Саясат • 03 Наурыз, 2020

Мейкатон «TOM: Nur-Sultan» жобасы

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мейкатон «TOM: Nur-Sultan» жобасына құжат қабылдау басталды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа прототиптерді ойлап табуға арналған ерекше жобаны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Назарбаев Университеттің Инновациялық кластерінің Fab Lab зертханасы және Тель-Авив университетінің достары қауымдастығы бірлесіп жүзеге асырып келеді.

Мейкатон  «TOM: Nur-Sultan» жобасы

Мейкатон «TOM: Kazakhstan» – бір жағынан креативті және дарынды жастардың, екінші жағынан мүмкіндігі шектеулі адамдар мен олардың ең жақын ортасының басын қосатын, олардың тұрмыс-тіршілігіндегі ауыртпалықтардан өтуге көмектесетін технологиялық шешімдерді ойластыру үшін құрылған халықаралық әлеуметтік жоба. Яғни мұнда мейкерлер нидноуэрлермен бірге өздерінің идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, мүгедектерді қоғамға бейімдеуге және олардың толыққанды өмірін ұйымдастыруға бағытталған прототиптерді жасайды.

«Әбу Насыр әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында ұрлық, зорлықсыз бір-бірін жақсы көретін адамдармен қайырымды қала құрылатынын айтады. Меніңше де адамдардың ыңғайлы өмір сүруіне, барлығына тең мүмкіндіктер жасайтын ортаны қайырымды қала деп айтады. Соның бірі – мейкатон жобасы. Бұл біріншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға осы қоғамда екенін сезіндіру; екіншіден, осы  мейкатонға олардың өздерін қатыстыра отырып, мәселелерін білу; үшіншіден, осы идеялар тек қана жоба жүзінде қалып қоймай, оларды жүзеге асыруға көмектесу; төртіншіден, осы жоба­лардың дайындарын қажетті адамдарға бірден сыйлап, олар­дың күнделікті өміріне қолдау көрсету.  Мұның бұған дейінгі мей­катондарға қарағанда ерекшелігі – жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға қандай жағдай жасауға болады, олардың қандай мәселелері бар дегенді зерттеп, оны тиісті органдарға ұсыну. Осы арқылы біз инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін тағы қандай қадамдар жасауға болатынын зерделемекпіз», дейді Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.

Мейкатон «ТОМ: Nur-Sultan» жобасы Назарбаев Университеттің Инновациялық кластерінің Fab Lab зертханасында оныншы рет қолға алынғалы отыр. Оған он команда мен мүмкіндігі шектеулі он сарапшы қатысады. Өтінімдерді қабылдау 2 наурыздан 1 сәуірге дейін жалғасады. Өтінімді 3 және 5 адамнан тұратын топтарға немесе жеке үміткерлерге беруге болады. Жасқа да, мамандықтарға да шектеу жоқ. Өтінімдер
www.kazakhstan.tomglobal.org сайтында қабылданады.

Биыл мейкатон  үш кезеңмен өтеді. Бірінші Ideathon кезеңінде 11-13 наурыз күндері командалар қазылар алқасына идея­ларын ұсынады. Екіншісі – прото­тип­терді дайындайтын Pre TOM кезеңі. Мұнда 15 сәуір күні мей­­керлердің мүмкіндігі шектеу­лі жандармен кездесуі өтеді. Үшінші TOM кезеңінде қатысу­шы­лар қазылар алқасы алдында про­то­типтерді қорғайды. 72 сағаттық үз­дік­сіз жұмыс деп аталатын соңғы кезең 15-18 мамыр күндеріне жос­парланған.

«Бұл марафонда әртүрлі саладағы мамандардан құралған команда бар, олардың арқасында ерекше қажеттіліктері бар адам­дар­дың мүмкіндіктері  кеңейіп, ал мейкатондарға қатысушылар әлеу­меттік кәсіпкерлікте өздерін сынап көруге мүмкіндік алады. Маған мүмкіндік бергені үшін рахмет айтқым келеді және адам­дарға қуаныш сыйлай­тын осындай жобалар көп болса екен», дейді «Қазақстан мүге­дек­тер конфедерациясы» РҚБ атқа­ру­шы директорының орынбасары Александр Хоркин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр мейкатонға 7 команда қатысып, 7 прототиптің ішінен екі прототипті команда жасақтап, нидноуэруға жеке пайдалануға беріліпті.  Бірі жетілдірілген электр арба болса, екіншісі ортопедиялық тұрақтандыратын, жартылай қатты таңғышы, жұмсақ білезік ортозы бар прототип, оны қолданушы қолына сүйене отырып өздігінен сүйрей алады. Ал биыл командалар саны 10-ға дейін көбейтілмек.

«Бұл іс-шараның ерекшелігі – біздің көз алдымызда қалай және кімге жасалатынын көреміз. Мейкатоннан кейін адамдардың өмірі қалай өзгергенін бақылай аламыз», дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ басшысы Чингиз Тлеулин.