Мердігер компания өкілдерімен кездескен қала басшысы қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Ең әуелі Мұрат Дүйсенбекұлы Нұрсәт шағынауданында 21,5 га аумақта салынып жатқан үйлердің құрылысын аралап көрді. Мұндағы 8 үйдің іргетасынан бастап тұрғызылуына жауапты мердігер мекеме - «Арт Құрылыс» компаниясы. Басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, құрылысы 2018 жылы басталған нысан биыл маусым айында пайдалануға берілмек. Әрбір үйдің іші-сыртын мұқият көрген қала әкімі құрылысты өз мерзімінде тапсыруды және сапалы атқаруды ескертті.
«Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Сіздер тараптан сапалы жұмыс істелінуі керек. Әрине, құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді», - деді қала әкімі.
Онан соң шаһар басшысы Тұран шағынауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Тұран шағынауданында құрылысы аяқталған мектепте болды. 1200 орынды білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын. Жалпы, Шымкент қаласында биыл 77 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуі тиіс.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, құрылысы биылға жоспарланған 77 үйдің 24-і кредиттік, 8-і арендалық. Ал Тұран шағынауданында 41 үйдің құрылысы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Шымкент