Нұр-Сұлтанда өткен бәсекенің алғашқы кезеңі өте қарқынды өткенімен, қос команда бір-бірінің қақпа кілтін таба алған жоқ. Үзілістен кейін біздің хоккейшілер жиі қателікке ұрынып, білгендерінен жаңылды. Бұл жағдайды «Металлургтің» ойыншылары ұтымды пайдаланды. Екінші кезеңнің басында қарқынын күрт күшейткен қонақтар айналдырған екі-үш минут аралығында нысананы екі мәрте дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Андрей Нестрашил (25 минут) мен Сергей Мозякин (28 минут). Ал 35 минутта жоғарыда есімдері аталған қос саңлақ тағы бір керемет шабуыл ұйымдастырды. Оның ақыры Нестрашил соққан тағы бір голмен аяқталды. Есеп – 0:3. Үшінші кезеңде жерлестеріміз қанша жанталасқанымен, таблодағы есепті өзгерте алған жоқ.
Сөйтіп, плей-оффтағы қос ойынның қорытындысы бойынша таразы басы теңесті – 1:1. Енді «Барыс» келесі қос кездесуді 5 және 7 наурыз күндері Магнитогорскіде өткізеді.