Спорт • 04 Наурыз, 2020

Жекпе-жек: Алматыда АСА-ның алтын белбеуі сарапқа салынады

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы жұма күні Алматыда шешенстандық АСА (Absolute Championship Akhmat) және қазақстандық «Алаш Прайд» клубтарының ұйымдастыруымен ережесіз жекпе-жектен ірі халықаралық турнир өтеді.

Жекпе-жек: Алматыда АСА-ның алтын белбеуі сарапқа салынады

Айтулы жарыстың басты бәсекесінде бразилиялық Даниель де Алмейда (26 жеңіс, 6 жеңіліс) мен шешенстандық  Шәміл Шахбулатов (11 жеңіс, 2 жеңіліс) айқасады. Олар АСА нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақтың алтын белбеуін сарапқа салады.

Тағы бір аса маңызды жекпе-жек қазақтың қайсар ұлы Арман Оспанов (9 жеңіс, 3 жеңіліс) пен дағыстандық Расул Мирзаев (18 жеңіс, 2 жеңіліс) арасында өтеді.

Сондай-ақ «Алматы Аренада» өтетін дүбірлі додада тағы бес жерлесіміз өз өнерлерін ортаға салады. Атап айтсақ, 65,9  кило салмақтағы Ермек Тлауов (16 жеңіс, 6 жеңіліс) шешенстандық Әлихан Сулеймановпен (10 жеңіс, 2 жеңіліс) және Нұрсұлтан Қасымханов (9 жеңіс, 2 жеңіліс) беларусьтік Иван Жвирблямен (7 жеңіс, 3 жеңіліс) жұдырықтасады.

70,4 кило салмақ дәрежесіндегі Артем Резников (20 жеңіс, 6 жеңіліс) ингушетиялық Хамзат Аушевпен (13 жеңіс, 3 жеңіліс) айқасады.

93 кило салмақтағы Асылжан Бақытжанұлы (10 жеңіс, 1 жеңіліс) испаниялық Даниель Толедо (9 жеңіс, 7 жеңіліс) және Евгений Егембердиев (10 жеңіс, 2 жеңіліс) польшалық Карл Селинскимен (17 жеңіс, 8 жеңіліс) күш сынасады.       

- Бірден айта кетейік, АСА турнирлеріне кіл мықтылар ғана қатысады. Бұл жарыста кімнің жеңіп, кімнің жеңілетінін күні бұрын жорамалдау мүмкін емес. Иә, былтыр Нұрсұлтаннан басқа жігіттеріміздің тегістей ұтығаны рас. Бірақ түрлі себептермен ол жарысқа Арман, Асылжан, Артем және Евгений сынды мықтылар қатысқан жоқ. Содан көпті көрген кәнігі спортшыларды өзге өрендермен алмастыруға мәжбүр болдық. Өкінішке қарай, олардың дені ұтылып қалды, Десек те бұл ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең үздік промоушеннің бірі ұйымдастырған турнирі екенін естен шығармаған жөн. Біз де өз шәкірттеріміздің тек күштілермен ғана айқасқанын қалаймыз. Өйткені, спортшылардың шеберлік деңгейі тек мықты бәсекелестік белең алған жағдайда ғана өседі. Біздің ұстанған позициямыз осындай. Сондықтан да бұл жолы да алдағы бәсекелерге болжам жасауға асықпаймыз, – дейді «Алаш Прайд» клубының президенті Данияр Қасқарауов.