Зерттеушілер аралардан емдік, қантты әрі пайдалы бал өнімдері алынатынын айтады. Сонымен қатар бүгінде ара балынан фармацевтика, электротехника және авиация өнеркәсіптерінде пайдаланылатын органикалық зат – балауыз да алынады. Жалпы, балдың адам денсаулығына пайдасы жөнінде мәлімет көп. Ара балы жайлы қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінде баяндалған.
Бүгінде еліміздің бірқатар өңірі бал өнімдерін өндірумен айналысады. «Алтай балының» өзі көпшіліктің сүйікті асына айналған. Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының бойында орналасқан Жамбыл облысының Меркі ауданы аумағындағы жол жиегінде саудаланып тұрған бал өнімдеріне көпшілік жиі атбасын бұрады. Сондықтан бүгінде өңірде омарта шаруашылығын дамыту маңызды болып тұр. Дегенмен, өңірде омарташылық кәсібінің даму жағдайы, бал өндірісінің болашағы қандай деген сауал туындайды. Осы мақсатта Тараз қаласында «Бал ара шаруашылығының жағдайы мен даму болашағы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өткен болатын. Мұнда өңірде өндірілетін «Ромащенко», «Аратау», «Лазер» шаруа қожалықтарының бал өнімдері қойылып, көпшілікке таныстырылды. Дей тұрғанмен, мамандардың айтуынша, әлі де болса елімізде бал өнімдеріне деген сұраныс төмен. Ара шаруашылығын қолға алып, бал өнімдерін өндірген жағдайда да оны, саудалау сияқты жұмыстардың оңайға түспейтіні анық. Мәселен, «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының вице-президенті Ғабит Нұраділдің айтуынша, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын 1 кило бал тұтынатын болса, елімізде бұл мөлшер 50 грамнан аспайды. Бұл мәліметтен шетелде балға деген сұраныстың жоғары екенін көруге болады. Мұндай жағдайды елімізде де жасауға мүмкіндік бар. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласы дамыған аймақ болғандықтан, мұнда мақсары, күнбағыс секілді майлы дақылдар көп өсіріледі. Мамандардың айтуынша, бал арасынан бөлінетін тозаң да мұндай өсімдіктің тез жетілуіне, мол өнім беруіне себепші болады екен. Яғни өңір шаруалары ара шаруашылығын дамытуды қолға алса, оны жергілікті билік қолдаса, мұның пайдасы ауыл шаруашылығы саласының өзге де бағытына пайда әкелетіні сөзсіз.
Бүгінде өңірде елуден астам омарташы ара шаруашылығымен айналысады. Олардың дені негізінен Меркі, Жуалы және Шу аудандарында жұмыс істейді. «Бал-Ара» ұлттық омарташылар одағының Жамбыл облысы бойынша өкілі Валерий Ромащенко ара шаруашылығымен айналысудың жұмысы ауыр болғанымен, шығыны аз, пайдасының мол екенін айтады. Ара шаруашылығын дамытып, бал өндіруге ниетті кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау да бар. Төмен пайызбен несие алған кәсіпкер ара шаруашылығын дамыта алады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жамбыл облыстық филиалының директоры Олжас Қаржауов мәселен ара шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға мемлекет 6 пайызбен 4 млн теңге несие беретінін айтты. Бұдан бөлек, елімізде 2014 жылдан бастап бал ара ұясын селекциялық асылдандыру жұмыстары субсидияланады. Омарта шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтар үшін мемлекеттің қолдауы осы. Тіпті омарташылар өңірде ара шаруашылығы тиісті деңгейде дамыса, бұл – өндіріс саласындағы табысты азық-түлік өнімі болуы әбден мүмкін екенін айтады. Ал кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп құрылған Омарташылар қауымдастығының төрағасы, «Альфа» шаруа қожалығының басшысы Бахром Нұралиевтің айтуынша, бүгінде ара шаруашылығы саласына қолдау қажет. «Өткен жылы өңірде 562 тонна бал өндірілген болса, бір адамға қажетті балдың көлемі жылына 6 килоны құрайды екен. Егер жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілсе, облыстың омарташылары одан да көп бал өндіре алады. Бұл үшін бізге лизингке 5-7 жылға дейін ұзақ мерзімге құрал-жабдықтар қажет», дейді Бахром Нұралиев.
Шынында да, бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде егін және мал шаруашылығына тиісті көңіл бөлініп отырғанын айту кету керек. Өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру қанатқақты жобасы аясында ауылды жерлерде құрылған кооперативтерге жыл басында 194 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілген болатын. Енді бұл бастама ара шаруашылығын өркендетуге ұласса, Жамбыл аймағы еліміздегі бал өндіретін бірден-бір орталыққа айналатын еді. Өңірде ара шаруашылығын өркендету үшін қолдаудың қажет екені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың кәсіпкерлермен кездесуінде де айтылды. Облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы Бахром Нұралиев мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің тамақтану рационына бал қосуды сұраған болатын. «Бұл біріншіден, бал өнімдерін сатуға, екіншіден өскелең ұрпақтың иммунитетін жақсартуға мүмкіндік береді», дейді кәсіпкер. Бұл бастама облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Егер тиісті қолдау болса, ең бастысы, техника мәселесі шешілсе, өңір омарташылары ара шаруашылығын одан әрі дамытуға, бал өнімдерін жоғары деңгейде өндіруге ниетті.
Жалпы, облыста бал өнімдерінің түрлі сұрпы шығарылады. Мәселен, Жуалы ауданының альпілік шалғындарындағы таулы жерлерден, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарының әртүрлі шөпті шалғындарынан, сондай-ақ Мойынқұм шөліндегі түйе тікенегінен жиналған бал сұрыптары бірегей емдік қасиетке ие. Оны одан әрі дамыту келешектің ісі. Өңірлік омарташылар қауымдастығына 226 кәсіпкерлік субъектісі енген. Сондай-ақ кезінде бал өндірушілерді біріктіру және өнімді нарыққа шығару мақсатында қордайлық үш ірі бал өндірушіні біріктірген «АраТау» ара кешені» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған болатын. Дегенмен, ара шаруашылығының субъектілері үшін балдың нақты нарығына шығу, әсіресе шетелдік нарыққа қол жеткізу үшін балдың үлкен көлемі қажет екен. Алайда, омарташылар нарыққа балдың ірі партияларын әлі де ұсына алмай келеді. Осы орайда жамбылдық омарташылар егер бірнеше бал өндірушілердің тауарлық қорларын біріктіріп, мемлекет тарапынан лизингке қажетті техникаларды сатып алу кезінде қолдау болса, онда нарыққа бал өнімдерінің шығуы әбден мүмкін деген сенімде.
Жамбыл облысы