Өнер • 05 Наурыз, 2020

«Өмір ғажап» қалай Оскар алды?

425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1999 жылы Лос-Анджелес қаласын­дағы Долби театрында 71-ші рет өткен Оскар салтанатында «Өмір ғажап» (La vita è bella) атты италиялық фильмнің үш бірдей аталымда – «Үздік ер адам рөлі», «Шет тілдегі ең үздік фильм», «Үздік саундтрек» аталымдарында бағы жанды.

«Өмір ғажап» қалай Оскар алды?

Сол Оскар салтанатын көгілдір экраннан көрген, репортаж жасаған жандарға сенсек, ғаламтордағы үзік-үзік бейнероликтерге қарасақ, бұл бір ғажап кеш, ғажап оқиға болғанға ұқсайды. Атақты актриса Софи Лорен жеңімпаздың есімі жазылған конверттен Роберто Бениньидің есімін оқыған кезде зал овациядан жарылып кете жаздады. Фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаушы, сценариіне де қатысқан Роберто Бениньидің Оскар мүсінін алуға сахнаға шыққанының өзі – бір керемет көрініс. Әдетте жұлдыздар сабырлы қалпын сақтап, қасындағы әріптестерінің қолын алып, сосын жайлап сахнаға бет алушы еді ғой. Жоқ, италиялық актер жүзіндегі балаға тән риясыз күлкімен әлемдік киножұлдыздар отырған залда алдындағы креслолардың иығынан баса-көктеп, әріптестерінің басынан аттап өтіп, сахнаға бала сияқты қарғып, аяғы жерге тиер-тиместей болып қалқып шыққанына ешкім ренжіген жоқ. Ренжімек түгілі, орта жастан асқан адамның екі қолын, екі аяғын көкке көтеріп шаттанған риясыз қуанышына қосыла қуанбағандар кемде-кем.

Осы «Өмір ғажап» трагикомедиясының қысқаша сюжетіне тоқталғымыз келіп отыр. 1939 жыл, ІІ жаһандық соғыс, Италияда нацистердің күш ала бастаған шағы. Гуидо есімді бозбала ауылдан қалаға тіршіліктің қамымен келеді. Қазақтың Ғали Орманов деген ақыны өзінің қалаға білім іздеп аттанған кезін:

«Жарбиған жаман тон-тымақ,

Жалпылдап кетті үстімде.

Жанайын деген бір шырақ,

Жалтылдап кетті ішімде», деп суреттейді. Осы екі жол Гуидоға да дәл келеді. Ол тақыр кедей болса да қайғыруды білмейтін, өмірде өзіне тиесілі бір бақыт алда күтіп тұрғанына бек сенімді. Жүзінен жылы жымиысы кетпейтін Гуидо Дора есімді мұғалім бойжеткенмен көңіл қосады. Өзі армандаған кітап дүкенін ашады. Джэзуэ есімді ұлы дүниеге келеді. Трагикомедия жанрындағы туындының алғашқы жартысы нағыз италиялық комедия.

Одан кейін Гуидо еврей болғаны үшін отбасымен бірге этаппен басқа қалаға айдалады. Концлагерге қамалады. Бірақ қалың қасіреттің ортасында жүріп басты кейіпкер ұлына соның бірде-бірін сездірмейді. Этаппен айдалғандары, концлагерьдегі қатал тәртіп, күнделікті ауыр жұмыстың бәрін 2-3 жасар балаға ойын деп түсіндіреді: неміс солдаттары – қатал күзетшінің рөлін сом­даушылар. Тұтқындар тәртіпті болса, күн са­йын ұпай алады. Мың ұпай жинаған адамға кәдімгі танк сыйға тартылады. Сәби жүрек әкесінің айтқанына риясыз сенеді, күн са­йын қызықты ойын ойнап жүрмін, жеңіске жетемін деп ойлайды.

Концлагерьдегі бірнеше айға созылған азаптан кейін Кеңес әскері келіп, қаланы азат етеді. Өкініштісі, баласына қасірет сездір­мей, бәрін бір өзі көтеріп алған Гуидо от­басын қорғаймын деп оққа ұшады. Азат ету­ші әскерилердің бірі баланы танкісіне мін­­гізіп алғанда, бала ойында жеңіске жет­тім деп ойлап қуанады. Қысқаша сюжеті осы.

Фильмнің сценариі бір қарағанда ақыл­ған қонбайтын абсурдқа құрылғандай. Концлагерь туралы комедия түсіру мүмкін бе өзі? Мүмкін екен, оны осы «Өмір ғажап» дәлелдеді. Бұл фильмнің идеясы не? Жақ­сылыққа құштарлық. Өмірдің әрбір сәтінен ләззат алу, көңілсіз, күңгірт кез­дердің өзін сәулелендіруге тырысу.

Ал қазір біз жамандықты жасырып, жақсылықты асыра алып жүрміз бе? Қасқал­дақтың қанынан басқаның бәрі бар қоғамда өмір сүріп жатсақ та, жан-жақтан проблема анталап тұрғандай әсер қалдырады. Прайм-таймда теледидар қоса қалсаңыз, жаңалықтардың жартысы – қылмыс хроникасы. Ток-шоудың тоқсан пайызы әлеуметтік проблеманы талқылаудан тұрады. Әлеуметтік желіде жоқ ауруды бар деп, сау жемісті улы деп, болмағанды болғандай етіп аңқау халықты әуреге салу ермекке айналды.

Мұқағали Мақатаевтың: «Өмір дегенге тірлікте мынау жетер ме ой,

Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой...» дегені бар. Бір күндік сәуледе жан-жағымызға жақсылық жасап, ең бол­мағанда зиянымызды тигізбей жүргенге не жетсін!