Қазақстан • 03 Наурыз, 2020

«Тәтті бизнестің» табысын қалай арттыруға болады?

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Әділхан Мәуи елімізде қант қызылшасы егістігін ұлғайтып, өнімнің түсімін арттырудың тың жолдарын ұсынды.

«Тәтті бизнестің» табысын қалай арттыруға болады?

Ғалымның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы қызылша егістігінің 95 пайызын Германия, Франция, Нидерланды сынды мемлекеттерден әкелінген сорттар құрайды. Ол сұрыптар ауруларға төзімді, түсімі мол және тұқым өнгіштігі жоғары.

– Ашығын айтқанда, елімізде шірік ауруына төзімді, өнім түсімі жоғары, ауру қоздырғыштары мен зиянкестерге қарсы дәріленген сапалы тұқым жоқ және ол өндірілмейді.  Мәселен, Алматы облысының Ақсу, Сарқан аудандарында бірнеше мың гектар қызылша өсіруге тиімді жерлер бар. Сол аймақтарда қызылша өсіретін танаптарда шірік ауруының споралары аз және қант қызылшасының шірік ауруымен залалдануы төмен, аурудың таралу мөлшері 5-7 пайыздан аспайтын, кем дегенде 500 центнер, одан да мол өнім бере алатын 30-40 мың гектар жер бар.  Жамбыл облысында да 35-45 мың гектар топырақта тамыржемісі шіріктерінің қоздырғыштары өте төмен мөлшерде кездесетін танаптар бар. Егер біз тәтті түбір алқаптарының көлемін 100 мың, түсімін әр гектардан 500 центнерге жеткізсек, 500 мың тонна құмшекер өндіруге мүмкіндігіміз бар. Бұл дегеніміз – біз өзімізді қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығара аламыз, – дейді Әділхан Мәуи.

Маманның пайымдауынша, мол түсім алу үшін ескі қызылша егілетін танаптар топырағының құнарын қалпына келтіру керек. Сонымен қатар суармалы жерді тиімді пайдаланып, ауыспалы егіс жүйесін сақтауға басымдық берген абзал. Деградацияға ұшыраған алқаптарды қайта айналымға келтіру үшін қызылша дақылының шірік ауруларымен жоғары дәрежеде залалданған алқаптарында толық агротехникалық тәсілдерді сақтап, күз айларында деградацияға ұшыраған танаптарда сүдігер жыртар алдында гектарына  40-60 тонна көң беру қажет. Бұл шаралар жылда жүргізілуі тиіс. Содан кейін жерді 25-30 сантиметр көлемінде жыртып, топырақ құнарлылығын арттырған жөн.

– Қазақстанда соңғы жарты ғасырда шығарылған қызылша сорттары мен будандардың шірік ауруына төзімділігі өте төмен және олар  90-100 пайызға залалданады. Елде ғалымдарымыз қант қызылшасының ауруға төзімді сорттары мен будандарын шығарумен айналыспаған. Егер біз қызылша егістігін ұлғайтып, өнімді арттырып, елімізді қантпен қамтамасыз етеміз десек, осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек, – деп атап өтті ғалым.

Германияда жылына ондаған қызылша сорттары шығарылады екен. Шығарылған сұрыптар 4-5 жылға дейін шірік ауруымен залалданбайтындай ротацияланады. Ал залалдана бастаған сортты басқа ауруға төзімді сұрыппен ауыстырып отырады. Еуропа, АҚШ, Канада сынды елдерде ең бірінші ауруға төзімді сорттарға көп көңіл бөлінеді екен.

Осы орайда айта кетейік, Қазақстан қант қызылшасын өсіретін елдер қатарына жатады. Десе де біз өзімізді қантпен небәрі 5-ақ пайызға қамтамасыз етеміз. Қалған өнімдер Ресей, Украина және Белоруссиядан тасымалданады. Ал бүгінде бұл дақылдың егіс көлемі 10 мың гектардан аспайды, түсімі де 4-6 есеге дейін кеміді. Ілгеріде елімізде қызылша өңдейтін 8 зауыт жұмыс істесе, бүгінде Жамбыл, Көксу және Ақсу қант зауыттары ғана өнім шығарады. Аталған кәсіпорындардың өзі шикізаттың жетіспеушілігінен бір-екі ай ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан аталған саланың жұмысын жандандыру үшін алдымен ғылыми түрде жүйелі жұмыс жүргізген жөн дейді ғалым.

 

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы