Медицина • 04 Наурыз, 2020

МӘМС: мәртебені анықтау маңызды

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің алғашқы бір айдағы жұмысын қорытындылады.

МӘМС: мәртебені анықтау маңызды

1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бүгінде Қазақстан халқының 90%-дан астамы, яғни 17 млн адам сақтандырылған. Оның 11 млн-ға жуығы жеңілдігі бар 15 санатқа жатады. Олардың жарнасын мемлекет өзі төлейді.

Қаңтар айында МӘМС үшін аударылған жарнаның көлемі 34,2 млрд теңгені құраған. Оның 24 млрд теңгесі – мемлекет есебінен жеңілдігі бар санаттар үшін төлеген жарна. Осыны айтқан Айбатыр Жұмағұлов қаңтар айының қорытындысы бойынша көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27%-ға артқанын жеткізді. «Оның ішінде КТ және МРТ қызметтерін тұтыну 54%-ға, УДЗ 21%-ға артты. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің барлық түрлері 48%-ға өсті, оның ішінде неврология (инсульт) бейіндері бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 3,2 есеге көбейді», деді ол.

Қор басшысының айтуынша, Әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру қоры 2020 жылға 1 258 меди­цина­лық ұйыммен келісімшарт жасасқан. Оның 657-сі мемле­кеттік болса, 601-і – жекеменшік. «Бірақ көлем жағынан есептейтін болсақ, 20%-ға жуық меди­цина­лық мекемелерге келісімшарт бойынша ақша таратыл­ды, келісім жасастық. Әрине біз МӘМС аясында жеке кәсіпорындарды ынталандыруға мүдделіміз. Біз келі­сім­шарт жасасқан кезде мемлекеттік немесе жеке кәсіпорын деп бөлмейміз. Бәріне қойылатын талап бір. Ме­дициналық қызметтерді сатып алуда электронды жүйеге көштік. Сол себепті олардың қатысу мүмкіндігі де артты. Біз осы айдан бастап медициналық ұйымдарға стикерлер іліп жатырмыз. Ондағы мақсатымыз – бірінші ретте тұрғындарға осы медициналық ұйымда тегін медициналық көмек алуға мүмкіндік бар екенін көрсету. Яғни МӘМС-ке қатысы бар екенін түсіндіру. Сондықтан да азаматтардың өзінің құқықтарын сол жерде талап етуге мүмкіндігі бар. Азаматтардың клиниканы таңдауына болады. Бейінді мамандарға көңілі толмай, басқа клиникаға барғысы келсе оған да мүмкіндік қарастырылған. Тек учаскелік дәрігерден жолдама алуы шарт», деді басқарма төрағасы.

1 сәуірге дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өзде­рінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңіл­дік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмек алуды жалғастыра бере­ді, ол тек ТМККК аясында ғана, ал қалған қыз­мет­тер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйе­сінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды.

Өткен жылдың қыркүйегінен бастап МӘМС бойынша 1406 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істей бас­тады. Қазірге дейін call center-ге халықтан 37 мыңнан астам өтініш келіп түскен. «Оның 97%-ы кеңес алу болса, 3%-ы – шағымдар мен арыздар. Call center 1 қаңтардан бастап 24/7/365 тәртібі бойынша жұмыс істейді», деді Айбатыр Жұмағұлов.