«Атамекен» қолдау орталығы» жобасы дәл осы ауданда кездейсоқ іске қосылған жоқ. Қордай ауданында болған соңғы оқиғалардан кейін орталық халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік қызметке жұмылдыру мәселелерін айтарлықтай шешуге көмектесуі керек», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев орталықтың ашылу рәсімінде. Қордай ауданында Жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары – «Мәдениет үйі» және «Қаракемер» ауылында орналасқан.
«Мұндай орталықтар кешенді шараларды көрсетеді. Бастысы, қолжетімділік, ақпараттылық және жауапкершілік. «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығында бүгінгі таңда Қордай ауданында жүргізілген сауалнама негізінде бос жұмыс орындарының базасы қалыптастырылған. Бұл 7 859 кәсіпкерлік субъектісі. Жұмыссыз адамдардың орталыққа өтінім жасауын да кеңесшілер базамен қарап, оларға жұмыс орындарын ұсынады», – деді Жамбыл облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов.
Сонымен қатар, Олжас Қаржауов «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығын ашпас бұрын Қордай ауданында 4 мыңға жуық компания сауалнамаға қатысқанын, олар 111 бос жұмыс орны туралы хабарлағананы айтты. «Компанияларға сатушылар, бақташылар, жүргізушілер, сату жөніндегі менеджерлер, тігіншілер, тракторист-механизаторлар, жұмысшылар, сауыншылар, жанармай құю станцияларының операторлары қажет. Орташа айлық еңбекақы 42 000-90 000 теңгені құрайды. Айта кетейік, 2 күн ішінде «Атамекен» қолдау орталығы» 90 адамға қызмет көрсетті», – деді Олжас Қаржауов.
Жобаның тағы бір ерекшелігі жұмыс істеу форматында. Әр орталықта 3 менеджер және 1 жеке қабілетті дамыту кеңесшісі қызмет көрсетеді. Жеке қабілетті дамыту кеңесшісі анағұрлым лайықты мамандықты анықтау мақсатында тестілеу өткізеді, қандай дағдыларды дамыту қажеттігін айтады. Осы ретте «Атамекен» қолдау орталығының» командасы адамдарды қабылдап қана қоймай, сондай-ақ, тұрақты түрде халыққа жақын болып, ауылдарды аралап, үйді-үйге барып, тұрғындарға жұмыспен қамтуда қолдау шаралары туралы ақпарат беретін болады.
Сонымен қатар, өтінім бергендер «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде қысқа оқыту курстарына қатыса алады. Оқыту кәсіпорын базасында өтеді. Мұндай оқыту 1 айдан 3 айға дейін жалғасады, шәкіртақы және ары қарай жұмыспен қамту қарастырылған. Бұдан бөлек, аталған бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде «Бастау» жобасы бойынша өтінім берген жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жас ерекшелігіне қарамастан бір ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, бизнес жүргізуде негізгі дағдыларды игереді. Ары қарай жоба түлектері кәсіп ашуға микроқаржыландыру және немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ала алады. «Бастау» жобасы шеңберінде былтыр Қордай ауданы бойынша 403 тыңдаушы оқып, соның ішінде 155 жоба грант алған.
«Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қолға алу жөніндегі тапсырмасы. Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың барлық шараларын проактивті режимге ауыстыру аясында іске асырылуда. Бүгінде «Атамекен» қолдау орталығы» Қордай ауданынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған. 2019 жылы жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары шеңберінде 81 109 адамға кеңес берілді, 8787 адам «Бастау» жобасымен оқуға жіберілді, 2834 адам «Жас кәсіпкер» жобасымен оқыды. «Атамекен» қолдау орталығы» жобасы арқылы 2403 адам жұмысқа тұрды. Осы оң тәжірибе жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде де жалғастыруға негіз беріп отыр», – деді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Айдана Тоғызбаева
Жамбыл облысы