Оның ішінде, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығы, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені және «Қаралма» тау-шаңғы курорты сияқты үш ірі туристік инвестициялық жобалардың құрылысы аяқталып, іске қосылды. «Жамбыл облысы экономикасының басым бағыттарының бірі ретінде туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоспарланған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін облыстың оң туристік имиджін қалыптастыру және туристік ағымды тарту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде», дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Сонымен қатар, Тараз қаласын абаттандыру және жасылдандыру жұмыстары жүргізіліп, қорытындысында 6 демалыс орындары іске қосылған.
Туризмнің тарихи-мәдени, археологиялық, экологиялық, медициналық-сауықтыру, балалар және жасөспірімдер, аң, балық аулау секілді түрлерін дамыту бағытындағы жұмыстар да бар. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерін Жамбыл облысымен байланыстыратын «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік маршруты әзірленді. Ал, «Цифрлық Казақстан» бағдарламасы аясында облыстағы негізгі туристік нысандарға мемлекеттік стандартқа сай келетін қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі көрсеткіштер мен ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Сонымен қатар, Әулиеата туризмін дамыту мақсатында 5 тілдегі аудио және бейне гидтері бар «Taraz Tour» мобильді қосымшасы іске қосылып, QR-кодтар облыстың 37 туристік объектілерінде орнатылды. «Алматы-Тараз» және «Шымкент-Тараз» жолдарында орналасқан Тараз қаласына кірер кездегі аркаларда радиотолқындарға арналған ретрансляцияланатын таратқыш орнатылған.
Жамбыл облысы