Бұл туралы «Ұлттық фтизиопульмонология орталығы» мекемесінің директоры Мәлік Әденов Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай Алматыда өткен баспасөз брифингінде егжей-тегжейлі баяндады.
Қысқасы, науқастарды онлайн-емдеу ісі қалай жүргізіледі? Бұл үшін алдымен науқастарға смартфондық әлеуметтік көмек аясында (қажет болған жағдайда) сим-карта беріліп, интернет-байланыстың құны төленіп отырады. Яғни, туберкулез дерті 6 ай, тіпті одан да көп уақыт емделетіндіктен дәрігер мен науқастың арасында ұдайы байланыс болуы қажет.
«Біз емдеудің бұл әдісін барынша абайлап бастадық. Өйткені кейде пациент емдеу кестесін бұзып, дәрісін ішпей, яки ұмытып кетуі мүмкін. Дегенмен, мұндай ем жоспарын Қазақстанда пайдалануға болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Күн өткен сайын онлайн-пациенттердің қатары көбейіп келеді. Мұны медбикелер де растай алады. Бұл жерде кеселдің түрі мен оның өршу кезеңі маңызды емес, ең басты қағидат – пациент бейнебақылау арқылы дәрігер тағайындаған барлық препараттарды дер кезінде қабылдап отыруы шарт», дейді М.Әденов.
Ал бұрынғы дәстүрлі емдеу әдісі баршаға таныс. Науқас медбикенің кабинетіне келеді де дәрісін ішіп, одан әрі өз шаруасымен шапқылап кетеді. Ендігі жерде пациент уақытын да, жолға кететін қаражатын да үнемдей алады. Дәрігердің алдына тек қажетті анализдерді тапсырып, кешенді ем тағайындамасын алуға ғана келеді.
Сол сияқты науқастың туған-туысқандарымен де дәрігер әңгіме жүргізеді. Өйткені өз кеселі үшін қорланатын, тіпті айналадағылардың таптаурын түсінігінен түрлі психологиялық кедергілерге ұшырайтын жандар да бар.
«Ал бейнебақылау еміне келсек, бұл еліміздің барлық өңірінде қолданысқа енді. Кейбір өңірлерде оны пайдалану көрсеткіші 40-50 пайызды құраса, кей облыстарда 10 пайызға дейінгі көлемде. Ең бастысы, сенімге құрылған қарым-қатынас пен науқастың емделуге деген мүдделілігі мен өз денсаулығына деген жауапкершілігі. Кейде науқастардың «Маған сенбейсіздер ме, неге аңдып отырасыздар?» деген сұрақ қоятын кездері болады. Біз оған сенетінімізді, сене отырып, пациентті емес, дертті бақылауда ұстап отыратынымызды айтамыз» дейді мекеме басшысы.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулез ауруы 2,3 есеге төмендеді. 2009 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға 105,3-тен келсе, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда 45,6 адамнан келеді. Туберкулездің таралуы (жаңа жағдайлар мен рецидивтер) 2019 жылдың қорытындысы бойынша 100 мың тұрғынға 65,4 адамды құрады. Өлім-жітім көрсеткіші (2019 жылы 100 мың адамға шаққанда – 2) 6 есеге төмендеді.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша белсенді туберкулезбен диспансерлік есепте 13894 адам тұр, бұл 2018 жылға қарағанда 813 адамға аз (14 702). Қазіргі уақытта туберкулезбен күрес жөніндегі іс-шаралар Үкіметтің 2014 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бекітілген 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезбен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде іске асырылады.
Биыл Кешенді жоспарды іске асырудың қорытындысын шығару, 2035 жылға қарай ДДҰ мақсаттарына қол жеткізу үшін ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламаны дамыту бағыттарын айқындау, туберкулезден болатын өлім-жітімді 95%-ға төмендету және 2015 жылмен салыстырғанда туберкулезбен сырқаттануды 90%-ға төмендетуге қол жеткізудің маңызды кезеңі», дейді Мәлік Әденов.
Бүгінде туберкулезге қарсы қызмет үшін аурудың алдын алу, оны дер кезінде анықтау және науқастарды амбулаториялық емдеу басым бағытқа ие. Туберкулез микробактерияларын бөлмейтін және айналасына қауіп төндірмейтін пациенттер тұрғылықты жері бойынша емханаларда бақыланатын ем ала алады, сондай-ақ жұмысты немесе оқуды қатар жалғастыра алады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша амбулаторлық жағдайда емделе бастаған өкпе құртымен ауыратын науқастардың үлес салмағы 61,1%-ды құрап отыр.
Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және мемлекет тарапынан толығымен қаржыландырылады. Сондай-ақ туберкулезді ерте анықтау үшін Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) желісінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диагностиканың ең заманауи әдістері енгізілген және бұл 2 сағат ішінде көптеген дәріге төзімділігі бар микробактериялар мен туберкулезді (бұдан әрі КДТ ТБ) анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан КДТ ТБ-мен ауыратын науқастарды бағдарлы емдеуге тегін қол жеткізуді қамтамасыз еткен (99,6%) аз ғана елдердің қатарына жатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты – 85%. 2016 жылдан бастап елімізде дәріге төзімді туберкулезді емдеу үшін ДДҰ ұсынған жаңа препараттар енгізілді. Оның арасында қысқа мерзімде туберкулезді емдеуге мүмкіндік беретін емдеудің қысқа мерзімді сызбалары бар. Елімізде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлем бойынша ең жоғары деңгейде. Ал, 2019 жылы алғаш рет анықталған сезімтал туберкулезбен ауыратындардың арасында бұл көрсеткіш 87,5%-ды (ДДҰ стандарты - 85%) құраса, КДТ ТБ – 81,3% (ДДҰ стандарты-75%) болды.
Жұртшылықтың бұл дерт туралы жалпы хабардар болуы және жалған пікірлерге жол бермеу – туберкулезді ерте анықтаудың, тиісінше табысты емдеудің маңызды аспектісі. Бұл кесел – ауа арқылы жұғатын жұқпалы ауру екені аян.
Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарлама туберкулезбен ауыратын адамдарды стигматизациялауға, кемсітуге және әлеуметтік оқшаулауға қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді біріктіруге ерекше назар аударып отырғанын қаперде ұстаған жөн.
Айтқандай, 24 ақпанда әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай 24 наурызға дейін айлық шара басталды. 2020 жылғы Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінің ұраны – «Туберкулезге қарсы күреске үлес қосатын уақыт келді!».
Бұл күннің маңызды мақсат-міндеті – мұның абстрактілі мәселе емес, кез келген адамға қатысы болуы мүмкін екенін, сондықтан акцияның табыстылығы әрбір адамның жеке позициясына байланысты болатынын адамзат баласына түсіндіріп, үндеу жасау.
Бәрін өзіңнен бастау керек, өзіңнің тірлігіңнен баста, үнемі аурудың алдын алу үшін тексерулерден өтіп, саламатты өмір салтын ұстану қажет. Ең маңыздысы, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну. Дер кезінде анықталған жағдайда және үздіксіз ем алған кезде аурудан толық емделуге болады. Туберкулезбен ауырып, емделіп шыққан адамдар білім алып, жұмыс істеп, айналасындағыларға қауіп төндірмей, дені сау бала дүниеге әкеліп, толыққанды өмір сүре алады.
Айлық аясында фтизиатрлардың, фтизиопедиатрлардың тегін кеңестері, ел тұрғындарын флюорографиялық тексеру, кең ауқымды акциялар жоспарланған. Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарлама қазақстандықтарды туберкулезге қарсы күреске өз үлестерін қосуға шақырады.
АЛМАТЫ