Іс-шарада осы саланы ілгерілетудің маңызын атап өткен Д.Назарбаева бұл бағытта атқарылар жұмыс өте көп екеніне тоқталды. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасын нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.
«Жеңіл өнеркәсіп – Қазақстанның өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор деп айтуға болады. Себебі экономикада өңдеуші салаға айрықша басымдық берілгендіктен, бұл бағыт ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндігінің бірі», деді Сенат Төрағасы.
Осы орайда, жеңіл өнеркәсіп саласының әлеуметтік маңызын еске салып, халықтың, соның ішінде әйелдердің жұмыспен қамтылуын жоғары деңгейде қамтамасыз ететінін жеткізді.
«Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің барлық активінің 44 пайызын әйелдер басқарады. Олар шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының 31 пайызын қамтамасыз етеді. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі. Олардың белсенділігінің арқасында сала жандана бастады», деді Д.Назарбаева.
Жалпы, Кеңес өкіметі құлағанға дейін жеңіл өнеркәсіп Қазақстан үшін дәстүрлі сала саналып келген. Сол кезеңде елімізде 69 кәсіпорын мен бірлестік 14 бағыт бойынша жұмыс істеп, 2000-нан астам өнім түрі шығарылды. Мәселен, 1985 жылы 200 мыңнан астам адам осы салада тер төкті. Сол жылдары жеңіл өнеркәсіптің республикадағы үлесі 15,2 пайызды құрады. Осыны еске түсірген Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін бұл саланың кенже қалғанына қарамастан, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға барлық алғышарт бар екенін мәлімдеді.
«Жеңіл өнеркәсіп – қазіргі заманда белсенді дамып келе жатқан сала. Тек киім мен аяқ киім нарығының әлемдік көлемі 1,7 триллион АҚШ долларын құрайды, бұл Канаданың ішкі жалпы өнімінің көлемімен бірдей. Жыл сайын бұл тауарларды қайта шығару көлемі 210 миллиард долларды құрайды. 2019 жылы әлемдік тігін өнеркәсібі нарығының көлемі 961,5 миллиард АҚШ доллары деп бағаланды. Әлемде жылына 150 миллиард киім өндіріледі, яғни бір адамға 20 киімнен келеді», деді Д.Назарбаева.
Парламенттік тыңдау барысында Сенат Төрағасы жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы бірқатар кедергіні атап өтті. Біріншіден, өндірістің қымбаттығы. Еліміздің кәсіпорындары заманауи жабдықтар мен арзан жұмыс күшін қолданып отырған азиялық өндірушілермен бәсекелесуге мәжбүр. Сондықтан олармен салыстырғанда өнім қажетті мөлшерден әлдеқайда аз.
«Екіншіден, қажетті жабдықтар жоқтың қасы. Кеңестік дәуірден қалған жабдықтардан басқасының бәрі импорттық, көпшілігінің тозығы жеткен. Отандық кәсіпорындардағы жабдықтарды жаңарту коэффициенті жылына 3-4 пайызды құрайды. Жабдықтарды жаңалау кредитке немесе кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, шетелдік фирмаларда бұл көрсеткіш 15-17 пайызды құрайды және көбінесе мемлекет тарапынан инвестициялық қолдауға байланысты», деді Д.Назарбаева.
Сонымен қатар шикізат тапшылығы да үлкен кедергі келтіріп отыр. Елімізде синтетикалық материалдар өндірілмейді, соған байланысты шикізаттың тапшылығы айқын сезіледі. Қазақстандық өнімдегі шикізаттың өзіндік құны 60 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі төмен.
«Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары айналымға қаражат жетпегендіктен және өндірісті жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестиция деңгейінің төмендігінен зардап шегіп отыр. Кәсіпорындар көбінесе банктерден кредит ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды, келешектегі келісімшарттарды кепіл мүлкі ретінде қарастырмайды. Кредит алғаннан кейін кәсіпорындар ғимаратты салып бітірмей, жабдықтарды алып келмей тұрып төлем төлеуді бастауға мәжбүр», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласының келешегіне күмәнмен қарайтындар көп. Өйткені былтыр осы саланың өнеркәсіптік өндірістегі үлесі небәрі 0,4 пайызды құрады. Кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорт та елеулі кедергіге айналып отыр. Салық пен баж төлемдерінің жоқтығына байланысты, сапасының төмендігі есебінен олардың құны арзанға шығады.
«Қазақстанда қазіргі уақытта 1071-ден 40 ірі және орта жеңіл өнеркәсіп саласы ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, жеңіл өнеркәсіптің типтік кәсіпорны – тігін немесе аяқ киім фабрикасы емес, ателье және артель. Кейбір салаларда жалғыз ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар. Бұл ретте барлық кәсіпорынның орташа қуаттылығы 26 пайыздан сәл асады. Саладағы қызметкерлер тізімі 12 700 адам, ал шынайы түрде – 9 300 адам. Бұл көрсеткіш кеңес уақытында 200 000 болған», деді Д.Назарбаева.
Сенат Спикері келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттайды. Қазіргі кезде елімізде жеңіл өнеркәсіпке көбіне ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр. Солардың есебінен кәсіпорындар жұмысын жалғастырады. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл кәсіпорындарға технологиялық тұрғыдан дамуға, ассортиментті кеңейтуге мүмкіндік берілмейді.
«Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады. Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде, бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытады», деді Д.Назарбаева.
Сенат Спикері жеңіл өнеркәсіп көп еңбекті қажет ететін сала болғандықтан, оның дамуын осы секторда ғана емес, онымен байланысты басқа салаларда жұмыспен қамтуды арттырудың мүмкіндігі ретінде қарау қажет деп есептейді. Бұл бағытта әйелдер мен жастарды тартуға шақырды.
«Қазақстанда отандық шикізат базасын аграрлық кешенге, әсіресе мал шаруашылығына сүйене отырып, ілгері дамыту үшін жағдай бар. Тек жайылымдардың көлемі бойынша біз әлемде 5-орындамыз. Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының көпшілігі үлкен тапсырыстарды орындауға дайын емес, тауарлардың көп түрлерін шығара алмайды, маусым сайын өнім түрлерінің қатарын жылына бірнеше рет өзгертуге қауқарсыз. Кәсіпорындар үлкен көлемде шикізат сатып ала алмайды. Себебі оларда үлкен тапсырыс жоқ. Осыдан жоғары баға пайда болады, өйткені тапсырыстар көлемі шағын, ал жеңілдіктер төмен. Осы тұйықталған шеңберді жарып шығу керек», деді Д.Назарбаева.
Жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдеріне лайықты жарнама жасау керектігіне тоқталған Сенат Төрағасы отандық өнер эстрада және спорт жұлдыздарын қазақстандық тауарды насихаттауға жұмылдыруды ұсынды.
«Егер Димаш Құдайберген тек отандық фабриканың аяқ киімімен сахнаға шықса, өте жақсы ғой. Сонымен қатар отандық өндірушілердің киімдерін кисе, оңтайлы нәтиже беретіні анық. Бұған қоса, бізде осы саладағы спорттық өнімді жарнамалауға лайық спортшылар да аз емес. Осы шараларға уақыт пен қаржы бөлу керек. Бұл тұрғыда өнер және спорт жұлдыздары өздерінің үлесін қосуға дайын деп ойлаймын», деді Палата Спикері.
Бұдан бөлек, Д.Назарбаева шикізаттың тапшылығын реттеу үшін жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту бойынша тиісті шаралар қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін сөз алған Сенат депутаты Манап Көбенов отандық жеңіл өнеркәсіп саласына контрафактілік өнімнің келтіріп отырған шығыны туралы сөз қозғады.
«Жеңіл өнеркәсіп бүгінде экономикалық қауіпсіздікті, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, сондай-ақ шағын бизнестің дамуына қолдау жасайды. Сондықтан қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіпте макроэкономикалық проблема байқалуда», деді М.Көбенов.
Сенатордың сөзіне қарағанда, импорттың, контрабанда мен контрафактілік өнімнің шамадан тыс көп болуы еліміздегі аталған сала үшін қиындық тудырып отыр. Контрафакт пен контрабанда шын мәнінде мемлекеттік қолдау шараларын құнсыздандырып келеді.
Бұдан бөлек, парламенттік тыңдау барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасындағы рөлі мен қазіргі жағдайы туралы баяндады.
«Елдің ішкі жалпы өнімінің құрылымында жеңіл өнеркәсіптің үлесі – 0,1%, өңдеу өнеркәсібі көлемінде 1 пайызды құрайды. Салада 1071 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 96 пайызы – шағын кәсіпорындар, олардың нақты саны 9,5 мың адамды құрайды. 2019 жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдері 197 млн АҚШ доллары сомасына экспортталды, ал 1,7 млрд АҚШ доллары сомасына импортталды», деді А.Ержанов.
Бұдан кейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасап, жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, осы салаға көрсетілген мемлекеттік көмек жеңіл өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай жасап отыр.
Сондай-ақ «Qaz Textile Industry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі» ұйымы директорлар кеңесінің мүшесі Сәуле Шәуенова, «Қазақстан тері және тері өңдеушілер қауымдастығы» ұйымының төрағасы Бейбіт Рахымғалиев, «Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының» президенті Любовь Худова, Орталық Азия университеті экономика факультетінің профессоры Бернард Мусик сөз сөйлеп, жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды.
Жиын соңында парламенттік тыңдауға қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын тиісті мекеме өкілдеріне қойып, лайықты жауап алды.