Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

Ақтөбеде діни ахуал тұрақты ма?

257 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рухани кемелдік пен тереңдікке дәстүрлі дінді дұрыс ұстана білу арқылы жетуге болатыны ешқандай талас туғызбайды. Газетімізде бұған дейін жазылғанындай – дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің емес пе? Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамымызда осы қағиданы елемей, ескермей жүргендер де табылады. Сөйтіп олар теріс ағымдардың жетегінде кетіп, белгілі бір өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіреді.

Ақтөбеде діни ахуал тұрақты ма?

 

Осындай көріністер бүгінгі күні Ақтөбе аймағында да бай­қалады. Мұны да бейне бір дерт­тің алғашқы көрінісі десек, сол дертті асқындырмай, ушық­тыр­май дер уақытында уытын қай­тарудың жолдарын іздестіре білгеннің пайдасы мол болмақ. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың ай­туынша, биыл бұл мәселеге қа­тыс­ты жұмыстарды үш бағытта атқару көзделген.

Оның алғашқысы болуы мүм­кін теріс құбылыстардың алдын ала білу болса, екіншісі ре­тінде ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарының мазмұнын байы­та түсу белгіленген. Ал үшінші кезекте оңтайландыруға қатысты жүр­гізілетін істерді бір ізге түсіру қа­рас­тырылған. Теріс діни ағымда адасып жүрген жандардың бетін бері бұру, олармен ортақ тіл табысып сөйлесе білу үстірттікті көтере алмайды. Бұған да арнайы әзірлік, терең дүниетаным және деректерді жан-жақты зерделей білу қажет.

Тиісті түсіндіру жұмыстары сенімді, орнықты әрі дәлелді бол­ған жағдайда ғана сапалық қасиетке ие бола алады. Әйтсе де өңірде дін істерін қадағалап, оған тікелей жетекшілік жасайтындар көп жағдайларда са­палық деңгейді алдыңғы кезекке қоюдан гөрі, «өткен жылы пәленбай адамды қамтыған пә­ленбай іс-шара мен кездесулер өткізіліп, биыл мұншама іс-шара өткізуді жоспарлап отыр­мыз», деген сынайдағы сан қуа­лау аясынан аса алмай жүргені де қынжылтпай қоймайды.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, өңірде теріс жолға түс­кендердің арасында дәстүрлі Ис­лам дініне қайтадан бет бұрып жатқандар да бар. Әйтсе де ай­мақта деструктивті діни ағымда жүргендердің жалпы нобайы бойынша алғанда, бұл бөрікті аспанға ата қоятындай жоғары нәтиже емес.

Бұған дейінгі жасалған журна­листік зерттеулер мен талдаулар «қайтып үйірін тапқандардың» дені негізінен Ақтөбе қаласында екенін көрсетеді. Алайда тұтас­тай облыс аумағында, соның ішінде Мәртөк, Ойыл, Әйтеке би және Қобда аудандарында деструктивті діни ағымды ұс­танып жүрген бірде-бір адам­ның дәстүрлі дінге қайтадан кірмегені тиісті түсінік жұмыстарының жартыкештігін көрсетеді. Осы орайда облыстың Темір, Хромтау және Байғанин аудандарында да діни ахуал әзірге күрделі күйінде қалып отыр.

Жүргізілетін іс-шаралардың ықпал­ды әсері мен тигізетін пай­да­сын тереңдете түсудің қажет­тілігі де осында. Мұн­дай кезде аталған іс менің құзы­ре­тіме кірмейді, бұл теолог­тың атқаратын шаруасы деп жа­уап­кершілікті өздерінен ала қа­шатын өкілетті органдардың өкіл­дері де кездеспей қалмайды. Мұндай сыңаржақ көзқарас жағдайында өңірдегі діни ахуалды саралау ісі толыққанды бола алмайтыны Аллаға да, әмбеге де аян болса керек. Әри­не ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарымен әртүрлі әлеуметтік топтарды неғұрлым көбірек қамти білу ешқандай артықтық етпейді. Бұл ретте облыстағы «Ансар» ақпараттық-талдау орталығының атқарып жүрген қызметі құптауға тұрарлықтай.

Оның жетекшісі Нұрсұлтан Жаншиннің айтуынша, бұл ба­ғыттағы атқарылатын істердің арнасы тартылып көрмепті. Оған жастар мен жасөспірімдер, базарда сауда жасайтындар, сауда-саттықпен айналысатын өзге де жеке тұлғалар, оралмандар мен сырттан келген жұмысшылар, вах­талық әдіспен еңбек ететіндер және түзету мекемелеріндегі жазасын өтеп жүргендер қамтылған екен.

Бүгінгі күні тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік желіні пайдаланатыны белгілі. Осы кеңістікке де орталық үні тұ­рақты түрде естіліп тұрады. Сөй­тіп «Ан­сардың» мамандары ВКон­такте, Instagram желілеріне ба­қылау жүргізуді қолға алыпты. Бұл істе орталық парақшасының тигізіп жүрген пайдасы да аз емес. Осы арқылы тұрғындар діни қарым-қатынастарда өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар беріп, кеңестер ала алады. Сондай-ақ ақпараттық топтың атқарылған шаралары да желі парақшаларынан көрініс тауып тұрады.

Орталықтың деструктивті діни көзқарастағы азаматтармен жүргізілетін жұмыстары тек мұ­нымен шектелмейді. Сон­дай-ақ олар мұндай топқа кіре­тіндер арасында спорттық сайыстар ұйымдастыру ісіне де ұйытқы бола біліпті. Осылайша «ан­сарлықтар» теріс жолда жүр­гендермен жете танысып, олармен тереңірек түрде түсінісуді мақсат етіпті.

Өңірде дін істерін үйлестіріп отыратын ұйымдар тарапынан: облыста діни ахуал тұрақты деген тұжырымдар үнемі айты­лып жүр. Расында да солай ма? Әрине діни ахуал мен қарым-қатынастардың тұрақты болғанына не жет­сін? Барша тұрғындар мен жұрт­шы­лық және жергілікті атқа­рушы органдардың көздеп жүр­ген бас­ты мақсаты да осы емес пе? Әйтсе де діни ахуал тұрақты дей тұрсақ да, бұл мәселеде жоға­рыда айтылғандай әлі де болса шешімін таба алмай жүрген жайт­­тар мен мәселелер бар екені на­зардан тыс қалмаса болғаны да.

 

АҚТӨБЕ