Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Өзге өңірдің өнімдеріне мұқтаж

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласына қолайлы аймақ болғанымен, бүгінде тұр­ғындарға қажетті көптеген өнімді өзге өңірлерден тасымалдап келеді. Облыс орта­лығындағы «Ауыл-Береке» базарында саудаланып жатқан бірқатар өнім жергілікті емес. Бұл ретте саудагерлер өзге өңірдің өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтады.

Өзге өңірдің өнімдеріне мұқтаж

Ішкі нарықта Павлодар, Қарағанды об­лыс­­­тары мен көрші Қырғызстан мемле­кеті­нің үлесі бәрібір жоғары екен. Мәселен, Пав­ло­дар картобын ұзақ сақтауға болады дейді олар. Қырғызстан картобы да солай. Ал Пав­лодардан келген сәбіздің түсі де, дәмі де бөлек деседі. Сондықтан да атал­ған өңір­лерден келетін өнімге деген халық­тың сұ­ра­нысы жоғары. Осы мәселе төңі­регін­де Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапар­баев есепті кездесуінде «Басқа өңір­лерден келетін азық-түлікті азайту керек. Жексенбі күні базарда болдым. Пияздан басқа Жамбыл өңірінде өсіріл­ген өнім жоқ. Бәрі сырттан келеді. Павло­дар­дан картоп алатын болсақ, онда не бол­ғаны­мыз?», деген еді. Енді бұл бірден ше­ші­ліп кетпесе де, біртіндеп шешілуі тиіс мәсе­­ле­лердің бірі. Алайда бұған облыстың әлеуеті жете ме, бүгінгі таңдағы өнім көр­сет­кіші қан­дай деген мәселеге тоқталып көрейік.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Жамбыл облысы пияз өсіруден алдыңғы орынға шықты. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірде 20 095 гектар жерге пияз егіліп, одан орташа есеппен 803 мың тонна өнім жиналған. Ал осы егілген пияздың 19 294 гектары агроқұрылымдарға тиесілі болса, 801 гектары шаруашылықтарда өсірілген. Пияз өсіруден қазір Шу, Қордай және Жамбыл аудандары көш бастап тұр. Қор­дай ауданындағы Масанчи, Сортөбе және Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе (бұ­рын­ғы Дунгановка) ауылында тұра­тындар пияз егумен жыл сайын әрі тұрақты түрде айналысады.

Мәліметке сүйенсек, өңірде өткен жылы 10,1 мың гектар алқапқа картоп, 3,6 мың гектарға сәбіз және 1,4 мың гектарға қырық­қабат егілген. Бірақ бұл көрсеткіш пиязға қарағанда төмен. Дегенмен, басқарма берген мәлімет бойынша облыстағы негізгі көкөніс өнімдері ішкі тұтыну нормасын артығымен қамтиды екен. Мәселен, өңірде жылына шамамен 234 мың тонна картоп өндіріледі. Бұл ішкі сұранысты 2,2 есе артығымен қамтиды. Сол сияқты, өңірдегі қырыққабат, картоп, сәбіз сияқты өнімдер де діттеген мөлшерде өндірілсе, сұранысты өз деңгейінде қанағаттандырады.

Негізі жыл сайын желтоқсан мен қаң­тар ай­ларының аралығында, ірі базарлар­да көкөніс саудасы қала тұрғындарының сұ­ра­нысына сай жүргізіледі екен. Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқарма­сы­ның басшысы Берік Нығмашевтің айтуын­ша, бұл кезеңде Павлодар, Қарағанды об­лыс­­тарының және Қырғызстан өнімдері­нің үлесі артады. Ал ауыл тұрғындарының сұ­ра­нысы күз мезгілінде жинақталған қо­сал­­қы шаруашылықтағы жергілікті қор есебі­­нен қамтылады. «Сырттан келе­тін көк­өніс­тің ішкі нарықтағы үлесі жер­гілік­­ті тұр­ғындардың тағамдық сұра­ныс ерек­­ше­лігіне де байланысты. Оның айыр­машы­лығы – Павлодар мен қырғыз кар­тобының сыртқы пішінінің тартымдылығы мен сақ­таудағы төзімділігінде болса, Пав­ло­дар­­дың сәбізі түсімен және дәмімен ерек­­ше­ленеді. Облыста 1 127,3 мың тонна көкөніс өндірілсе, ішкі тұтыну нормасы 197,8 мың тонна. Ал сыртқа 929,4 мың тонна өнім шығарылса, наурыз-маусым айларын­дағы тәуелділік 22,1 мың тоннаны және өңір­лер­мен өзара тауар алмасу көлемі 66 мың тоннаны құрайды», дейді Берік Нығмашев.

Жамбыл облысының бірқатар аумағын картоп өнімімен қамтамасыз етіп отырған «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев бүгінде сапалы тұқым­ның жоқтығын айтады. Бұл үшін сапалы тұқымды тағы да Павлодар өңірінен әкелу керек. Осы сияқты кейбір мәселелер өңірде өнім өнімділігін арттыруға, жалпы халық­тың сұранысын қанағаттандыруға кедер­гі келтіруде. Әйтпесе, «Алыстан арба­ла­ған­ша, жақыннан дорбала» дегендей, сонау қиыр­дағы солтүстіктен емес, картоп және сәбіз өнімдерінің жергі­лікті жерде жет­кі­лікті өндірілгені де эко­но­миканың одан әрі дамып, жетілуіне жағ­дай жасайтын еді...

 

Жамбыл облысы