Қоғам • 02 Наурыз, 2020

Ауылдың болашағы жоқ емес, бар...

1265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен ауылда туып, ауыл өміріне әбден қанық адаммын. Саналы ғұмырымның 34 жылын ауыл шаруашылығына арнадым. Бөлімше агрономынан бастап, саладағы барлық басқыштан өттім. 15 жыл кеңшар директоры, ауыл шаруашылығының облыстық басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Зейнетке шыққанған кейін 6 жыл шаруа қожалығын басқардым.

Ауылдың болашағы жоқ емес, бар...

Ауыл өміріндегі өткен талай өзгерістерді басымнан өткеріп, қазанында қайнадым. Кешегісі мен бүгініне дейін қанықпын. Сондықтан салмақты ой айтуға, келелі пікір қосуға қақым ғана емес, азаматтық парызым бар деп білемін.

Құрып кеткен ауылдардың қасіретін бүгінгі әділ де сын көзбен қарасақ не дейміз. Негізгі себептері неде? Әрине, бұл қоғамның тарихи да табиғи өсу, өзгеру жолдары екені сөзсіз. Колхоздастыру, кеңшарландыру, одан кейінгі жекешелендіру сияқты саясаттардың сұрқы бір урбанизация шеңберіне сия ма? Әрине, жоқ. Мұның бәрі табиғи үдеріспен емес, күшпен атқарылған жөнсіздік.

Бүгінгі таңда біздің облыста жүздеген ауыл болашағы жоқтың кебін кигелі тұр. Осы «Болашағы жоқ» деген  қара таңбаны ойлап тапқан кім екен? Ауылды өркендетуге миллиардтаған қаржы қарастырылып, бөлініп, игеріліп жатыр дейміз. Ендеше ауыл неге аяқ астынан «болашағы жоқ» болып қалды. Бөлінген миллиардтаған қаржыға не салынды, неге әлі күнге жол жоқ, таза ауыз су толық жеткізілмеген? Миллиардтың ізі қайда?

Әрине, тек үкіметке топырақ шашсаң дұрыс болмас, өйткені ауыл тұрғындарының да кінәсі аз емес. Кеңес заманында ауыл адамдарын масыл қылып, жаман үйреттік. Жұмысты қалай істесең де, еңбекақы төленеді, жай-күйіңді жүдеткен жоқ, үйіңді салып, жөндеп, шөбіңді, сабаныңды әкеліп, үйіп беріп отырдық емес пе? Сол, масылдыққа үйреніп қалған халық өздігінен іс қылуға келгенде шабандық танытты. Сондықтан үкіметтің қолдауы міндет.       Ауыл адамының атам заманғы тұрмыс-тіршілігінің көзі – мал. Облысымызда санаулы шаңырақтары бар ауылдар өз күндерін мал арқылы көріп отыр. Малының өнімдерін сатып, кішігірім өнеркәсіп ашып, тұрмысын түзеуге тырысқандар көп. Осындайларға үкімет тарапынан қолдау қажет.

Адам өмірінің негізгі пролемасы қандай? Ол – жол мен су. Осы екеуі қолға алынып, шешімін тапса, ауыл өмірінің тіршілігі жүдемейді, өшпейді. Басқа елдердің қатарында өсіп, болашағын жоймайды. Мемлекет ауылға бөлінетін қаражатын нақ осы екеуін шешуге  бағыттауы керек. Біздің мемлекеттің мүмкіндігі бұған әбден жетеді деп ойлаймын.

Ал «Болашағы жоқ»  дегенді желпілдете берсе, әрине, көп ауылдың көрі қазулы. Бұл ауылды жою деген сөз. Ол қиын емес, бірақ жалпы елдің болашағын ойлаған мемлекет оған бармауы керек.

Қазір елімізде шығарылып отырған мал өнімдернің негізгі бөлігін ауылдар беріп отырғанын ескеріп, азық-түліктің өршіп бара жатқан бағасын ауыздықтауға ауыл кепіл бола алады. Бүгінгі таңда барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 45 пайызы мал шаруашылығына тиесілі. Ал ішкі рынокты етпен қамтамасыз етіп отырған негізінен ауыл, ауылдағы жеке шаруалар. Базардағы ет бағасын да солар анықтайды. Осы жеке шаруаларға жағдай жасап, олардың ет пен сүт өнімдерін жинап, базарға шығарып тұратын кооперативтер құрылса, оны мемлекет қолдаса – ауыл проблемасын шешудің бір жолы осы болар еді. Ал бізде жол болмағандықтан ондай кооперативтер құрылған болса да дамып кете алмайды.

Тоқсаныншы жылдардың басында біз, бір топ қазақстандық азамат Париждегі Савой университеті жанындағы халықаралық агробизнес мектебінен дәріс алдық. Сонда фермерлердің шаруашылығымен таныстық. Сол жолы осы кооперация мәселесі Францияда  қатты дамығанын көрдік. Мысалы, бір кооператив 17-18 фермердің басын құрайды екен. Бәрі де шағын-шағын. Астық өңдеу, тұқым дайындау ісі бір кооперативте, ал мал шаруашылығындағы кооператив сүтті фермерлерден тек белгілі уақытта жиып әкетіп, ірімшік және т.б. өндірумен айналысады. Фермер табысын содан алады. Әр фермерлерге қатысты бірнеше тұрғын үй ғана бар. Фермерлердің арасы тегіс асфальт жолмен жалғасқан. Балаларын мектепке арнаулы автобус алып кетіп, кешке үйлеріне әкеліп тастайды. Басқа шаруаларына өз көліктерімен қатынасады.

Осыны істеу біздің қолымыздан да келеді ғой. Оған тек қана жол керек. Бірақ біздің мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдау бағдары тек үлкен шаруа қожалықтарына бағытталған. Несие де, субсидия да соларға беріледі. Осының өзі біздің әлі күнге кеңестік кеңкелестік гигантоманияға байланып қалғанымыздың салдары. Ондайдан арылуымыз керек.

«Табиғи жолмен дамитын шағын ауылдар адамға да, шаруаға да пайдалы» деген Жақсыбай Самраттың тұғырлы пікірін қолдаймын. Басқа қолымыздан келмесе де шағын ауылдар еліміздің ет-сүтпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Ол үшін, жоғарыда айтқанымыздай, тек жол керек.

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

«Ауыл шаруашылығының құрметті ардагері»,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұлт болмысының тұғыры

Қоғам • 11 Қаңтар, 2025

Жылынудың жануарларға әсері

Жануарлар • 11 Қаңтар, 2025

Тылсымға толы Шал тауы

Талбесік • 11 Қаңтар, 2025

Қоныстой – көптің қуанышы

Аймақтар • 11 Қаңтар, 2025

Көлде жүзген қос аққудай...

Қоғам • 11 Қаңтар, 2025

Ауаға айтылған уәж

Өнер • 11 Қаңтар, 2025

Театр тұйғыны

Театр • 11 Қаңтар, 2025

Киелі күй иесі

Тұлға • 11 Қаңтар, 2025

Байыптау мен айыптаудың арасы

Білім • 11 Қаңтар, 2025

Жылу қазандығы жаңартылды

Аймақтар • 11 Қаңтар, 2025

Тұтынушы құқын білесіз бе?

Құқық • 11 Қаңтар, 2025

«Ақылды қалаға» апарар жол ұзақ

Алматы • 11 Қаңтар, 2025

Тариф түзілімінің жаңа қағидасы

Сараптама • 11 Қаңтар, 2025

Сапаға мән береді

Еңбек • 11 Қаңтар, 2025

Экономикаға серпін береді

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Игі бастамалар жүзеге асады

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Сенім мен үміттің бастауы

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Еңбек ұжымдарымен кездесті

Саясат • 11 Қаңтар, 2025