Президенттің айтуынша, Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан Оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.
Жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтің Өскеменде өткен есеп беру кездесуінде Семей қаласының Жанар Жеңісова есімді тұрғыны: «Мен 12 жастағы мүгедек баланы тәрбиелеудемін. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына келгенде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Оңалту орталығы салынатыны туралы айтқан болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?» деп сұрақ қойды. Өңір басшысы өз кезегінде Президенттің тапсырмасы міндетті түрде орындалатынын жеткізді. «Қазіргі кезде Семей қаласында 1 304 мүмкіндігі шектеулі бала тұрады екен. Оның 489-ы медициналық оңалтуды қажет етеді. Біз бұл мәселеден хабардармыз. Осы проблеманы шешу үшін 150 орынға шақталған Оңалту орталығының құрылысын бастамақпыз. Аталған жобаның құжаттары сараптамаға жіберілген, бұл жұмыс шамамен мамыр айына дейін созылуы мүмкін. Одан кейін құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Бұл орталық 2023 жылға дейін пайдалануға беріледі деп сеніммен айта аламын. Ал әзірге қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға «Қарағайлы» деп аталатын тамаша шипажай қызмет көрсететін болады», деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстан облысы