Абай • 04 Наурыз, 2020

«Баласағұндағы» бас ақын тойы

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Желсіз түнде жарық ай» атты композициялық кеш өтті.

«Баласағұндағы» бас ақын тойы

Көрерменді көркем кеңістікке тартқан концерт-композицияны Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары шебер үйлестірді. Сонымен қатар шара аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты жылжымалы көрмені келушілер назарына ұсынды.

Хакім шығармаларына арналған кешке келген көпшілік әуелі LED экран арқылы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильмді тамашалады. Мұнда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер айтылып, абайтанушы ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті. Ал «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композиция Адай Жұмат дирижерлік еткен қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. Бұдан кейін «Мерей» тобы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре орындаса, «Шолпы» би ансамблі әннің ажарын ашып, сахнаның сәнін келтірді. Сонымен қатар облыстық қазақ драма театрының әртіс­тері ақынның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін оқыса, орыс, кәріс, дүнген ұлтының өкілдері Абай шығармаларын орындады. Ал, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хакімнің әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін орындаған Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Кәдіров көптің ықыласына бөленді.

Абай өлеңдері тұтас ұлттың рухани қайнар көзі. Ақын өлеңдерінде мұң мен сыр, қасиет пен қасірет қатар өріледі. Бұл ретте театр әртістері Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ» туындыларынан көркем композиция орындады. Мұнда хакім шығармашылығының тұтас әлемі жасалып, ақын басындағы ой бейнеті, сезім шарпылыстары керемет көрініс тапты. Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева мен Сұлужан Әбенова «Сегіз аяқ» әнін шырқаса, Абай мен Тоғжан, Абай мен Әйгерім арасындағы махаббат дастаны туралы поэтикалық қойылым көрерменді бей-жай қалдырмады.

Бұл кеште Абай операсынан «Ажардың ариясы», Александр Пушкиннен аударған «Е.Онегиннің Татьянаға жазған хаты» шығармалары да орындалды. Сонымен қатар ақынның «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?», «Есіңде бар ма, жас күнің?» атты философиялық өлеңдері оқылды. Көпшілікке ой саларлық, ғибрат аларлық шара соңында өңір өнерпаздарына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ықылас гүлі салтанатты түрде табыс етілді.

 

Жамбыл облысы