академиялық еркіндікке барынша мән беріліп, студенттердің ізденіспен жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасалған. Яғни, оқытушы бағыт-бағдар бергеннен кейін, студент ары қарай шығармашылықпен айналысады. Осы тұрғыда отандық білім жүйесінде негізге алатын мәселелер жеткілікті. Әлі күнге отандық білім саласында кеңестік жүйе мен шетелдік білім тәжірибесінің ұтымды-ұтымсыз тұстарының ара-жігін ажырата алмай отыру себептері жиі кездеседі. Ал оның салдары болашақ мамандардың кәсіби жоғары деңгейде білім алуына кері ықпалын тигізуде. Тіптен, оқытушылардың да, студенттердің де әлеуметтік жұмыстарға барынша алаңдауының кері әсерін біле тұра, бұл жайттардан арыла алмай келеміз, дейді маман. Сондықтан да студенттердің зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлудегі шетел тәжірибесіне назар аудару қажет. Азат ойдың нәтижесі де нитижелі болмақ.  Осы тұрғыдан алғанда жақында ашылған орталық жұмысы студенттердің ой еркіндігіне барынша жағдай туғыза отырып, сөйлеу мәнері, шет тілдердің кодын жеткілікті меңгеру, шет тілінде ғылыми тәжірибеден өту, академиялық мобильділік, сонымен қатар оқытушыларға  арналған кәсіби біліктілік курстарын өткізудің де тиімділігі жоғары. Ал ИТ саладағы электронды оқулықтар мен бағдарламалармен қамтамасыз ету, мектептер мен жоғары оқу орындарына қажетті оқу және ғылыми материалдар, сондай-ақ тіл меңгеру үшін мобильді қосымшалармен қамтамасыз етудің маңызы жоғары.

Семинарда  Румыния, Женева, Франция, Алжир, т.б. шетел  университеттерінің  профессорлары мен докторанттары халықаралық ықпалдастық мәселелеріне қатысты баяндама жасады.

 

АЛМАТЫ