Спорт • 03 Наурыз, 2020

Ережесіз жекпе-жек: UFC Қазақстанға келе жатыр

658 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ережесіз жекпе-жек әлемдегі ең белді ұйым – UFC-дің кезекті турнирлердің бірі биылғы жылдың жазда Қазақстанда өтуі мүмкін екені жайында біз бұған дейін де жазғанбыз.

Ережесіз жекпе-жек: UFC Қазақстанға келе жатыр

Бұл әңгіменің ақиқатқа айналуы әбден мүмкін. Өйткені, қазіргі кездің өзінде бірқатар белді ұйымдарыдың ресми сайттары мен түрлі порталдар жоғарыдағы мәліметті жан-жаққа жария етуде. Мәселен, атақты Main Team таратқан мәліметке сенсек, айтулы жарыс 13 маусымда Нұр-Сұлтандағы зәулім спорт кешендерінің бірінде өтеді деп жоспарлануда. Тіптен, осы кеште өнер көрсететін алғашқы жұп та анықталып қойған көрінеді. Олар – ресейлік Хадис Ибрагимов (8-2) пен грузиялық Роман Долидзе (6-0). Дағыстандық спортшы 10 рет октагонға шығып, сегіз бәсекені өз пайдасына шешсе, Батумидің баһадүрі алты айқасының барлығын жеңіспен аяқтады.

Әрине, жарыстың шырайын арттыру үшін айқас алаңына Қазақстанның да өрендері көптеп шыққаны жөн. Қазіргі кезде үш бірдей спортшымыз – Шавқат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов және Мария Агапова UFC-мен келісімшарт жасасып үлгерді. Одан бөлек, Ресейде тұратын қандасымыз Дамир Исмағұлов бар.